×

«Үкім толық дайын болмаса, неге оқиды?»: Біртановтың адвокаты соттың әрекетіне шағымданды

Елжан Біртанов пен оның адвокаттары бір аптадан бері сот үкімімен таныспаған

 Айгерім Таубай 04.11.2022 | 15:30
Halyq Uni

Бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановқа сот үкімі 28 қазанда шықты. Экс-министр бір аптадан бері үкімімен таныспаған.

Бұл туралы Елжан Біртановтың бауыры Ержан Біртанов әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

Үкімнің шыққанына бір апта болды, бірақ ол бізге берілмеді. Үкімнің жоқ екені анық, - деп жазды Ержан Біртанов.

Сондай-ақ экс-министрдің адвокаты Нұрлан Бейсекеев судьяның Қылмыстық-процестік кодекстің бабын бұзған болуы мүмкін екенін айтты.

Адвокат Қылмыстық-процестік кодекстің 395-бабын («үкімді жасау») мысал ретінде жазды. Бұл бапта алдымен соттың үкім шығару кезінде шешетін мәселелері шешілгеннен кейін сот үкiмдi жасауға көшетіні көрсетілген. Сондай-ақ үкім жария етілгеннен кейін өзгерістер енгізуге болмайтыны айтылған.

Осы заңның 402-бабында іске төрағалық етуші үкімнің толық мәтініне қол қойғаннан кейін сот отырысы залына оралып, үкімді түрегеліп тұрып жариялайтыны айтылған.

Қылмыстық-процестік кодекстің 404-бабында («үкімнің көшірмесін табыс ету») үкiм жарияланғаннан кейiн 5 тәулiктен кешiктiрмей, ал көлемі үлкен болған кезде 15 тәуліктен кешіктірмей оның көшiрмесi сотталған адамға немесе ақталған адамға, қорғаушы мен айыптаушыға табыс етілуге тиiс екені көрсетілген.

Егер Қылмыстық-процестік кодекстің 402-бабына сәйкес судья үкімді толық дайын болғаннан кейін жария ететін болса, осы заңның 404-бабы не үшін қажет? Үкім толық дайын болғаннан кейін жариялануы қажет болса, үкімді беру уақытын созуға қандай қажеттілік бар?, - деп жазды адвокат Бейсекеев.

Сонымен қатар бұл бап 418-баптың 1-бөлігінде көрсетілген («Апелляциялық шағым беру, прокурордың өтінішхатын келтіру мерзiмін қалпына келтiру тәртiбi») талапқа сәйкес келмейді.

Бұл бап бойынша үкім, қаулы жария етілген күннен бастап 15 тәулiк iшiнде апелляциялық шағымдар беріледі, прокурордың өтінішхаттары келтіріледі, ал күзетпен ұсталатын сотталған адам оларды өзіне үкімнің, қаулының көшiрмесi табыс етілген күннен бастап дәл сондай мерзiмде бере алады.

Елжан Біртанов пен Олжас Әбішевке үкім шығарған судьяның хатшысы бүгін (31 қазан) үкім осы аптаның аяғына дейін дайындалатынын хабарлады. Егер ол толық дайын болмаса, «қысқа» үкімді (кіріспен және қарар бөлігін») жариялауға неге асықты?, - деді адвокат.

Ол сондай-ақ судьяның Қылмыстық-процестік кодекстің 395-бабының 6-бөлігінде («Үкiмге ол жария етілгеннен кейiн өзгерiстер енгiзуге жол берiлмейді») көрсетілген талапты бұзған-бұзбағанын қалай тексеруге болатынын сұрады.

Айта кетейік, 2022 жылдың 28 қазанында сот шешімімен Елжан Біртанов 5 жылға, Олжас Әбішев 4 жылға бас бостандығынан шектеу жазасына кесілді. 

«Сот Елжан Біртановты қылмыстық кодекстің 361-бабы 3-бөлігі бойынша санитарлық авиация ұшағын қолданғаны үшін кінәсіз деп таныды. Елжан Біртанов пен Олжас Әбішевті қылмыстық кодекстің 361-бабы 4-бөлігі 3-тармағы бойынша кінәлі деп танып, Біртановты 5 жылға бас бостандығын шектеуге, Олжас Әбішевке 4 жылға бас бостандығын шектеу туралы үкім шығарды», - делінген сот үкімінде.

Оларға пробациялық бақылау қойылады. Сондай-ақ екеуі де өмір бойына мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылды. Сондай-ақ Олжас Әбішев жазаның негізгі бөлігін өтегенше жыл сайын 100 сағат мәжбүрлі еңбекке жұмысқа тартылады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама