Halyq Uni логотип
×

«Бюджет қаржысын шашу». Сарапшы 1-сынып оқушыларына планшет беру туралы айтты

Қайсар Тұрсынқожа алдымен фокус-топ құрып сынап көруді ұсынады

 Айнұр Шошаева 02.11.2022 | 15:31
«Бюджет қаржысын шашу». Сарапшы 1-сынып оқушыларына планшет беру туралы айтты
Коллаж: Halyq Uni

Қазақстан үкіметі келесі жылдан бастап бірінші сынып оқушыларына оқулықтың орнына планшет беруді жоспарлап отыр. Алайда бұл бастаманы жаппай енгізу үшін ғылыми зерттеу жүргізілмеген, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі. 

Еске сала кетейік, бір ай бүрын үкімет басшысы Әлихан Смайловтың оқу процессін цифрландыруды тездету туралы тапсырма берген болатын.

«Оқулықтарды цифрлық форматқа көшіруді жеделдету және балаларды ауыр сөмкелерден арылту қажет. Сондай-ақ әкімдіктермен бірлесіп, оқушыларды планшеттермен қамтамасыз ету мәселесін шешуді қолға алу керек. Атап айтқанда, «Қазақстан халқына» қорымен бірлесіп, оларды ауылдық мектептердің балалары үшін сатып алу мүмкіндігін пысықтау керек», – деген еді Үкімет басшысы.

1 қарашада өткен үкімет отырысында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин оқушылардың ауыр рюкзак ұстамауы үшін оларға планшет беруді ұсынды. 

«Әріптесім Асхат Аймағамбетов ұсынғандай, ауыр рюкзактар мен мектептердегі цифрландыру деңгейін арттыру мәселелері планшет қолдану арқылы кешенді шешімін табуы мүмкін. Планшеттер цифрлық оқулық ретінде немесе үйден онлайн білім алу құралы ретінде қолдануға оң әсерін тигізеді», – деді ол. 

Сондай-ақ министр Мусин Ұлыбритания, Норвегия, Оңтүстік Корея және Түркия сынды бірқатар дамыған елдерде мұндай әдіс барын атап өтті. Оның пікірінше, планшеттерді пайдалану оқушылар үшін шығармашылық пәндер бойынша өз контентін жасауға мүмкіндік береді. 

«Аталған елдерде осы шешім негізінде өңірлер арасындағы «Цифрлық» теңсіздікті төмендетуге, оқушылардың рюкзактарын жеңілдетуге мақсат қойылды», – деп толықтырды Бағдат Мусин.
Сонымен бірге, министр оқушыларға планшетті келесі жылы беруді қоса ұсынды.

Біздің ұсыныс – 400 мыңнан аса 1-сынып оқушыларын 2023 жылы сервистік модель арқылы планшеттермен қамтамасыз ету, – деді ол. 

Сала басшысы өзі ұсынған механизнің бірқатар артықшылықтарына тоқталды. Атап айтқанда, сервистік модельді пайдалану тікелей сатып алуға қарағанда, бастауыш сыныптарда 4 жылға арналған келісімшарт сомасын бөлу есебінен бюджетке жүктеме азаяды. Бұл механизм халық пен бизнес арасында телефондар мен планшеттерді сатып алу кезінде белсенді тапсырысқа ие. Сондай-ақ планшеттерді жалға беру қызметінен басқа, оқушылар үшін арнайы тарифпен мобильді интернет, планшеттердің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету үшін сервистік қызмет сатып алынады. Бұған қоса,  рұқсат етілген онлайн ресурстар тізімі, яғни «ақ интернет» қашықтан жаңартылып отырады деп сендірді. Ең бастысы, шетелдік өндірістерге тәуелділікті азайту үшін бұл механизм тек отандық өндірушілер үшін ғана қолжетімді болады, яғни Қазақстанда құрастырылады деп сендірді Мусин. 

«ОҚУШЫЛАР ДЕНСАУЛЫҒЫН ЭКСПЕРИМЕНТКЕ САЛЫП ОТЫРМЫЗ»

Білім сарапшысы Қайсар Тұрсынқожа мектеп табалдырығын жаңа аттаған оқушыға планшет беруді құптамайды. 

«Менің ойымша бұл мүлде қате. Жай бюджеттің ақшасын жымқыру, мақсатсыз құрту және министрліктердің арасында бөліп алу деп ойлаймын. Себебі дені дұрыс мемлекеттерде алдымен фокус-топ құрылуы керек. 2023 жылы бірінші сыныпқа баратын 400 мың оқушыға аламыз деп жатыр. Алдымен бір ауыл мен қалада зерттеп көру керек. Ғылыми еңбек пен оның нәтижесі болуы тиіс. Фокус-топты бір жыл бақылап, балалардың денсаулығына әсерін, оның ішінде кітаппен оқыған бала мен планшетпен оқыған баланың үлгерімін салыстыруы қажет», – деді сарапшы. 

Оның пікірінше, кез келген мемлекет мұндай жаңашылдықты енгізбес бұрын зерттеу жүргізеді. 

Бізде барлық нәрсе антиғылыми және оны Оқу-ағарту мен Цифрландыру министрліктерінің ұсынуы өте ұят нәрсе. Басқа мемлекеттерде қалай болады? Алдымен зерттеу жүргізіледі және ол тек бір ғана жыл емес, бірнеше жылға жалғасуы мүмкін. Нәтижесін көріп, тиімді әрі тиімсіз жақтары анықталады. Одан кейін ғана жақсы нәтиже көрсетіп жатса, оны масштабтауға болады. Бізде еш негізсіз, салаға келген әрбір реформатор жасайды да, содан кейін барып нәтижесі жаман болды деп мойындайды. Мәселе бірінші сыныптың оқушылары туралы болып отыр. Біреудің эксперименті үшін олардың денсаулығы мен болашағымен ойнағалы отырмыз, – деп толықтырды.

Сондай-ақ сарапшы жоғары сыныптың оқушыларына планшетті ішінара пайдалануға рұқсат беруге болады деген пікірде. Ал цифрлық иммунитеті қалыптаспаған балаға планшет беруді дұрыс деп есептемейді. 

«Мәселе қандай планшет беретініне де байланысты. Мысалы, iPad - қымбат әрі басқаларына қарағанда салыстырмалы түрде зияны азырақ болып саналады. Сондай-ақ оның мүмкіндігі де көп. Онымен  нешетүрлі пайдалы нәрсе істеуге болады, мұны ешкім жоққа шығармайды. Бірақ бала оны көп мөлшерде пайдалануға болмайды. Мәселен,  Apple корпорацияның басшысы Стив Джобс өз балаларына ол девайстарды пайдалануын шектеген еді. Билл Гейтс те сөйтеді. Егер сондай ақылды адамдар өз балаларын шектеп отырса, бізде бірінші сыныптан бастап әлі ешқандай цифрлық иммунитеті қалыптаспаған, әріп танымайтын балаға планшет берейін деп отыр», – деп қосты Қайсар Тұрсынқожа. 

Оқушыларды ауыр сөмкеден арылтудың баламалы жолдары бар. Мәселен, қажетсіз пәндерді оқу бағдарламасынан алып тастауға болады. Сондай-ақ жекеменшік мектептердің тәжірибесін негізге алып, оқушылар кітапты үйге тасымауы үшін жеке шкаф беру керек деп есептейді.

Оқушы жеке заттары мен оқулықтарын сонда қалдырады. Үй жұмысын істеу керек болса, электронды нұсқасы бар, смартфоннан кіріп қарай алады. Болмаса өзіне қажет бетті ғана көшіріп алып, дәптеріне жазады. Меніңше, бұл бастаманың артында тек бюджеттің ақшасын шашу жатыр. Одан да сол қаржыны баланың денсаулығы, оқуына пайдалы әрі тиімді нәрсеге жұмсау керек, – деді спикер. 

Бұған қоса, сарапшы мектеп мұғалімдері планшетті пайдалануына қатысты пікір білдірді. 

«Бұл мәселені оқушыларға тіреп қойды, ал оларды оқытатын мұғалімдер дайын ба? Айталық, мұғалімдерге планшетті берді. Ол планшеттен суреті мен презентациясын көрсетті делік, ал басқа мүмкіндіктері мен қосымша білім беру бағдарламаларын біле ме, жоқ па? Осыны зерттеп алмай, атүсті шешім қабылдап жатыр. Меніңше бұл 2023 жылы бюджетке енгізе салатын мәселе емес.  Ең кемі дегенде зерттеуге бір жыл керек. Ал цифрлық даму тұрғысынан бізден даму тұрғысынан бізден әлдеқайда көш ілгері тұрған Сингапур сияқты елдердің тәжірибесін қарау керек. 21 ғасырда сауаттылық ол цифрлық сауаттылықпен өлшенеді. Бағдарламаландыру бағытында код жазып, мультфильм жасап, планшетпен жұмыс істей білуі керек. Оны ешкім жоққа шығармайды. Бірақ енгізбес бұрын зерттеп, әлемдік тәжірие қаралуы тиіс. Бізде мұның бірі жоқ», – деп қорытындылады Қайсар Тұрсынқожа. 

Сонымен қатар спикер ата-аналардың да пікірімен санасу керектігін айтады. 

Осындай маңызды шешім қабылдағанда ата-аналардың пікіріне назарға алынбайды. Мысалы, қазір менің 3,5 жастағы балам бар. Ата-ана ретінде мен ол бірінші сыныпқа барғанда планшетпен оқытуды құптамаймын. Мәселен, балаға планшетті күніне 45 минуттан аспайтын уақыт қана көруге рұқсат берем. Баланың планшет ұстауын шектейтін ата-аналар бар шығар. Бізде халықтың пікірін сұрау деген жоқ, – дейді сарапшы.

Айта кетейік, бүгінгі күні Қазақстанда 60 мың оқушының көзі анық көрмейді деген дерек бар. Екі жыл бұрын елде көзі нашар көретін 22,5 мың оқушы болған. Дәрігерлер статистиканың өзгеруін пандемия кезіндегі қашықтан оқудың салдарымен байланыстырады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама