Мәжіліс депутаты Кәрім Мәсімовке «алаңдаған» БҰҰ мәлімдемесіне жауап берді
Қаңтар оқиғасынан кейін Кәрім Мәсімовке мемлекетке опасыздық жасады деген айып тағылған еді
Жуырда БҰҰ адам құқығы кеңесінің жұмыс тобы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің экс-төрағасы, қамаудағы Кәрім Мәсімовті ұстау кезінде халықаралық нормалар бұзылғанын мәлімдеді.
Кәрім Мәсімовтің тағдырына «алаңдаған» БҰҰ-ға Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров жауап берді.
«Қандай да бір мемлекеттің ішкі ісіне араласу, мемлекеттің құқық қорғау орындарына «нұсқау» берудің өзі халықаралық практикада нонсенс. Бұл факт Қазақстан жұртшылығының көзінде БҰҰ беделін көтермейтіндігі факт.
Ал енді бұл «нұсқаудың» қайдан және қалай пайда болғандығына келетін болсақ, бүркеніп алған реваншистік күштердің тіміскі әрекеті екендігі анық.
Реваншистік күштер қоғамның бір екендігін, еліміздің ішіндегі саяси реформалардың іс-жүзіне асып келе жатқандығын, халықтың эволюциялық саяси өзгерістерге дайын екендігіне көзі жетіп, сол реформаларды шалып жіберудің амалын ішкі-сыртқы бағыттарда қарастыруда.
Ол күштердің, осындай қадамдар үшін қыруар қаржы бөлуге де әлеуеті жетеді», - деп жазды депутат.
Депутаттың пікірінше, бұл ақпараттық толқынның негізгі мақсаты - реформаларды дискредитация жасап, еліміздің ішінде халық арасында моральдық-психологиялық толқу туғызу.
«Құқық қорғау органдарының ішінде сызат түсіру. Яғни мемлекеттік институттарды девальвация жасау. Реваншистік күштер бұл әрекетімен де тоқтап қалмасы анық. Президент сайлауы кезінде мемлекет институттарына, президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа басқа да ақпараттық шабуыл жасау қаупі жоғары. Сақ болу қажет, халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу маңызды.
Ал реваншистік, ревизионистік күштер бас көтеретін болса, еліміздің ішкі жағдайы тағы да толқып кететіні анық.
Сондықтан, Конституцияны, Президент институтын үзілді-кесілді қорғайтынымызды нақты мәлімдеп, заң аясында нақты бейбіт қадамдарға дайын болған жөн. Менің ойымша, реформаларға қауіп төніп тұр!», - деп түйіндеді сөзін Ерлан Саиров.
25 тамызда ҰҚК Кәрім Мәсімов пен оның орынбасарларына қатысты қылмыстық істі тергеуді аяқтағанын хабарлады.
Қаңтар оқиғасынан кейін Кәрім Мәсімовке мемлекетке опасыздық жасады деген айып тағылған еді. Ал 6 қаңтарда ол Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасы қызметінен босатылды.