Бір маманға мың жарым бала тіркелген: Талдықорғанда тілі уақытынан кеш шығатын бүлдіршін көбейді
Мамандар үш жасқа толған баланың сөздік қорында екі мыңға жуық сөз болуы керек екенін айтты
Жетісу облысында тілі уақытынан кеш шыққан бала көбейген. Мұны облыстың денсаулық сақтау басқармасы мәлімдеді, деп хабарлайды Halyq Uni.
Басқарманың хабарлауынша, Талдықорғандағы қалалық емхананың бір бөліміндегі логопедке 1 500-дей бала тіркеулі. Қазір 25 бала арнайы емдеу курсынан өтіп жатыр. Олар үшін логопедия бөлімінде бірнеше дәрігер жұмыс істейді. Аптасына 2 күн курс өткізеді. Нәтиже бір ай мен бір жыл аралығында байқалады.
«Арнайы түзету сабақтарын өткіземіз. Баланың ұсақ моторикасын дамыту үшін кабинеттерде барлық жағдай жасалған. 2013 жылдан бастап осындай тіл мүкістігі бар, тілі кеш шыққан бүлдіршіндер үшін балабақша, мектептерге логопед, дефектолог мамандары берілді. Бірақ одан тілі кеш шығатын балалар азаяр емес. Көбіне ата-аналар жекеменшік орталықтарға апарады. Сондықтан, ауруханаға тіркелмей жатқаны қаншама», - дейді Талдықорған қалалық емханасының логопеді Бақтыгүл Бейсенханова.
Ал логопед-дефектолог Гүлжан Лухманкәкімқызының айтуынша, екі жастағы бала сөйлем құрай алуы керек. Егер сөйлеуінде ерекшелік болса, ата-ана маманға жүгінгені жөн.
Бала тілінің кеш шығуына экология мен дамыған технология тікелей әсер етеді. Алайда кей ата-ана бала бойындағы мұндай ерекшелікті байқаса да, біраз уақытқа дейін елемейді. Ал бұл бала тілінің кемістігін дер кезінде емдеуде кедергі болады. Логопед-дефектологтың айтуынша, қазір әрбір бесінші балаға маманның көмегі қажет.
Сондай-ақ маман бала тілінің кеш шығуына не әсер ететінін айтты.
«Әйел жүкті кезінде көңіл күйін түсірмей, күйзеліске түспеуі маңызды. Кей жағдайда баланың ауыз қуысы бұлшықеті дамымайды. Бала іште жатқанда кіндік байланса да, сәби дүниеге келгенде түрлі ауруға шалдығады. 2 жастағы баланың тілі жатық болуы керек. Ата-ана дұрыс сөйлемейтінін байқаса, дабыл қағуы қажет», - дейді логопед-дефектолог.
Баланың смартфонды жиі қолданғаны да денсаулығына әсер етеді. Бала тек технологияның тілін ұғып, теледидар алдында көп отырады.
Маманның сөзінше, ата-ана баламен тек бір тілде сөйлесуі қажет. Сондай-ақ екі жастағы бала сөйлем құрап, үш жасқа жеткенде сөздік қорында мың жарым сөз болуы керек. 5 жаста 3 мың сөз білсе, 6 жасында 4 мың сөзді білуі қалыпты саналады. Ал баланың сөздік қоры белгіленген нормадан аз болса, оны емдеудің бірнеше жолы бар.
«Есте сақтау қабілетін дамытып, бет бұлшықетіне арналған түрлі массаж жасалады. Ол 20 минутқа созылады. Кей бала емдеу курсынан кейін әріптерді нақты айта бастайды», - дейді маман.
Әмина Құдайберген, Жетісу облысы