Үкімет басшысы бастаманы қолдады
Астанада премьер-министр Әлихан Смайылов елімізге жұмыс сапарымен келген Германияның Сыртқы істер министрі Анналена Бербокпен кездесті.
Кездесуде Үкімет басшысы еліміздің Германиямен сауда және саяси-экономикалық қарым-қатынасты нығайта беретінін, екі ел арасындағы өзара іс-қимылдың қазіргі деңгейін сақтап, әрі қарай нығайтуға ниетті екенін атап өтті.
Былтыр Қазақстан экономикасына Германияның тікелей инвестицияларының көлемі 25%-ға артып, 320 млн доллардан асты. Екі ел арасындағы тауар айналымы да өткен жылы 6%-дан астамға өсіп, 2,2 млрд доллар болды. Биыл да бұл көрсеткіш өсіп келеді.
Инвестициялық ынтымақтастықты арттыру және өзара сауда көлемін ұлғайту бойынша айтарлықтай әлеуетіміз бар, - деді Әлихан Смайылов кездесуде.
Екі ел арасындағы ынтымақтастықтың нәтижесі ретінде жалпы қуаты 45 ГВт жел және күн электр станциялары мен «жасыл» сутегі өндіретін энергетикалық кешен салу бойынша жоспарланған жобаларды айтуға болады. Осы ретте, ГФР-ның сыртқы істер министрі Қазақстанда Германияның Сутегі дипломатиясы кеңсесін ашуды ұсынатынын айтты. Премьер-министр ГФР тарабының Германия халықаралық ынтымақтастық қоғамының қамқорлығымен Сутегі дипломатиясы кеңсесін ашу бастамасының маңыздылығын атап өтті.
Өз кезегінде Анналена Бербок Қазақстанның соңғы жылдары экономикалық және қоғамдық-саяси салалардағы елеулі прогресін атап өтті. Ол «Svevind» неміс-швед концернінің «HYRASIA ONE» еншілес компаниясы мен Қазақстан Үкіметі арасында инвестициялық келісімге қол қойылғанын, оның аясында Еуропа мен Азияның энергетикалық және шикізат қорларының өнеркәсіптік ауқымды қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Қазақстанда таза әрі экологиялық тиімді «жасыл» сутегі шығаратын әлемдегі ең ірі кәсіпорындардың бірін салу жоспарланып жатқанын мәлімдеді.