Ол жаппай бүлік кезінде не болғанын баяндады
Алматы қаласы ПД Түрксіб аудандық ПБ патрульдік полиция полкінің инспекторы қаңтар оқиғасы кезіндегі бұзақылардың әрекетін сипаттап берді. Руфан Рагимовтың сөзінше, топ адам тәртіп сақшыларын соққының астына алған. Өздерінің көптігін пайдаланып, тас, арматура лақтырып, күш көрсеткен.
Полицейлердің бір тобы Сейфуллин көшесімен ереуілдеушілерге оңтүстік жаққа бет алды. Ал екінші топ Тимирязев көшесімен шығысқа аттанды. Сол сәтте екі жақ бір-бірімен кездесіп қалды. Бүлікшілердің қолында тас, арматура, темірлер болды. Олар тас лақтырғанда басымыздағы каскаға дейін ұшты, – деп еске алды ол.
Қатты соққыдан полиция қызметкерлерінің арасында талып қалғандар да болған.
«Шамамен 500-800-дей адам болды. Олар өте көп еді. Біз оларды дүрбелең болмасын деп, таратып жіберуге тырыстық. Адамдар бізге күш көрсетіп, шабуыл жасайды деп ойламадық. Ешкім сөзге тоқтамады», – деді Руфан Рагимов.
2 қаңтарда Жаңаөзенде басталған наразылық акциясы басқа қалаларда да жалғасты. 4 қаңтарда Алматы қаласында басталған митингтің ертеңі дүрбелеңге, қанды оқиғаға ұласты. Осы жағдайға байланысты барлық аймақта төтенше жағдай режимі енгізіліп, Президент Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымына мүше мемлекет басшыларынан террорлық сын-қатерді еңсеруде көмек сұрады. Тоқаев «Алматыға 20 мың террорист шабуылдады» деген пікір айтты. Жаппай тәртіпсіздік салдарынан бейбіт тұрғындар, күш құрылымдары қызметкерлері қаза тауып, жарақаттанды. Ғимараттар, көліктер қиратылып, бизнес зардап шекті. Қазір бірқатар шенеунік ұсталып, билікте ауыс-түйіс жүріп жатыр.