Үкіметтің утилалымға қатысты шешімі сарапшылар тарапынан қолдау таппады

Айнұр Шошаева

Санжар Боқаев пен Нұраддин Садықов Үкіметтің шешімімен келіспейді

Роман Скляр, фото: ашық дереккөзден

Кеше қазақстандықтар бір жарым ай бойы күткен утилизациялық алымның мөлшері белгілі болды. 23 ақпанда бірінші вице-премьер Роман Скляр Қазақстанда жеңіл көлік пен ауыл шаруашылық техникасына утиль алымы 50%-ға төмендейтінін мәлімдеді.

«Автоөнеркәсіпті ынталандыру деңгейі автомобиль көлігі мен өндірілетін ауыл шаруашылығы техникасының барлық түріне мөлшерлемені 50 пайызға төмендетуге мүмкіндік береді, - деді Роман Скляр.

Сонымен қатар вице-премьер автосалондардағы автомобиль жетіспеушілігі әлемдегі микросхемалардың жетіспеушілігімен байланыстырды. Бұған қоса ол «Қазақстанда шетелден әкелінген көлікке дөңгелек сала салады» деген қауесетті жоққа шығарды.

«Утилалым деген не? Бұл ең алдымен, экологиялық проблеманы шешетін экологиялық салық. Тағы бір маңыздысы, ол меншікті өндірістерді дамыту үшін ынталандыру шарасы. Еліміз осы жағынан көшбасшы емес. Қандай да бір шектеу отандық тауар өндірушілерді қорғау үшін жасалады. Әңгіме автоөнеркәсіп туралы болып тұр. Тарап жатқан қауесеттің бірі - «бізде автоөнеркәсіп жоқ, біз көлікке дөңгелек сала саламыз» деген әңгіме. Зауыттарға барып өз көзімен көрген қоғам белсенділері, блогерлер бар. Олар сұрақтарына жауап алды деп ойлаймын» - деп қосты Роман Скляр.

Утилалым төлемдерін есептеу үшін Қазақстанда базалық алым мөлшерлемесі - 50 АЕК пайдаланылады. Ол автомобиль түрі әрі санатына, сондай-ақ қозғалтқыш көлеміне байланысты коэффициентке көбейтіледі.

Утилалымды төмендетумен қатар, «Жасыл Даму» қорына жинақталған қаражаттың 100 млрд теңгесі отандық автокөліктерді сатып алу үшін жеңілдікті автонесиелеуге берілетіні белгілі болды. Бастапқы жарна нөлдік есеппен, 4% жылдық сыйақы мөлшерлемесімен 7 жылға беріледі. Осылайша, Үкімет 71 мың азамат жаңа көлік сатып ала алады деп жоспарлаған.

Айта кетейік, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі қазір жеңілдетілген автонесие бағдарламасын әзірлеп жатыр. Алғашында бастапқы 20 пайыз жарнаны тек әлеуметтік осал топтардың төлемеуін қарастырған. Алайда жеңіл несиеден дәмелі халықтың көбін ескеріп, барлық азаматқа бастапқы 20 пайызды бірден төлемеу мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Ведомство несиелеу бағдарламасын екі аптада әзірлеп, халыққа ұсынуды көздеп отыр. Әзірге белгілісі - несиеге алатын көліктің құны 10 млн теңгеден аспауға тиіс. Асып кеткен жағдайда 10 млн қымбат болса айырмашығылын сатып алушы өз қалтасынан төлейді.

ОТАНДЫҚ АВТОӨНДІРУШЕЛІРЕ СУБСИДИЯ АЛДЫ МА?

Қазақстан қоғамында автоөндірушілерды мемлекеттен субсидиялау туралы пікір бар. Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Марат Қарабаевтың айтуынша, отандық автоөндірушілер субсидия алған емес.

«Кейбір қоғам белсенділері РОП арқылы отандық көлік субсидия алды деп жүр. Бос сөз. Отандық автокөлік ешқандай да мемлекеттік қолдау немесе субсидия алған емес. Тікелей де субсидия алған жоқ. Мәселе басқада, мысалы импорттық техника елімізге жеткізілгенде утилалым төленеді. Нарыққа шығарылғанда құнына утилалым кіреді. Ал отандық техниканың утилалым төлемеу алгоритмі қандай? Бекітілген қағида бар. Яғни алдымен кәдеге жарату алымын төлейді, одан кейін ақшасын қайтарып алған соң техникасын нарыққа шығарады. Сол ақшасын төлеп, одан кейін қайтарып алғанын кейбір белсенділер автоөндірушілерге жасалған субсидия немесе мемлекеттік қолдау деп жүр. Ондай қолдау жоқ. Ол мемлекеттік қолдау да, субсидия да емес», - деді вице-министр.

Сондай-ақ ол ауыл шаруашылығы техникасы бағасының қымбаттауына утилалымның қатысы жоқ екенін айтты.

«Ауыл шаруашылығы өндірісінде жүрген тұлғалар «утилизация алымы негізінде ауыл шаруашылығы техникасы қымбаттап бара жатыр» деп бірнеше рет мәселе көтерді. Бұл шындыққа жатпайтын ақпарат. Былтыр Қазақстанда қанша трактор, комбайн сатылса, соның 89 пайызы отандық өндіріске тиесілі. Яғни, ауыл шаруашылығына қажетті трактор мен комбайн сатып алған кәсіпкерлердің 89 пайызы кәдеге жарату алымын төлемеді. Бұл ресми дерек, ресми статистика», - деді Қарабаев.

Бұған қоса, министрдің орынбасары Қазақстанда утилизация алымы тек импорттық көліктерден алынып отырғанын айтты.

«Отандық көлік бағасында ешқашан утилизация алымы болмаған. Мысалы, жеңіл автокөлік болса, халықтың сұрап отырғаны, ең жоғары сұранысқа ие ол қай модельдер: KIA, Hyundai. Бізде Киа, Хюндай, Джак, Шевроле сияқты көліктер толығымен өндіріледі. Халық бұл автокөліктерге ешқашан утилалым төлемеген. Статистикаға жүгінсек, былтыр нарықта сатылған көліктердің 65% – отандық автокөліктер. Бұл 65% жаңа көлік сатып алған халық утилалым төлемеді. Қалған 35% – импорттық автокөлік сатып алғандар. Басым бөлігі – премиум санаттағы көліктер. Бірақ одан түскен қаражат ертең елдің игілігі үшін халыққа жеңілдетілген автокөлік несиесі үшін жаратылып отыр», – деп қосты ол.

«ҮКІМЕТ АВТОӨНЕРКӘСІПТІ САҚТАУ ҮШІН ЭКОНОМИКАНЫҢ БАСҚА САЛАЛАЛАРЫН АЯҚТАН ШАЛЫП ОТЫР»

Үкіметтің бекіткен утилизациялық алым мөлшерлемесі сарапшылар тарапынан қолдау таппады. Бұл туралы «Утилалымға жол жоқ» қозғалысының мүшелері Алматыда өткен баспасөз мәслихатында айтты.

Қоғам белсендісі Санжар Боқаевтың пікірінше, утилизация алымы жекеменшік автоөнеркәсіпті қаржыландыру үшін ойластырылған әдіс.

«Біз министрлік пен Үкімет бекіткен кәдеге жарату мөлшерлемесімен келіспейміз. Экологиялық кодексте кәдеге жарату алымы деген не екені нақты жазылған. Бұл экологиялық төлем, ол белгілі бір кәдеге жарату үшін төленеді. Біз, қазақстандықтар, неге жеке автоөнеркәсіпті ынталандыру үшін соншалықты үлкен кәдеге жаратуды төлеуге тиіс екенін түсіне алмаймыз отырмыз», - деді ол.

Белсенді утилизациялық төлем отандық автоөнеркәсіптің орнына көрші мемлекеттердің өнеркәсібін ынталандырып отыр деген пікірде.

«Отандық автоөнеркәсіпте локализация жоқ екенін атап өткім келеді. Біз мұны ұзақ уақыт бойы дәлелдедік. Олар толығымен шетелде сатып алынады. Біз төлейтін ақша экотөлем тәртібімен шетелге кетеді. Біз отандық автоөнеркәсіпті емес, көршілерімізді ынталандырамыз. Бұл жерде үлкен әділетсіздік бар. Сондықтан біз Экологиялық кодекске өзгеріс енгізу керек деп ойлаймыз», - деп қосты Боқаев.

Қоғам белсендісі Нұраддин Садықов утилизациялық алымды есептеу сараптамасына күмән келтірді.

«Кіммен келіскені, ойластырғаны белгісіз. Неге 50 пайыз? 50 пайыз деген санды қайдан алдыңыздар? Осы утилалым, алғашқы тіркеу алымы сияқты шектеу шараларын енгізетін кезде 2016 жылдағыдай аспаннан алып қойдыңыздар ма? Әлде нақты есебі болды ма? Бұл сұрағыма вице-министр Қарабаев жауап бере алмады. Кез келген дүниені енгізетін кезде оның міндетті түрде сараптамалық құжаты болуы керек. Сол реттеушілік әсері талдауы бар ма дегенде жауап бере алмады. Бұл өте күмәнді - «халыққа осы жетеді» дегендей оймен жасалған дүние деп білеміз», - деді Садықов.

Оның ойынша, утилизация алымы тек экологиялық мәселелерге ғана қатысты болуы керек.  

1,5 айға созылған келіссіздер мен талқылаулардан түйгенім утилалым тек экологиялық мәселелерге ғана қарастырылуы керек. Оның негізі Экологиялық кодексте жатыр. Ол жерде индустрия министрлігі сүйенетіндей «міндетті емес», көп қалауы бойынша біздегі индустриялық жобаларды қаржыландыруға мүмкіндігі бар деген бапты өзгерту керек деп ойлаймыз, - деп қосты ол.

Белсендінің пікірінше, Үкімет автоөнеркәсіпті сақтау үшін экономиканың өзге салаларын аяқтан шалып отыр.

«Біздің үкіметтің индустриялық саясаты «бізде автоөнеркәсіп бар» деп мақтану үшін жасалып отырған әрекет секілді көрінеді. Себебі бүкіл салалар құрылыс, агросектор саласы болсын барлығы біздегі автоөнеркәсіпті қолдан жемдеудің тиімсіз айтып, дәлелдеп келе жатыр. Қалай да оны сақтау үшін өзге салаларды құрбан етуге бармыз. Сондықтан қазір үкіметтің индустриалдық саясатын қайта қарау керек деп есептейміз», деп түйіндеді сөзін Нұраддин Садықов.

Еске сала кетейік, бұған дейін Үкімет утилизациялық алымның жаңа мөлшерін жариялап, жеңіл және жүк көлігі, автобус, трактор, комбайндарға қатысты мөлшер қалай өзгеретінін көрсеткен болатын.