×

Мәулен Әшімбаев ЛХР мен ДХР жайлы: «Қазақстан тек БҰҰ мақұлдаған мемлекеттердің тәуелсіздігін мойындайды»

Сенат төрағасы қазақстандық бітімгерлер қақтығыс аймағына жіберіле ме деген сұраққа жауап берді

 Ербол Тұрымбет 24.02.2022 | 14:14
Мәулен Әшімбаев, фото: ашық дереккөзден

Сенатының спикері Мәулен Әшімбаев Украинадағы қаруланған шиеленіске қатысты пікір білдіріп, мұны өте күрделі әскери қақтығыс, күрделі қайшылықтар деп есептейтінін жеткізді.

«Бұл жағдайда саяси шешімді келіссөздер арқылы іздеу өте маңызды. Бәрінен де БҰҰ жарғысының негізінде келіссөз жүргізген тиімді болар еді. Мен мұны өте күрделі әскери қақтығыс, күрделі қайшылықтар деп есептеймін. Біз әскери қарсылықтар мен санкциялық соғысты көріп отырмыз», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сенат төрағасы Қазақстанның ДХР және ЛХР тәуелсіздігін тану мәселесін қарастырмайтынын атап өтті.

Біз БҰҰ мақұлдаған мемлекеттердің ғана тәуелсіздігін мойындаймыз, – деді ол.

Одан бөлек, Мәулен Әшімбаев қазақстандық бітімгерлер қақтығыс аймағына жіберіле ме деген сұраққа да жауап берді.

«Бұл жерде біз біржақты ұстанымдамыз. ҰҚШҰ жарғысына сәйкес Қазақстан бітімгершілік күштерін ҰҚШҰ елдерінің аумағынан тысқары жерлерге тек БҰҰ мандатына сәйкес жібере алады. ҰҚШҰ елдерінің бітімгершілік күштері қатысушы мемлекеттердің аумағында ғана қолданылады. Ал қақтығыс аймағы ұйымға қатысушы елдердің аумағына кірмейді. ҰҚШҰ аясында қақтығыс аймағына бітімгершілік күштерін жіберуге мүмкіндігіміз жоқ. Бірақ БҰҰ деңгейінде шешім қабылданса, Қазақстан әлемнің кез келген нүктесіне бітімгерлерін жібере алады. Бұл мәселеге қатысты Ресей бізге жүгінген жоқ, жүгінбейді де деп ойлаймын», – деп түйіндеді сөзін Мәулен Әшімбаев.

Еске салайық, 22 ақпанда Ресей президенті Владимир Путин Украинаның шығысында орналасқан Луганск және Донецк облыстарын республика ретінде тәуелсіздігін мойындайтыны туралы жарлыққа қол қойды. 

Одан бөлек, РФ басшысы аталған екі республика басшыларымен достық, әріптестік және өзара көмек туралы келісімге де қол қойып, ресми рәсімнен соң әңгімелесті.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама