Тиімсіз, нәтижесіз: Сенатор Мемлекеттік аудит комитетінің жұмысын сынға алды
Андрей Лукин Үкімет басшысының атына депутаттық сауал жолдады
Сенат депутаты Андрей Лукин Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің жұмысын сынға алып, ведомствоның тиімсіз және нәтижесіз тексеру жүргізіп жатқанын атады.
Андрей Лукин Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың атына Мемлекеттік аудит комитеті жұмысының сапасы туралы депутаттық сауал жолдады. Лукиннің айтуынша, аудиторлар жыл сайын қайталана беретін заң бұзу деректерін тіркеп келеді. Тіпті, жұмыстың тиісті деңгейде жүргізілмеуіне байланысты жоспарланған 82 іс-шараның 28-і (34%) жылдық тізімге негізсіз енгізілген.
Соған қарағанда, тексерілген жекелеген министрліктерде ешқандай қауіп деңгейі жоқ. Жұмыстың дұрыс ұйымдастырылмауы салдарынан бірқатар тексерудің нәтижесі төмен әрі тиімсіз болып шықты, - деп атап өтті Андрей Лукин.
Сенатор камералық бақылау жүргізу мәселесін де көтерді. Лукиннің дерегінше, аумақтық департаменттер бақылаудың бұл түрін жүргізбеген, дегенмен жалпы сомасы 300 миллиард теңгеден астам 3 мыңнан жоғары мемлекеттік сатып алу рәсімі болуға тиіс еді.
Сенатор осыған қатысты аудиторлардың жұмысын жақсарту мен бюджет қаржысын, мемлекет және квазимемлекеттік сектор активтерін басқару мен пайдаланудың тиімділігін арттыру жөнінде бірқатар ұсыныс айтты.
«Тәуекелдерді басқару жүйесінің өлшемдері мен мемлекеттік аудит объектілерін іріктеу тәртібін қайта қарауды, салалық бұйрықтарды орындалудағы міндеттілік жөніндегі талаптарды қатаң сақтауды, камералық бақылау жүргізу кезінде мемлекеттік сатып алу туралы заңнама ережелерін біркелкі қолданудың әдіснамалық негізін әзірлеуді, шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы өкімдерді шығару және жою процесіндегі адами факторды ақпараттық жүйе арқылы автоматты түрде алып тастауды ұсынамын», - деді сенатор.