Қазақстанның табиғи байлық көздері Қарулы күштердің қорғауында дей алмаймын – отставкадағы полковник
Әскери сарапшы, отставкадағы полковник Ермек Сейітбатталовпен сұқбат
Әскери сарапшы, отставкадағы полковник Ермек Сейітбатталовтың айтуынша, өзі әскери қызметте болған кезде (2006 жылға дейін – ред.) Каспий өңіріндегі мұнай көздері жартылай іске қосылып, қалғаны жобаланып жатқан. Бірақ Қарулы күштердің қорғауына алынбаған.
Оның ойынша, Қазақстанның басқа да табиғи байлық көздері Қарулы күштердің қорғауында емес. Әскери сарапшы егер соғыс бола қалған жағдайда жау біріншіден елге табыс әкеліп тұрған табиғи байлық көздерін көздейтінін жеткізді.
Кеңес үкіметі құлдыраған сайын әскеріміздің кейбір бөлімдерін батысқа апардық. Өйткені, батыста жанармай және энергетикалық өндіріс орындары бар. Оның алдында Баткенде 1999-2000 жылдардағы оқиғалар болған соң оңтүстікке біраз әскери бөлімдер апарылды. Қалғаны сол бетімен қалды. Басқа қозғалыс жоқ, - дейді сарапшы.
Оның сөзінше, жедел стратегиялық сап Кеңес үкіметі кезінен аса өзгермеген. Сәт Тоқбақбаев Қорғаныс министрі болып тұрғанда өзгерістер болған. Әскери сарапшы Қорғаныс министрлігінің сол кездегі үш жаңалығына ерекше тоқталды: 4 өңірлік әскери аймақ, Қорғаныс саласына ІЖӨ-нің 1%-ын бөлдіру, жаңа әскери доктрина мен қару-жарақталану жобасы.
Ермек Сейітбатталовтың айтуынша, Қазақстанға 23 өндіріс кіріс әкеліп отыр. Оның 11-і мұнай, газ, уран, сирек кездесетін қазбалар, металдың илеуі, сары фосфор, бидай сияқты ең көп табыс әкелетін нысандар. Олар ел қаражатының 30-40%-ын толтырып тұр. Сол көздерді Қарулы күштер қорғап тұруы керек.
«1991 жылы Иракта соғыс болып, 42 күн ішінде Ирактың быт-шытын шығарды. Әскері көп шығындалмаған, жауынгерлерінің рухы жоғары болды. Қазір ИГИЛ-да жүргендер - солар. Әскери рухы түспесе де, мемлекеті жоқ. Сонда қарасаңыз, елдің жанды, осал тұсынан соққы берген. Нәтижесінде электр қуаты, ауыз су жоқ, күнде қажетті заттар жойылады. Сондай жағдайлар мемлекеттің шаңырағын ортасына түсірді. Дегенмен әскері әлі бар, қару-жарағы да бар», - дейді ол.
Әскери сарапшы 1998 жылғы Desert Fox операциясын мысалға келтірді.
«Желтоқсанның 17-сінен 19-на дейін үш-ақ күн болған операцияда Саддам Хусейнді отырғызып, келісімшартқа қол қойдырды. 1999 жылы Балканда 78 күнде мемлекет жоқ болған оқиғаны да мысалға келтіруге болады. Қару-жарағы мен әскер шығыны 10-12% ғана, әскерінің рухы жоғары болса да мемлекет жоғалды. Яғни, стратегиялық-тактикалық тұрғыдан қателік жіберген. Сол бізге сабақ болуы керек», - дейді сарапшы.
Ермек Сейітбатталов қазір Ресей мен Украина арасында болып жатқан қарулы қақтығысқа тоқталды. Сарапшының пікірінше, Ресейдің стратегиясы ескірген.
«Себебі стратегиясы 1945-1991 аралығында қалған, өте ескі. Қазіргі қару-жарақ бұрынғыдай емес. Әскерді шекараға әкеп төгіп, сол арадан басып кіріп, әскерін жойып, ішке өтіп, негізгі жерлеріне соққы жасайтын кез емес. Қазір қанша мың шақырым болса да алысқа ұшатын, дәл тиетін ракеталар бар. Ядролық қарудың тактикалық мүмкіндігі деңгейіне жеткен. Соның бәрін ескере отырып, біздің де Қарулы күштерді солай құру керек. Менің көзқарасым бойынша бізде қазір ондай жұмыс жоқ», - дейді сарапшы.
Сарапшы қазір Каспий төңірегіндегі ескіріп қалған белгілі нысандардың бәрі Қорғаныс министрлігінің, яғни біздің Қарулы күштердің қорғауында деп айта алмайтынын жеткізді. Оған қоса, солтүстіктен Қытаймен шекараласатын тұсқа дейінгі аралықта көп нысанның ашық жатқанын айтады.