Айман Омаровамен сұқбат: 20 мың террорист, азаптаулар мен зорланған әйелдер туралы
Адвокат азаптау, ақпаратқа қол жеткізу, тергеу барысындағы кедергілер жайында айтты
Қаңтар оқиғасынан кейін оқиғаның мән-жайын анықтау мақсатында Қазақстанда бірнеше дербес комиссия құрылды. Солардың бірі – белгілі адвокат Айман Омарованың жетекшілігімен құрылған «Ақиқат» қоғамдық комиссиясы. Комиссия жұмысы әлі аяғына жетпесе де, Айман Омарова қазірдің өзінде бірнеше мәлімдеме жасап, оқиғаның хронологиясын түсіндіріп жатыр. Осы ретте Halyq Uni тілшісі белгілі адвокатпен сөйлесіп, ұсталғандар, азапталғандар, тәртіпсіздік кезіндегі зорлық-зомбылық туралы бірнеше сұрақ қойды.
«АУЫР ҚЫЛМЫСТАРҒА ҚАТЫСТЫ ФАКТІЛЕРГЕ ҚОЛЫМЫЗ ЖЕТПЕЙ ЖАТЫР»
- Айман ханым, Қаңтар оқиғасына қатысты қоғамдық комиссия құрып, жұмысты бастап кеттіңіздер. Тіпті, мемлекеттік хатшы Ерлан Қаринге іс материалдарымен танысуға мүмкіндік беру керектігін айттыңыз. Әңгімені осыдан бастайықшы, сол талаптарыңыз орындалып жатыр ма?
- Біз тек мемлекеттік хатшы емес, президентке де сондай үндеу жолдадық. Қазір Алматы қалалық полиция департаментінің кейбір іс материалдарымен таныстық. Оның ішінде видеолар, құжаттар бар. Бірақ толық емес. Екіншіден, Бас прокуратура мен ҰҚК, Ішкі істер министрлігі топ құрып, терроризм және басқа да аса ауыр қылмыстар бойынша тергеу жүргізіп жатыр. Оған әлі күнге дейін қол жеткізе алмай отырмыз.
- Сіз құрған қоғамдық комиссия Қаңтар оқиғасына қатысты экстремизм, терроризм бағытында айналысып жатыр. Өте ауыр жүк арқалап отырсыздар. Осы уақытқа дейінгі жұмыс қорытындысын айтсаңыз...
- Мұнда тек терроризм, экстремизм емес, ең маңыздысы - неліктен осындай жағдай болды, не себеп болды, кім қатысты деген сұрақтар мен оқиғаның хронологиясы. Соны қарай отырып, қылмыстық құрамының әртүрлілігін көрдік. Біреулер бейбіт шеру дейді, біреу терроризм, тағы біреу ұрлық дейді. Сан түрлі пікір бар. Ал видеоларға қарап отырсақ, соның бәрі болған сияқты. Солармен бірге, мәжбүрлі экстремизм де болған. Яғни, азаматтарды қорқытып, қару ұстатып, заңсыз әрекеттер жасауға итермелеген.
- Арасында ақталып шығып жатқандары бар ма?
- «Ақтау» дегеннің өзі дұрыс емес. Тілшілер осыны көп сұрайды, әсіресе тележурналистер. «Ақталған ба?», «Ақтап шығарған ба?» деп сұрап жатады. Шыққанның бәрін ақталғандар деп ойлайды. Бұлай айту дұрыс емес. Ақтау не ақтамау біздің қолымызда тұрған жоқ. Оны сот шешеді.
Екіншіден, біздің мақсатымыз басқа, адам қорғау емес. Олардың көбінің адвокаты бар. Біз жұмысымызды істеп жатқанда арасында көп адам өтініш жазады. Сол өтініштердің көбі азаптау, үйқамаққа жібермеу, ата-анасымен кездестірмеу секілді заңбұзушылықтар. Әрине, соны көре отырып, адвокат болғаннан кейін көмектесеміз. Бірақ біздің мақсатымыз ол емес. Ел соны түсінуі керек. Бірақ ешкім түсінгісі келмейді. Күніге 30-40, тіпті 130-ға дейін өтініш келеді.
Мысалы, Атырауға бардық. Қаншама адам заңсыздыққа шағымданып жатыр. Видеоның көбін көрсетіп жатқан жоқпыз, бәрі бірдей видеоға түскісі де келмейді. Соның бәрін жазып, Атырау облысының прокурорымен кездесіп, бұлтартпау шараларын өзгерту қажеттігі жөнінде өтінішімізді өткіздік. Онсыз да ауру не жарақат алған адам болса, қайда қашады? Ал кінәсі бар-жоғын айта алмаймыз.
Қызылордада да сөйттік. Облыс прокурорынан хат алдым. 9 адамды жібергенін айтыпты. Бірақ бостандық емес. Тек үйқамаққа, кепілдікке жіберіп жатыр.
- Тоқаев бір сөзінде 20 мың террорист туралы айтып қалды. Бірақ осы цифрға қатысты қоғамда келіспеушілік бар, сенбейтіндер өте көп. Бұл қайдан шыққан цифр?
- Әңгімені ақпарат құралдарынан бастағым келеді. Терроризм, экстремизм болған кезде ақпарат құралдары соны жақсылап ашып көрсетпейді. Түсініксіз мәліметтер береді. Мысалы Күлікбаев ісін білесіз. Сол кезде осындай терорлық, экстремистік оқиғалардан елді қалай хабарландыруға болатыны жөнінде журналистерге тренинг жасаған едім. Нені айтуға болады, нені болмайды? Ол өте маңызды ғой?!
Жиырма мың дегенді былай түсінсек болады. Мысалы, топ адам келе жатыр. Оның бәрін санай алмайсыз. Сол 5 қаңтарда мен өзім де алаңда болдым. Қанша адам болғанын мен айта алмаймын.
Екіншіден, топ болып келе жатқандар адам өлтірсе, оны адам өлтірген топ дейміз. Сол сияқты террорист деп жалпы айтылған. Оның ішінде қайсы терорист, қайсы бейбіт шеруге шықты – оны тергеу барысында дәлелдейді. Ал олар «20 мың деп айтты, 20 мың емес, 5 мың, екі мың» деп жүр. Дұрыс емес қой ол. Оны құқықтық сауаттың төмендігі деп айтса болады. Негізі жалпы айтылған жағдай. Тергеу сол үшін керек. «Эксцесс» деген болады. Өздігімен кетіп бара жатқан топ жолда біреуді ұрып кетсе, ішінде оны ұрам деп бармағандар бар ғой. Құр қасында келе жатқан адаммын. Бірақ бәрімізді де қамап қоюы мүмкін. Ал кейін тергеу мен сот барысында кім істегені, қалай болғаны анықталады.
- Олар кімдер? Ішінде Орталық Азия елдерінен келгендер бар деген ақпарат рас па?
- Менің ойымша солай болған. Алған видео, құжаттарға қарап отырсақ, солай сияқты. Бірақ бүкіл құжатты бізге әлі берген жоқ. Арнайы прокуратура тергеп жатыр. Дегенмен видеоларға қарап отырсақ, тек Қазақстан азаматтары ғана емес екені көрініп тұр. 5 қаңтарда өзім болған кезде сөйлесуге тырыстым. Кейбіреуінің қазақшасы басқаша, диалектпен сөйлейді. Тағы біреуі қазақша да, орысша да білмейді. Соған қарағанда, бұлар қазақтар емес сияқты. Мүмкін, қазақ та шығар. Бірақ басқа елден келген шығар, білмедім. Түсінбедім. Сөйлемейді. Таңғалғаным сол.
- Ішкі істер органдары ашық ақпарат беріп жатыр ма? Комиссия қандай кедергілерге тап болып жатыр?
- Ішкі істер министрлігімен қарым-қатынасымыз бар. Министрге бір-екі рет барып, сөйлескенбіз. Іс құжаттарымен танысуды қамтамасыз етем деп уәде берген-ді. Бірақ әлі күнге шейін толық емес, кейбірімен ғана таныстық. Ең маңыздысы – терроризм ғой. Ол материалдар да қолымызға тимей отыр. Мұны кедергі деп ойлаймын. Кейін комиссиямыздың қорытындысын шығарамыз. Сонда мен не деп жазуым керек? Бас прокуратура мен ҰҚК маған іс құжаттарын көрсеткен жоқ деп жазам ба?
«АЗАПТАҒАН ТЕРГЕУШІНІ ДЕ ҚАМАУ КЕРЕК»
- Террорлық әрекет жасағанын немесе жасауға оқталғанын күштеп мойындату деректері бойынша ақпарат көп. Әсіресе, Талдықорғанда. Бұған қатысты не айта аласыз? Қамаудағылардың ата-анасы, туған-туыстарымен сөйлестіңіздер ме?
- Біз әлі Талдықорғанда болған жоқпыз. Бірақ азаптағаны туралы жазып жатыр. Бұл жерде мынаны айтқым келеді. Ол кісі қылмыс жасады ма, жасамады ма – ол жөнінде ештеңе айта алмаймыз. Істі білмейміз, олардың өз адвокаттары бар. Оның үстіне, адвокаттық әдеп деген бар. Егер оларды азаптаса, сол азаптаған тергеушінің өзін қамап, қылмыстық жауапкершілікке тарту керек. Отырсын сол жерде. Ондай дәлелдің қажеті жоқ. Себебі, ол да қылмыскер. Ол полицияда немесе басқа да құқық қорғау органдарында жұмыс істесе, билікке дискредитация жасайды. Соның кесірінен құқық қорғау органдарына ел сенбейді. Зардап шеккен адам қылмыскер болуы да, болмауы да мүмкін. Егер қылмыскер болмай шықса, онда жағдай өте қиын болады. Қылмыскер болған күннің өзінде соны ертең пайдаланады. «Мені ұрып-соқты, сөйтіп мойындатты» дейді. Ұрып-соғып жиналған дәлелдер ертең сотта заңсыз деп танылуы мүмкін. Сөйтіп оны құны жоқ дәлелдер негізінде алып тастайды. Соны түсіну керек. Кей халықаралық ұйымдардың айтуынша, осындай лаңкестікке қарсы тергеу болған кезде адамның құқығын бұзу көбейіп кетеді екен. Басқа елдерде де солай екен. Бізде де сондай болып кетті. Себебі, 30 жылдан бері, Кеңес үкіметінен бері бізде азаптау деген болған. Бізде әлі азаптау бар, оған реформа керек екенін айтып келе жатырмыз. Мысалы, Қылмыстық атқару кодексінің өзінде адам құқығын бұзатын баптар бар. Оларды қолданбау керек. Оған 30 жыл бойы ешкім көңіл аудармаған. Енді Қаңтар оқиғасы бәрін әшкерелеп отыр. Азаптау көбейіп кетті дейді. Рас. Мысалы, бұрын бөлімшедегі 25 істің жартысын немесе бесеуін азаптаса, қазіргі 250 істің сонда нешеуін азаптайын деп тұр? Сол көрініп қалады.
- Бір сөзіңізде жаппай тәртіпсіздік кезінде әйелдердің зорланғаны жайлы айттыңыз. Осы деректерге қатысты білгеніңізбен бөліссеңіз...
- Тіркелгені туралы айтпай тұр ғой сол. Бермей тұр. Бірақ ондай әрекеттер болғанын біледі. Бізге әйелдер жазды. Ашық айтуын сұрасақ, айтпайды. Түрін көрсетпей, есімін жарияламағанның өзінде, қай жерде болғанын айтады ғой бәрібір. Соны туған-туыстары біліп қоюы мүмкін. Әңгіме сонда болып тұр. Бір әйел осындай жағдай болғанын жылап айтты. Күйеуі бар екен. «Айтпаймын» дейді. Бар. Алматыда.
- Ішкі істер министрлігі 52 адамның сотталғанын мәлімдеді. Бұл ақырғы шешім бе? Әлде жаза өзгеруі мүмкін бе?
- Өзгеруі мүмкін. Егер бірінші сот сатысы болса, онда апелляциялық шағыммен немесе кассациялық сот сатысында өзгертуі мүмкін.
- «Ақиқат» қоғамдық комиссиясының мүшелері қай өңірлерде болды, тергеудегілермен сөйлестіңіздер ме?
- Бірнеше өңірде болдық. Бүкіл Қазақстанды аралаған жоқпыз. Оған уақытымыз да жоқ. Алматының өзінде де көп қой. Қылмыс ең көп тіркелген аймақ – Алматы. Соның өзі жеткілікті болып тұр. Бірақ басқа аймақтарда да болдық. Қызылорда, Атырау, жақында тағы бір жерде. Бірақ көп жерге әлі бармадық. Себебі, уақытымыз болмай тұр.
- Комиссия құрамы жайында айтсаңыз.
- Комиссияның құрамында 20-дан астам адам бар. Көбі қылмыстық істер жүргізетін, сондай істерге қатысатын тәжірибелі адвокаттар.
- Сіз және айналаңыздағы басқа да адвокаттар мемлекеттен бұл жұмыс үшін ешқандай ақы алмайтынын айттыңыздар. Құқық қорғаушылардың қорынан бөлінген қаражат шығындарыңызды жауып жатыр ма?
- Иә, Human Rights деген қор қаржыландырады. Бірақ қаржы олардың өздеріне де керек. Кейбір бизнесмендер не берсе, соны алып жатырмыз. Жолға сұраймыз. Бірақ мемлекеттен алып жатқан жоқпыз. Себебі мемлекеттен алсақ, ертең қорытынды былай болуы керек деп талап қоюы мүмкін. Бизнесмендердің өзін де қарап отырмыз. Кейбірінің өз талабы бар. Сондықтан қаражат бөлгенде бізге қаржыны қалай жаратқанымызды көрсетуден басқа ешқандай талап қойылмауы керек. Қысым да болмауы тиіс. Әрине, егер біреу қаржылай көмек көрсеткісі келсе, аламыз. Бірақ алдымен кім екенін көреміз.