Арыстанбек Мұхамедиұлы 28 мамырында сот санкциясымен қамауға алынды
Бірқатар мәдениет және өнер қайраткері президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жазып, бұрынғы мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлына араша сұрады, деп хабарлайды Halyq Uni.
Хат әлеуметтік желіде жарияланды.
«...Бұл жолғы президент сайлауына халық айрықша белсенділікпен қатысуға ниет етіп отыр. Сара жол мен дара жолды айшықтап берген сіз үшін дауыс беріп, сенім білдіретінімізді айта отырып, бірқатар мәдениет және өнер қайраткерлері атынан өзіңізден араша сұрап, хат жолдауды жөн көрдік. Елімізде мәдениет және спорт саласын басқарған экс-министр Арыстанбек Мұхамедиұлы «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» халықаралық көрмесі бойынша тергеліп жатқаны мәлім. Бұл іс бізді, яғни мәдениет саласының өкілдерін қатты алаңдатады», - делінген хатта.
Олар Арыстанбек Мұхамедиұлының жастайынан өнер мен білімге құштар болғанын айтып, еңбекқорлығымен танылғанын айтты.
«Арыстанбек қазақ халқының өнері мен мәдениеті үшін ерен еңбек сіңірген ұлтжанды тұлға. Қарапайым отбасында өмірге келіп, өз күшімен биікке көтерілген ол қаншама дарынды жастарды қолдап, қамқорлық көрсетті. Ол өнердің дамуын қалады, мәдениет көшінің алға жылжуын мақсат етті, тарихтың тынысын ашып, болашақ еншісінде ұлы мұралар қалдыруды армандады. Өнердің көкжиегін кеңейтіп қана қоймай, спорттың дамуына да ерекше ден қойды. Ол мәдениет пен спортты басқарған жылдары қазақ елінің қоржынын жеміс пен жеңіске толтырды», - деп жазды мәдениет және өнер қайраткерлері хатта.
Олар Мұхамедиұлының бастамасымен алғаш рет «Кинематография туралы», «Тарихи, мәдени мұраларды сақтау туралы» заңдар қабылданғанын алға тартты.
«Әр жыл сайын шілденің бірінші жексенбісінде мерекеленетін «Ұлттық домбыра» күні де Арыстанбек Мұхамедиұлының тікелей қолтаңбасы. Ұлтым, жұртым, өнерім деп ішкен асын жерге қойған азаматтың елдің қаржысына қол салатын арсыз қылық шықпайтынына қарт жүрегіміз сенімді. Ол – парасатты отбасының перзенті, қанағатшыл ата-ананың ұлы, еңбегі мен өнеріне риясыз ақ батамызды берген біздің шәкіртіміз, елдің баласы. Өз жолымен келе жатқан азаматына жасалған жала қайта түзеліп, шындықтың беті қайта ашылып, жақсылықтың жылы таңы атарына сенгіміз келеді. Жаза жаланың емес, шындықтың кесімі болуға тиіс», - делінген хатта.
Олар президенттен Мұхамедиұлының ісінде бұрмалауға жол бермеуге, әділдік пен шындыққа тіке қарауға ықпал етуді сұрады.
Неге ел рухын асқақтататын айрықша жоспарларға жол бермей, ел үшін қызмет етуге тосқауыл болып, тас қамалда ұстауымыз керек?, - деп жазды ұжымдық хатта.
Хатқа қол қойғандардар арасында Халық қаһарманы Бақытжан Ертаев, Қазақстанның еңбек ері Төрегелді Шарманов, КСРО халық әртісі Бибігүл Төлегенова, Қазақстанның халық жазушысы Олжас Сүлейменов, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Сәбит Досанов, Қазақстанның халық жазушысы Мұхтар Шаханов, Қазақстан және КСРО халық артисі Асанәлі Әшімов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Пернебек Момынов бар.
Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессорлары Дариға Тұранқұлова мен Аман Құлбаев, Гүлдана Сапарағалиева, Толқын Забирова және Дәлел Уәш де қол қойған.
Бұл қатарға Дарико Хасанғалиева мен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Хасен Смағұлов та қосылған.
АРЫСТАНБЕК МҰХАМЕДИҰЛЫНА ҚАТЫСТЫ ІС ТЕРГЕЛІП ЖАТЫР
2022 жылдың 28 мамырында сот санкциясымен Ұлттық музейдің директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы қамауға алынды. Ол бюджет ақшасын жымқырды деген күдікке ілінді.
Арыстанбек Мұхамедиұлы 2019 жылдың шілдесінде музей директоры болды. Оған дейін бес жыл мәдениет және спорт министрлігін басқарған.
Тамызда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Арыстанбек Мұхамедиұлына қатысты тергеліп жатқан қылмыстық істер бойынша мемлекетке келтірілген шығын сомасы 7 миллиард теңгені құрағанын хабарлады.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Қазақстан Ұлттық музейінің директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы мен басқа да тұлғаларға қатысты бюджет қаражатын аса ірі мөлшерде ұрлау және лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану фактілері бойынша тергеуді жалғастырып жатыр.
«Тергеу «Алтын адамның әлем мұражайлары бойынша шеруі» халықаралық көрмесін өткізуге, сондай-ақ «Қазақстанның ұлттық киелі нысандары мен музей қорларын жалпымемлекеттік фотограмметриялық 3D-сканерлеу» және «Қазақстан Ұлттық цифрлық киноколлекциясын цифрландыру» жобаларына бөлінген бюджет қаражатын ұрлау фактілері бойынша жүргізіліп жатыр», - делінген хабарламада.
Мұхамедиұлының мәдениет және спорт министрі лауазымында болған кезінде туыстарының және үлестес тұлғаларының меншігіне «Су және қолданбалы спорт түрлері бойынша республикалық жоғары спорт шеберлігі мектебі» РМҚК, «Қазақ энциклопедиясы» АҚ және «Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институты» ЖШС-ын заңсыз беруге қатыстылығы тексеріліп жатыр.