Содан кейін ол Республика күнінің мәні мен мағынасы туралы кеңірек айтты
Ақордада мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күніне орай мемлекеттік наградалар мен сыйлықтар тапсыруға арналған салтанатты рәсімінде тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қызметіне баға берді. Содан кейін Республика күнінің мәні мен мағынасы туралы кеңірек айтты.
«Біз әділеттілік туралы айтсақ, тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың еліміздің егемендікке жетуіне қосқан елеулі үлесі жөнінде айтуымыз керек. Түптеп келгенде, тәуелсіздікке қалай қол жеткізіп, баянды ете алғанымыз маңызды. Өкінішке қарай, бұл күн елімізде біраз жыл өз деңгейінде атап өтілген жоқ. Бірақ, тарихи әділдік орнады», – деді ол.
Одан әрі ол Ұлытауда өткен алқалы жиында Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынғанын, оны Қазақстанның басты мейрамы ретінде атап өту туралы бастама көтергенін, бұл бастама халықтың кең қолдауына ие болып, тиісті заңға өзгеріс енгізілгенін атап өтті.
«Биылдан бастап Республика күні – ұлттық мереке. Енді бұл мейрамды күллі ел болып жаңа мазмұнда атап өтетін боламыз. Қайта жаңғырған Республика күні – бұл халқымыздың рухын көтеріп, елдігімізді нығайта түсетін аса маңызды тарихи қадам. Сондықтан, осы мерейлі күн азаматтарымыздың өзара түсіністігін, тұтас ұлтымыздың еркін өмірге және дербес дамуға ұмтылысын паш ететін мереке болмақ», – деді президент.
Оның айтуынша, «Республика» сөзі латын тілінде «ортақ іс» деген мағына беретіні баршамызға белгілі. Бір сөзбен айтқанда, республика өз ісіне жауапты азаматтардың ортақ іс-әрекетінің арқасында құрылады. Өйткені, азаматтар – мемлекеттің арқауы. Азаматтары болмаса, мемлекет те болмайды.
Қуатты және қарқынды даму жолына түскен мемлекет азаматтардың құқықтарына және олардың еркіндігіне мызғымас кепіл болады. Халқы жасампаз, отаншыл және еңбекқор ел ғана толағай табысқа жетері анық. Сондықтан, біздің осы жолдағы бағдарымыз – баршаға айқын.
«Адам мемлекет үшін емес, мемлекеттің игілігі адам үшін» қағидасы басты ұстанымға айналды. Мемлекеттілігімізді одан әрі нығайтамыз десек, бізге, ең алдымен, өзара жауапкершілік және тілектестік идеологиясы аса қажет. Себебі, егемен еліміздің тағдыры – әр азаматтың қолында. Бұл – үлкен борыш. Осыны терең түсінуіміз керек.
Енді елімізге барша халыққа түсінікті болатын және шын мәнінде, азаматтарымыздың сұранысына сай келетін идеология қажет. Ашығын айтқанда, бізге жасанды қағидалар емес, барша азаматтардың көңілінен шығатын, олардың жүрегіне жылы тиетін шынайы өмірде қажет болатын дұрыс бағыт-бағдар керек. Бүгінде халқымыз бір ел болып жұмылып, тұтастықта өмір сүріп жатыр. Бұл, әрине, қуантарлық жағдай», – деді мемлекет басшысы.
Оның айтуынша, еліміздің ішкі тұрақтылығы – еліміздің одан әрі дамуының маңызды шарты және еуразиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін фактор. Қазақстан дүние жүзіне озық дамуға бет алған және барша әлемге ашық мемлекет ретінде, сондай-ақ Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысы негізінде халықаралық қатынастардың әділетті жүйесін құруды көздеген ел ретінде танымал.
Конституция – мемлекеттігіміздің кепілі. Соған сәйкес еліміздің әрбір азаматы біртұтас Қазақстан халқының ажырамас бөлігі әрі ел тағдырына ықпал ететін қоғам мүшесі. Ата заңымыз әр адамға осындай құқық беріп отыр.