Қазақстанның экс-президенттерімен бір метрода отыратын күн туады – Мәжіліс депутаты
Тоқаевтың қазіргі алатын тұлғалық, саяси орны мен тәжірибесіне сайып келетін кандидат мына ұсынылған 12 азаматтың ішінде жоқ
Алдағы 20 жылда экс-президенттермен метрода бірге отыратын күн туады дейді «Сұрауы бар» Youtube арнасына сұхбат берген Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев. Өзі оған толық сенімді.
Алдағы 20 жылда сіз бен біз 3 президентті көретін боламыз. Ал жаңа президент – жаңа команда, жаңа кандидаттар, жаңа ұсыныстар. Жаңа Үкімет, мүмкін Парламентті таратып, жаңа Парламент құрылады. Жаспыз ғой, сіз бен біз алдағы 20 жылда метрода кетіп бара жатып, экс-президентпен қатар отырып қалу мүмкіндігіне ие болармыз. Сенімдімін, солай болады, - дейді ол.
Бірақ кейбір сарапшылар «мемлекеттік қызметте 5 жыл тәжірбиесі жоқ адамдардың сайлауға түсе алмауы – негізгі шектеу» деп отыр. Бұл тұрғыда мәжілісмен Бейсенбаевтың пікірі басқаша.
«Бізде президенттік басқару жүйесі. Сондықтан сіз ең құрығанда мәслихатта 5 жыл сайланып, халықтың аз болса да қолдауына ие бола алмасаңыз, онда сіздің президент болуыңыздан не қайыр деген сұрақ туындайды. Барлығы айтады, бұл антиконституциялық норма, демократияға сай емес деп. Меніңше, мемлекеттің тұрақтылығы мен болашағы кез келген шектеулерден артық тұруы қажет.
Бұл – кішкентай ғана шектеу. Сосын президент боламын деген адам жас кезден дайындалуы қажет. Өткен 10 жылдың ішінде кандидат боламын деген азаматтар осы функцияларды атқаратын уақыт болды, - дейді Елнұр Бейсенбаев.
Ал осы жолғы сайлауда Тоқаевқа шынайы қарсылас кандидаттың болмауына саясаткерлердің жауапкершіліктен қорқуы себеп екен.
Тоқаевтың қазіргі алатын тұлғалық, саяси орны мен тәжірибесіне сайып келетін кандидат мына ұсынылған 12 азаматтың ішінде жоқ. Оны ашық айту керек. Қоғамды алаңдатқан «Тоқаевқа сай келетін шынайы кандидат неге тіркелмеді?» деген сұрақ қой.
Біріншіден, ондай азаматтардың қолын ешкім байлаған жоқ. Тіркелуге олардың толық мүмкіндігі болды. Бірақ қаңтар оқиғасынан кейін мен саясаткермін, осындай жағдайдан кейін билікті, мемлекетті қолыма алып, алға сүреп шығамын деген саясаткерлер мың ойланып-толғанып, осы жағдайдан кейін қарсылас болуға дайын емес болып шешілгендей көрінді өзіме. Өйткені қаңтар оқиғасының сызаты өте ауыр», - дейді мәжілісмен.
Сұхбаттың толық нұсқасы жоғарыдағы видеода.