×

Қазақтың IT мамандарын қолдауға ұсыныстар көбейіп жатыр

Бұған дейін бірқатар азамат Мухоряповтың өнімдеріне бойкот жариялауды ұсынды

 Дастан Жұмабекұлы 21.10.2022 | 12:03
фото: ашық дереккөзден біріктірілген

Белгілі әнші, продюсер Нұрлан Албан  қазақстандық IT мамандарға қолдау көрсетуге шақырды. Әнші видео жариялап, бірқатар ойын айтты.

«Жер астынан жік шықты, екі құлағы тік шықты» деген сөзді біз бала кезімізде аңыз-ертегілерден еститінбіз. Қазір ХХІ ғасырда бүгінгі күні бүкіл Алаш жұртының ашуын туғызған, екі құлағын жер астынан тік шыққызған Рамиль Мухоряпов деген бір байғұс кәсіпкер пайда болды. Оның басқарып отырған компаниясы –  Chocogroup. Жылдық табысы – 17 млн доллар көрінеді. Яғни, қазақтың наны жақсы, суы жақсы, жері жақсы, ақшасы жақсы, ал қазақтың өзі байғұс қалпына түсті.

Ол не дейді? Ол «орысша сұрап, сізге қазақша жауап берсе, бұл –  ұлтылшылдықтың әрі төмен мәдениеттің белгісі» дейді. Мұндай баға беретін ол кім? Мен таңертеңнен бастап бүкіл әлеуметтік желіні жіті қадағаладым. Жоғары жақта отырған, әсіресе Қазақстан Халқы Ассамблеясынан әй дейтін әже, қой дейтін қожа табылған жоқ. Мына жүгенсіз кеткен байғұсты аузына кісен, аяғынан тұсау салатын ешкімнің табылмағаны ма? Қазақстан Халқы Ассамблеясы қайда қарап отыр?! Бұл ұлтараздық үлкен дүрбелеңді туғызатынын айдан анық», –  деді ол.

Одан әрі әнші қазір Алаштың «мен, мен» деген азаматтарының намысын қайрап отығанын, Рамиль Мухоряповтан асып түсетін, IT технологияны меңгерген мықты қазақ азаматтарының көп екенін, алайда оларға тиісті деңгейде қолдау көрсетілмей жатқанын атап өтті.

Құрметті, бауырлар! Бұл Chocogroup деген дүние мобильді қосымшалар. Рамиль Мухоряпов деген байғұсты ауызға ұратын Алаштың мықты IT технологияны меңгерген қазақ азаматтары басым. Соларға көмектесейік. Мен өз басым бойкот жариялаймын. Егер намысыңыз болса, шынымен де қазақ болып туғаныңызға қуанып жатсаңыз сіз де бойкот жариялаңыз! Керісінше, осыны тоқтатып, біз қазақтан шыққан ІТ технологияны мықты меңгерген өзіміздің бауырларымыздың ісін дөңгелетіп алып кетуіне ат салысайық! Ал Қазақстан Халқы Ассамблеясы бұған дереу арада үн қатады деген сенімдеміз», –  деді ол.

Бұған дейін де елге белгілі азаматтар Мухоряповтың өнімдеріне бойкот жариялауды ұсынған болатын.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама