Марапат алған жазушылар ұзақ өмір сүреді – депутат
Депутаттар «Мемлекеттік сыйлық әділ беріле ме?» деген сауалға жауап берді
Жуырда Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның халық жазушысы Мұхтар Мағауин 2022 жылғы Мемлекеттік сыйлықтың іріктеуіне қатысты пікір білдірді.
Ол белгілі жазушы Тұрысбек Сәукетайдың ең соңғы іріктен өтпей қалғандығын, мұның қазақ қоғамының көкейкесті мәселелерін көтерген соқталы романның Мемлекеттік сыйлыққа жетпей қалуы – оқырман қауым үшін үлкен өкініш екендігін атап өткен.
Осы ретте Halyq Uni тілшісі бір топ Мәжіліс депутатынан «Мемлекеттік сыйлық әділ беріле ме?» деген сұраққа жауап алды.
Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтаев биыл Мемлекеттік сыйлық беру туралы комиссияның мүшесі болған.
Бұрынғы марапат иелеріне қатысты комиссияның жұмысына мен жауап бере алмаймын. Биыл өмірімде бірінші Мемлекеттік сыйлық беру туралы комиссияның жұмысына араластым. Комиссияның биылғы жұмысы мейлінше әділ болды ғой деп ойлаймын, - деді Аманжол Әлтаев.
Депутат Айдос Сарым қазақ әдебиетіндегі дау-дамай, тартыстың 90 пайызы Сталиндік сыйлық пайда болғаннан бері жалғасып келе жатқанын жеткізді.
«Әлемде мынадай үрдіс бар екен: Нобель сыйлығын алған ғалымдар замандастарына қарағанда 10 жыл артық өмір сүреді екен. Мен Мемсыйлық алған Қазақстандағы жазушыларды да қарап шықтым. Марапатқа ие болған азаматтардың мәртебесі өседі, көңілі көтеріледі, қыжылы азаяды. Соның арқасында ұзағырақ өмір сүруге мүмкіндік алады екен», – деді депутат.