Halyq Uni логотип
×

Мухоряповтың өнімдеріне бойкот жариялау ұсынылып жатыр

Былтыр ChocoFamily-дің табысы 17,8 миллион доллар болған. Оның ішіндегі таза кіріс бойынша ақпарат жоқ

 Дастан Жұмабекұлы 20.10.2022 | 18:52
Мухоряповтың өнімдеріне бойкот жариялау ұсынылып жатыр
фото: ашық дереккөз

Қазақстандық бизнесмен Рамиль Мухоряповтың қазақ тіліне қатысты пікірі оның өнімдеріне бойкот жариялау мәселесін көтеруге дейін алып барды.

Журналист Айбар Олжаев кәсіпкер айтқан: «Егер сіз орысша сұрап, сізге қазақша жауап берсе, ол ұлтшылдық, әрі төмен мәдениеттің белгісі» деген тұжырымына байланысты: «Отандық кәсіпкер Рамиль Мухоряповтың осы репликасы бар жағынан алғанда, түсініспеушілік туғызып отыр. Себебі, мемлекет басшысының өзі кеше қазақ тіліне қатысты саяси арандатушылықты қою керек екенін ескерткен болатын. Рамиль Мухоряпов бұл тұрғыда көп нәрсені ушықтырып жіберген сияқты және оның арты бизнесі үшін жақсылықпен аяқталмайтыны көрініп тұр» , – деп жазды.

Журналистің айтуынша, осыған байланысты алғашқы реакция пайда болды.

«Қазақ тілді аудитория бизнесмен Рамиль Мухоряпов иелік ететін Choco бизнесіне бойкот жарияламақ ниетін білдірді. Оның өнімдеріне баламалар ұсыныла бастады», – деді ол бұдан әрі.

Осылай деп түйін түйген журналист кәсіпкер Мухоряповтың нақты қандай өндірістерге қатысы бар екенін айтады.

Олардың қатарында мыналар бар:

 Chocolife.me купондарын BeSmart;

 Chocotravel авиабилет сервисін Kaspi Тревел;

 Chocofood жеткізу сервисін Glovo мен Wolt;

 Chocomart.kz, Lensmark.kz интернет дүкендері, Kaspi.kz дүкені;

 iDoctor.kz дәрігер іздеу сервисін Doq.kz сервисі.

Оның айтуынша, Рахмет кэшбек мобильді қосымшасын Dosmart қосымшасына алмастыруға болады.

Былтыр ChocoFamily-дің табысы 17,8 миллион доллар болған. Оның ішіндегі таза кіріс бойынша ақпарат жоқ. Бойкот – егер ол шын жұмыс істей бастаса, енді қараша-желтоқсан айларының түсіміне әсер ететін болады.

Негізі, Choco үшін желтоқсан, Жаңа жыл қарсаңы – ең табысты кезең. Тура сол табысты уақыттың алдында тәжірибелі бизнесменнің бұлай қателесуі күтпеген жағдай болды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама