Halyq Uni логотип
×

Каспий теңізіндегі қауіп, ғылымда жүрген әйелдер: итбалықтарды зерттеп жүрген Әсел Баймұқановамен сұқбат

Қазақстандық ғалымдар Каспий итбалығын сақтап қалу үшін не істеп жатыр?

 Ая Өміртай 19.10.2022 | 14:21
Каспий теңізіндегі қауіп, ғылымда жүрген әйелдер: итбалықтарды зерттеп жүрген Әсел Баймұқановамен сұқбат
Фото: Әсел Баймұқанованың жеке архивінен

Әсел Баймұқанова – көп жылдан бері Каспий итбалықтарын зерттеп жүрген ғалым. Қазір «Гидробиология және экология институты» мекемесінің мамандары Каспий итбалықтарын зерттеу үшін 40 күндік күзгі экспедицияға аттанды. Сапар алдында экспедиция мүшесі Әсел Баймұқанова Halyq Uni тілшісіне арнайы сұқбат берді. Өзінің айтуынша, оның бұл салаға келуіне әкесі көп ықпал еткен. Әкесі – Мирғалий Баймұқанов та ихтиолог, саналы ғұмырын балықтың даму сатылары мен эволюциясын зерттеуге арнаған жан.

– Әсел ханым, Каспий итбалықтарын зерттеу мақсатында экспедицияларға жиі шығып тұратыныңыз туралы бұрынғы сұқбаттарыңыз арқылы білдім. Бұл қандай зерттеулер? Жалпы өзіңіз туралы, зерттеу салаңыз туралы, жұмысыңыз туралы оқырманға әңгімелеп берсеңіз.

– Өзіңізбен сұқбаттасамын деп келіскеніммен көптен бері қолым тимей кетті. Өйткені далада жүргенде көп уақытым бола бермейді. Жұмыс көп, бірақ қолдан келгенше жауап беруге тырысайын. Алғаш рет 2013 жылы Марқакөлге экспедицияға шықтым. Ол жаққа оператор болып бардым. Шынымды айтсам, камераға аса жақын емес едім. Мен интуитивті түрде сол жерде жүріп үйрендім. Қателер көп болғанымен, процестің өзі ерекше ұнады. «Гидробиология және экология институты» мекемесінің алдында көптеген міндеттер тұр. Соның ішінде су және жағалау экожүйелерінің, зоопланктондардың, бентостардың, балық ресурстарының, сирек және жойылып бара жатқан балық түрлерінің, Каспий итбалықтарының жағдайын бағалау бойынша зерттеу жұмыстарын жүргіземіз.

«60 МЫҢДАЙ ИТБАЛЫҚ ЖАТЫР...»

– «Каспий итбалығына қауіп төніп тұр және оны сақтап қалу үшін шұғыл шаралар қабылдау қажет» деген едіңіз. Каспий итбалығының азаюының нақты қандай себептері бар?

– Оларға негізінен қауіп-қатер кеме қатынасынан, балық аулау шаруашылығынан төнеді. Сол сияқты климаттың өзгеруі мен теңіздің ластануы, мекендеу аймағының тарылуы да итбалықтар санының азаюына әкеліп жатыр. Табиғи факторларды да ескеруіміз қажет. Мәселен, Каспий теңізінің шығысындағы Дурнев аралдарын 2011 жылы 30 мыңға жуық итбалық мекендеген болса, қазір ол орын жоқ. Өйткені теңіздің қайтуынан су деңгейі төмендеген. Ірі шаруашылық кәсіптері саласындағы кеме қатынастары мен балық шаруашылықтары дәл Каспий итбалықтарының тарихи мекенінің маңына қоныс тепкен. Аралда итбалықтардың болмауының бір себебі де осы болса керек. Ал олардың не себепті бұл маңайдан қоныс аударуының себептерін айту үшін зерттеу қажет.

– Оларды сақтап қалу үшін қандай жоспарлар бар? Жалпы зерттеу жұмысыңыздың нәтижесімен бөлісе аласыз ба?

– Біз 2015 жылдан бері зерттеу жұмыстарымен айналысып келеміз. Осы уақыт аралығында көптеген шаруа атқардық деп айтуға әбден болады. Біздің қатарымызда итбалықтарды қорегін зерттейтін арнайы мамандар бар. Ол үшін итбалықтар мекендейтін аралдарға барып, тезегін зертханалық жағдайда тексерістен өткіземіз. Сол арқылы немен қоректенетінін анықтай аламыз. Итбалықтардың негізгі қорегі – шабақтар.

Сондай-ақ, Каспий итбалықтарының өлім-жітімін тексеру де біздің зерттеу аямызға кіреді. Жаппай қырылған кездерде, не болмаса көктемгі уақытта арнайы мониторинг жүргіземіз. Яғни, жемтіктен азу тісін ажыратып, итбалықтың өлгеніне қанша уақыт болғаны білуге болады. Осы зерттеулерден белгілі болғандай, итбалықтар 50-60 жасқа дейін өмір сүретіні анықталды. Қолда бар деректерге сәйкес, итбалықтар 20-30 жыл ғана жасайтыны анықталып отыр. Бұл – өте қорқынышты деректер. Тағы бір айта кетерлігі, биылғы қырылған итбалықтардың дені жаңа туған күшіктер екен.

Одан бөлек, біздің команда Каспий итбалықтарының мінез-құлық жағдайын де зерттеумен айналысып келеді. Оның ішінде өзім осы саланың зерттеу жұмыстарын атқарамын. Өздерін қалай ұстайды, климаттық өзгерістер кезінде қаншалықты бейімделе алады деген сұрақтар төңірегінде мониторинг жүргіземіз. Қазір итбалықтардың дені Каспийдің солтүстік-шығыс бөлігіне қоныс аударған. Ал мұндағы жағдайдың қалай болып жатқандығын әлі де зерттейміз. Итбалықтар санын анықтау мақсатында күзгі және көктемгі маусымда аралдарға барып санақ жүргізгенімізде, 60 мыңға дейін итбалықтың жатқанын анықтадық. Осы себепті Қазақстандағы Каспий итбалықтары мекендейтін бөлігі өте маңызды, өйткені итбалықтардың дені осы аралда қоныстанған. Мысалы, Каспийдің Ресей жақ бөлігін 600-ден астам итбалық мекен етеді. Одан бөлек зерттеу жұмыстарымыздың нәтижесінде ғылыми-көрнекті фильмдерді түсіреміз, осы жұмыстардан көптеген сұрақтардың жауабын табуға болады.

«ДАЛАДА ЖҮРГЕНДЕ ЕР МЕН ӘЙЕЛДІҢ АЙЫРМАСЫ ЖОҚ»

– Экспедиция кезінде қандай да бір қиын жағдайға кездескен кезіңіз болды ма?

– Қайсысы бірін айтайын, көп қой (күліп). Жылы үйден алыстап, сайын дала төсінде шатырда қону деген оңай емес. Жылу жоқ, далалы жерде күн ерекше суытып кетеді. Жел мен толқын күшейеді, кейде дауыл тұрады. Көктем мен күзде 30 күн итбалықтардың қасында қонатын болғандықтан барлығына төзуге тура келеді. Тіпті кейде дауыл соққанда шатырды жел ұшырып, жыртылып та кетеді. Сондай кездерде күн-түніне қарамай заттарыңды ық жерге тасисың. Бір аралдан екінші аралға 12-13 сағаттап қайықпен жолға шыққан жеңіл емес. Ылғал мен суық сүйегіңнен өтіп кетеді. Дегенмен қазір бұған бір кісідей төселіп алдық. Бірақ жаппай қырылып қалған итбалықтарға кездескенде мұның барлығы әншейін болып қалады. Өзім көңілшек болғанан кейін бе, жануарлардың топтасып қырылып қалғанын көру өте ауыр тиетін. Дегенмен жұмыстың аты жұмыс, қазір үйреніп қалдым. Далада жүріп-жүріп қалаға келе қалғанда да кері бейімделу біраз қиынға түсіп жататын бар.

– Қалай ойлайсыз, сіз көтеріп жүрген мәселені әйел адам жеткізсе маңызды естіле ме, әлде ер адам көтерсе маңызды бола ма? Жалпы ғылымдағы гендерлік теңдік мәселесі туралы айта кетсеңіз. Зерттеу барысында әйел адам ретінде шектеулерге ұшыраған кезіңіз болды ма?

– Далада жүргенде әйел мен ердің айырмасы жоқ. Керісінше әйел адам төзімді, шыдамды бола түсе ме деймін. Кейде бетпе-бет келіп қалғанда, ауыр жүктерді көтеріп те кетіп жатамыз. Ал ұжымда біржақты алалау жоқ. Он жылдан бері далалық зерттеу жұмыстарына қатысып жүрген әйел адам ретінде қандай да бір алалауға ұшырадым деп айта алмаймын. Бірақ кейбір атап айтатын сәттер болады. Мысалы, өз басым бір де бір далалық маусымдағы зерттеу жұмыстары мен бақылау кезеңдеріне бармай қалған кезім жоқ. «Әйелсің ғой, үйде қал» деп те ешкім айтып көрмепті. Өз арамызда түсінісіп кеткенбіз. Бірақ жалпы қоғамда гендерлік теңсіздік бар екенін жоққа шығармаймын. «Бұл әйелдің жұмысы емес. Отбасыңа қарап, үйде бол» деп жиі ескерту жасалып та жатады. Бірақ мұндай ескертуді маған әкем мен шешем айтқан емес, өйткені олар өмір бойы ғылыммен айналысқан адамдар. Енді қоғам болған соң қилы пікір айтылады, оның барлығын көңіліме ала бермеймін. Өзіміздің командамыз ерекше, мақтан тұтамын. Бір жағынан командамыздың жетекшісі – өзімнің әкем Мирғали Баймұқанов. Түптеп келгенде бақылау жұмыстарының қортынды есебін шығару өзіңе ғана байланысты болғандықтан, әкемнің жетекші болуы маған жеңілдік берді деп айта алмаймын.

«АТА-АНАЛАРЫНАН ГӨРІ БҮГІНГІ БАЛАЛАРДЫҢ ЭКОЛОГИЯ ТУРАЛЫ САНА-СЕЗІМІ ЖОҒАРЫ»

– Өзіңіз білесіз, жуырда Қазақстанның бірнеше ауданынан ірі өрт шықты. Өртті өшіруге жауапты мемлекеттің ұйымдардың шамасы жетпеді және мүдделі еместей көрінеді. Техникалық қауіпсіздік әзірлігі үнемі төмен деңгейде болады. Мұның нақты себептерін атай аласыз ба?

– Ауылда туып-өскендіктен, өрттің не екенін жақсы білемін. 1997 жылы біз Шығыс Қазақстан облысында Марқакөлде ауылды жерде тұрдық. Бала кезімізде дала өртеніп, ауыл өрттің ортасында қалды. Өрттің ортасында қалу өте қорқынышты. Жан-жағы тау, орман-тоғай болатын. Біз ол кезде баламыз, бәрімізді бір үйге жинап қойды. Ал ер адамдар бірі қалмай өртті сөндіруге аттанды. Үйсіз-күйсіз қалуың да мүмкін, ешкім білмейді. Бірақ абырой болғанда, қар жауып, ауыл іргесіне жақындап қалған өрт өшті. Бірақ адами факторды болдырмас үшін, қауіпсіздікке үлкен жауапкершілікпен қараған дұрыс. Табиғи тұтанған өрт басқа, ал адамның селқостығынан болған өрттің залалы үлкен. Экологиялық позиция тұрғысынан қарасақ, жүз жылдық тарихы бар өртенген орман бірден қалпына келе қоймайды.

– Сіздің ойыңызша халықтың экологиялық сауаты мен мәдениеті қандай деңгейде? Халықтың экомәдениетін даладағы демалыс орындарына тастап кететін қоқыс қалдықтарынан-ақ байқай аламыз.

– Экожүйенің баршаға ортақ дүние екенін көп жағдайда қаперден шығарып алатындаймыз. Экожүйенің саулығы – адамзаттың саулығы. Қазақстаның көп қалаларында ауаның ластану деңгейі жоғары, осыдан келіп тұрғындар небір ауруға шалдығып та жатыр. Осыны адамдар түсінбейді. Бұл белгілі бір облыстың ғана мәселесі болып қалмауы тиіс. Мемлекет министрліктермен келісе отырып, бірлескен іс-шараларды қолға алуы қажет. Таныстарыммен сөйлескенімде, олардың жан-жануар туралы сауатының аздығын байқаймын. Жануарлар экожүйенің маңызды бөлшегі, олар біздің көзқуанышымыз үшін, болмаса кедергі келтіру үшін жаралған жоқ. Мәселен, Каспий итбалығының амандығы Каспий теңізінің бүтіндігін білдіреді. Итбалық болмаса теңіз де жоқ екенін түсінуіміз керек. Қазақстанда экологияның салалық мәселелерімен айналысатын қаншама ғалымдар бар. Бірақ оларды ешкім естімейді. Ғылым мен білімді дамыта отырып, экологияны пән ретінде кеңірек оқытса деймін. Ол үшін адам өздігінен қызығуы тиіс, дегенмен баланы баулу да қызықты болуы ерек. Қазір қарап тұрсақ, ата-аналарынан гөрі бүгінгі балалардың экология туралы сана-сезімі жоғары келеді. Үлкендердің кінәсі деп айта алмаймыз, бұған экология туралы мағлұматтардың көп таралуы да әсер етіп отыр.

– Дәл қазір қандай жобаны іске асырып жатырсыз және алдағы мақсатыңыз қандай?

– Қазір Каспий итбалықтарын сақтау бойынша ұлттық іс-қимыл жоспарын әзірлеп жатырмыз. Жақын уақытта қабылдайды деген үмітіміз бар. Сондай-ақ, Каспий теңізінің қазақстандық акваториясында итбалықтар үшін мемлекеттік табиғи резерват құру бойынша бірқатар жұмыстар атқарылып жатыр, бұл – өте маңызды бастама. Мұны ел президенті Тоқаевтың өзі де атап өткен болатын. Бұл ретте итбалықтар Қазақстандағы сиреп бара жатқан жануарлардың қатарына енгізілді. Біз осымен ғана тоқталып қалмаймыз, мемлекеттік құзырлы мекемелермен бірлесе отырып итбалықтарды сақтап қалу жұмыстарын жалғастыра бермекпіз. Қазір негізгі мақсат – алдағы экспедицияны жоғары деңгейде өткізу. Өйткені келешекке қойып отырған үлкен мақсаттарымыз бар. Өзім үшін итбалықтардың мінез-құлқы мен мекендеу аймағын одан әрі зерттей түсу қызық. Түр ретінде әлі де толғандыратын сұрақтар көп. Ғылымға қыздардың көбірек келгенін, қорықпай араласқанын қалаймын. Бұл – өте маңызды. Ал каспий итбалықтарын әлем білуге тиіс. Ол үшін біздің команда үздіксіз жұмыс істеуін жалғастыра береді!

– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен Ая ӨМІРТАЙ

Серіктес жаңалықтары

Сараптама