«Оқырман қауым үшін үлкен өкініш болар еді». Мұхтар Мағауин Президентке хат жолдады
Қаламгер Тұрысбек Сәукетай биылғы мемлекеттік сыйлықтың іріктеуінен өтпей қалған
Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның халық жазушысы Мұхтар Мағауин 2022 жылғы Мемлекеттік сыйлықтың іріктеуіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Ол үздік қаламгер Тұрысбек Сәукетай ең соңғы іріктен өтпей қалғандығын, мұның қазақ қоғамының көкейкесті мәселелерін көтерген соқталы романның Мемлекеттік сыйлыққа жетпей қалуы – оқырман қауым үшін үлкен өкініш екендігін атап өткен.
«Айтпағым – қазақ рухы, қазақ мәдениетіне қатысты аз ғана бір уәж. 2022 жылғы Мемлекеттік сыйлық талқысы туралы соңғы хабардан естуімше, бүгінгі қазақтың атпал жазушысы, тіпті екінің бірі, үздік қаламгер Тұрысбек Сәукетай ең соңғы іріктен өтпей қалыпты. Абай атындағы марапатқа бірден бір лайықты – осы «Желқайық» романы еді. Тұрысбек – бүгін ғана жеткен прозашы емес, өткен он жылдықтағы «Ай қараңғысы» және кез келген басқа да романы осы мәртебегі татитын. Бүгінгі бәйгеге «Желқайық» түскен екен. Айтары жоқ, осы жаңа ғасырда дүниеге келген ең озық туындылардың бірі. Мұндай, биік көркемдік деңгейде жазылған, бүгінгі қазақ қоғамының көкейкесті мәселелерін көтерген соқталы романның Мемлекеттік сыйлыққа жетпей қалуы – көңілінде алалық жоқ зиялы қауым үшін, көзі қарақты, ұлт мүддесін ойлайтын оқырман қауым үшін үлкен өкініш болар еді.
Тұрысбек Сәукетайды лайықты сыйлығына жеткізу ендігі Сіздің қолда тұр деп білемін...», – делінген президент Тоқаевқа жолдаған хатында.
Тұрысбек Сәукетай – жазушы, аудармашы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.
1989-1999 жылдары «Жұлдыз» журналында бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы қызметтерін атқарған. Қазір «Жұлдыз» журналы бас редакторының орынбасары қызметін атқарады.
Көптеген әңгіме-повесть: «Сүткенже», «Айлы түн еді», «Қайыңдар, аппақ қайыңдар», «Көлеңкелер патшалығы», «Айқараңғысы», «Желқайық», «Эпилог», «Қызылбалақтың қазасы», «Мен – жындымын» романдарының авторы.
Айта кетелік, 2022 жылғы Қазақстан Республикасының Абай атындағы әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік сыйлығына әдебиет, кино, театр, музыка, сәулет және бейнелеу өнері салалары бойынша 25 жұмыс ұсынылған. Жасырын дауыс беру қорытындысы бойынша конкурстық іріктеудің келесі кезеңіне өткен үміткерлер анықталды.