Айгүл Ісмақовамен сұқбат: оқулықтардың сапасы, қазақ тілінің жай-күйі туралы
Келесі оқулықтар 2023 жылы ғана шығады
Соңғы күндері әлеуметтік желіде мектептегі «қазақ тілі мен әдебиеті» пәні оқулығының суреттері қызу талқыға түскен. Аталған оқулықтың мазмұны ғаламтор, Қазақстандағы ұлттар достығы, дұрыс тамақтану, жеңіс күні мен ғылыми фантастика сынды қазақ тілі мен әдебиетіне қатысы жоқ тақырыпқа толы. Ата-аналар мен мұғалімдер түгел сынаған оқулықтар қазір мектептерде оқытылып жатыр. Ал келер жылы бұл оқулықтарды жаңа оқу құралдары алмастыруы тиіс. Алайда, мамандардың айтуынша, жаңадан шығатын оқулықтың жасалу барысы да жұмбақ. Біз бұл турасында белгілі ғалым филология ғылымдарының докторы, профессор Айгүл Ісмақованың пікірін біліп көрдік.
– Әлеуметтік желіде жарияланған оқулықты сіз де сынадыңыз. Ішінде пәнге қатысты материал жоқтың қасы. Неге мектептерде әлі күнге сол оқулықтар қолданылады?
– Жуырда қазақ тілі мен әдебиеті бір оқулық болып шығады дейді. Бірақ оның ішінде не әдебиет, не қазақ тілі жоқ деуде болады. Қазіргі қазақ тілі оқулығын ашыңызшы, ішінде түрлі ақпарат бар, бірақ қазақ тілі пәні жоқ! Мұғалімдер хабарласып, жанайқайын айтып жатыр. Өйткені ендігі шығатын оқулықтар бұдан да сұмдық болуы мүмкін деген үрей бар.
Желідегі сөз болған оқулық қазақ мектебінің барлық сыныптарына тән. Бұл жұртқа жария боп жатқаны бергі жағы, оқулықтың ішін ақтарса одан да өрескел тұстары бар. Интернеттегі неше түрлі нәрсені насихаттайтын мәтіндер жүр. Қазақ тілі оқулығының ішінде қазақ тілінің ережелері, грамматикасы жоқ. Тілдің грамматикасы болмаса, мектепте ол пән не үшін оқытылады? Орыс тілі оқулығын ашып қараңыз, тиісті сабақтары орнында тұр. Мен қарсы қойып тұрған жоқпын. Бірақ, қазақ тілі де талапқа сай болуы керек.
Бұл Сағадиевтің (Ерлан Сағадиев, бұрынғы Білім және ғылым министрі – ред.) кезінен осылай келе жатқан жағдай. Қазіргі министрлік өкілдері осыны бюджеттің ақшасы жұмсалып кетті ғой деп, жылы жауып қойған. Бірнеше жыл бұрын осы туралы айтқанымда «апай, бюджеттің ақшасы бекітілді, енді 2023 жылға дейін осы оқулықтар болады, ақша күйіп кетті, енді оқулыққа ақша бөлінбейді» деген. Бірақ, мына тұрғыда қайта шыққаны дұрыс емес.
– Оқулық дайындауда сіздер секілді мамандар неге қатыстырылмайды?
– Бізді қатыстырмайды. М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институты бар, А. Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институты бар. Тіл білімі институтының мамандарына қаратады, әдебиеттен сын айтпайтын адамдар алынады. Оның өзінде, дайын болғанда тек бір-екі адамнан пікір алады. Олар бір айда қарап шығу керек. «Бір айда қарап, не айта аласың, соны жазып бер» дейді екен. Ал бағдарлама жоғары жақтан түседі.
Оқулыққа қатысты ата-аналардың пікірлерін оқысаң жаның ашиды. 2017 жылдан бері осылай келе жатыр. Кезінде қосымша оқулықтар бар, тіл ережелері оқытылады деген. Сөйтсем, онысы өтірік екен. Біз алданып қалдық.
– Мәселені бұлай қалдыра бермей, көтеру керек шығар?
– Келесі оқулықтар 2023 жылы ғана шығады. Алдағы желтоқсанда тұжырымдамасы жарияланады деп жатыр. Бірақ, соны дайындауға қатысып жатқан біздің мамандар «тура осылай кетіп бара жатыр» деді. Сондықтан олар да мәселе көтеріп жатыр.
– Кітапты дайындауға ғалымдар қатысты ма?
– Жоқ, ғалымдарды қатыстырмады. Себебі біз ондай оқулықтардың қалай болатынын білгенбіз, Кеңес одағы кезінде оқулықтар сапалы болған. Тарих пәні болса, оқулықтың ішінде тарих, қазақ тілі болса қазақ тілінің ережелері тұратын. Қазіргі оқулық сүйексіз болып бара жатыр. Бұл не асығыстық? Неге казақ тілі өз пән деңгейінде оқытылмайды?
Келесі жылға дейін жетілдірілген оқу бағдарламасы қазір талқыланып жатыр. Кімнің талқылап жатқаны құпия. Біздің ешқайсымыз қатыстырылмаймыз. Астана мен Алматыдағы маңайымыздағы мұғалімдерден де сұрадым, ешкім қатысып жатқан жоқ. Олардың айтқаны, «бағдарлама жоғары жақтан түседі, біз тек соны орындаушымыз» дейді.
5-сыныптан бастап 11-сыныпқа дейінгі оқулықтардың ішін ашсаңыз тура әлгіндей жағдай. Одан да сорақысын көресіз. Ондай кітапты жазған авторлар бюджеттің ақшасын алдық деп отыр, онысы келесі ұрпаққа қиянат.
– Неге мұндай қателікке жол беріп алдық?
– Бұл Сағадиевтің істеп кеткен үлкен қателігі. Осыған қосымша шығарамыз деген сөзге алданып қалдық. Ал келесі жылы шығатын оқулық бұдан да сұмдық болады ғой деп алдын алып жатқанымыз. Ғалым ретінде елге осылай жария етіп отырмасам, бұдан артыққа шамам келмейді.
Бір топ мұғалім «неге қатыстырылмаймыз» деп бірнеше рет жазыпты, фамилияларын айта алмаймын. Бірақ, бір жалғыз топ бар, олардың айтуынша. Солар он шақты адам, өз пікірлерін айтатын ғалымдары болуы керек ішінде. Оларды ұйымдасқан топ демесе, басқаша қалай айтуға болады? Ал ұлттық мектептердің мұғалімдері, белсенді мұғалімдердің біреуі де өткізілмейді. Қаншама қазақ тілі грамматикасының мамандары бар, еңіреп отыр. Мұның бәрі Сағадиевтің «реформасының» нәтижесі. Ал келесі оқулықтар қалай болатынынан тағы бейхабармыз. Министрлік жауап беретін шығар деп ойлаймыз.
Ахмет Байтұрсынұлы 1914 жылы «Қазақ» газетінде «Бастауыш мектеп» деген мақала жазған. Сондай былай дейді: «Дербес қазақ мемлекетінің басты идеологиялық қару-жарағы – бастауыш қазақ мектебі. Бастауыш қазақ мектепте ана тілінде сабақ сапалы жүрсе, ана тілімен қаруланған қазақ Отанына адал қызмет етеді, жерін қорғайтын Отаншыл азамат болып қалыптасады» дейді. Қазақ мектебінде ана тілінде сапалы білім бермесек, қазақ тілі мынандай сорақы оқулықтармен оқытылса, біз Тәуелсіздікке ие болатын ұрпақты қайдан аламыз?