Дзюдодан ұлттық құраманың бас жаттықтырушы: «Команданы жасартамыз»
Талантты жастар жетеді
Дзюдодан Қазақстан ұлттық құрама командасының бас жаттықтырушысы Нұрбол Сүлейменов Ташкент қаласында өткен әлем чемпионатынан кейін қай балуанның командада қалатынын, кімдердің кететінін айтты.
Жақында Өзбекстанның астанасында болған әлемдік дода Қазақстан құрамасы көңіл көншітерліктей өнер көрсеткен жоқ. Ұлттық құрама небәрі екі қола жүлде ғана алды. Елдос Сметов 60 килода қола жүлдегер атанса, Абиба Әбужақынова қазақ қыздарының арасында тұңғыш рет қола медальді жеңіп алды. Ал басқа балуандарымыз жарысты бірінші айналымнан соң аяқтады. Олардың қатарында Абылайхан Жұбаназар, Ислам Бозбаев, Дидар Хамза мен Ерасыл Қажыбаев бар.
Қазақстан құрамасының осы сәтсіздігінен кейін ұлттық құрамасының бас жаттықтырушысы Нұрбол Сүлейменов команданы қайта жасақтайтынын ескертті.
Жеті күндік жарысымыз аяқталды. Енді осы жарыстан соң Ислам Бозбаев, Ерасыл Қажыбаев, Дидар Хамза секілді балуандарды командададан шеттетеміз. Олар келесі әлем чемпионатына бармайды. Орнына жас балуандарды апарамыз. Бізде жас талантты жігіттер көп. Соларға мүмкіндік береміз. 60 килоны қазақтың төл салмағы деп айтуға болады. Елдос Сметов, Мағжан Шәмшадин, Бауыржан Нарбаев... Бұл салмақта бәсекелестік күшті. 66 килода Ғұсман Қырғызбаевты көрдіңіздер. Жаман емес. Ермек Амангелді деген жақсы балуанымыз бар. Ол жарақатына байланысты бір жыл күреспей, енді жаттығуды бастады. 81 килода Абылайхан Жұбаназар есімді жас балуан өсіп келеді. Енді соларға мүмкіндік береміз, – деді Нұрбол Сүлейменов.
Бас жаттықтырушының айтуынша, енді команда жасарып, қайта жасақталады.