«Торғай өңірі жол азабын тартып отыр». Депутат министрге сын айтты
Келесі жылы жаңа жобаларды бастаймыз деп ойлап отырмыз, – деді Қайырбек Өскенбаев
Үкімет сағатында Мәжіліс депутаты Берік Бекжанов Индустрия министрі Қайырбек Өскенбаевке Торғай өңірінің жұртшылығының жол азабын тартып жатқанын айтты.
Ол Астана мен Арқалық қалаларының арасындағы республикалық маңызы бар жолдың еліміз тәуелсіздік алған кезден бері ескерусіз қалып, жөнделмей жатқанын еске салды.
«Өздеріңіз жақсы білесіздер, қазақтың қаймағы бұзылмаған, зиялылары шыққан өңірдің бірі Торғай. Өкінішке қарай, бүгінгі таңда Торғай өңіріндегі бауырларымыз осы бір жол азабын тартып жатыр. Бұл бәріне белгілі, ешкімге жасырын емес. Егер де есіңізде болса, Үкіметте Астана – Арқалық қалаларының арасындағы жаңа жоба жұмысын бастау мәселесі көтерілген болатын. Қазіргі таңда бұл жобаның тағдыры қандай?», – деп сұрақ қойды Бекжанов.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Астана – Арқалық бағытында жол ауқымды жобалардың бірі екенін, осы бағыттағы тасжолды жөндеу 2021 жылы басталатын болғанын, алайда басқа жұмыстарға байланысты оны жалғастыруға мүмкіндік болмай тұрғанын айтты.
«Қазіргі таңда 11 мың шақырым жолды жөндеп жатырмыз. Келесі жылға дейін аяқтасақ, жаңа жобаларға көшеміз деп ойлап отырмыз», – деп жауап берді Қайырбек Өскенбаев.
Ол 11 мың шақырымдық жолдың құрылысы біткен соңғ жаңа жобалардың қашан басталатынын айтпады.