Біз Украинада ешкімді өлтірген жоқпыз, өлтірмейміз де! – Лукашенко
Беларусь соғысуға ниетті емес
Беларусь президенті Александр Лукашенко белорус солдаттарының Украинада ешкімді өлтірмегенін, бұдан былай да ешкімді өлтірмейтінін айтты.
Бұл туралы БелТА хабарлады.
АҚШ-тың NBC телекомпаниясына берген сұхбатында белорус лидері Ресейдің Украина жерінде жүргізіп жатқан «арнайы әскери операциясына» қатысуы жайында берілген сұрақтарға жауап берді.
Интервьюрер президенттен Беларусьтің ресейлік оккупанттар ұйымдастырып жатқан «әскери операцияға» қосылатын-қосылмайтыны туралы сұрағанда ол былай деді:
«Мен бұған дейін де талай айтқанмын, тағы да қайталап айтамын. Біз Ресейді жан-жақты қолдап отырғанымызды еске алатын болсақ, әскери операцияға қатысып келеміз. Біздің қолдауымыз батыс шекарамызды, Польша мен Литваға қатысты айтып отырмын, Беларусь арқылы Ресейдің ту сыртынан соққы берілмеуі үшін жауып тастағанымызбен айқындалады. Басынан солай болды», – деді Лукашенко.
«Бүгінде біздің соғысқа қатысуымыз ресейліктер мен украиндарды емдеп жатқанымыздан, ресейліктер мен украиндарға тамақ беріп жатқанымыздан, бәрінен бұрын Украинадан қашып келгендерге пана тауып беріп отырғанымыздан көрінеді. Беларуське күн өткен сайын сондай 400-500 адам келеді. Біз олардың құқықтарын толық қорғап отырмыз, – деді Александр Лукашенко. – Бірақ біз ана жақта ешкімді өлтіріп жатқан жоқпыз. Олай жасайын деп те отырғанымыз жоқ. Бізді, біріншіден, ешкім де, бұл операцияға қатысуға шақырмайды. Ресейді айтып отырмын. Екіншіден, біздің өзіміз де бұған тартылуға ниетті емеспіз. Біз бұл жайында ұдайы айтып келеміз. Шамасы, біздің айтқанымызды ешкім тыңдамайтын болуы керек, неге екенін білмеймін, осыны қайталап сұрай бересіздер. Ол енді – өз шаруаларыңыз».