Бұған нормативтік құжаттар әзірленіп жатыр
Қазақстанда құрылыс нарығындағы сұраныс пен ұсыныстың теңгерімін реттеу тетіктері әзірленіп жатыр. Бұл туралы бүгін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Министр мәліметінше, ведомство тұрғын үй нарығында монополияның бар-жоғын қадағалап отыр.
Егер BI-Group бойынша айтсақ, астанадағы тұрғын үй саласындағы үлесі 22,7%, Алматы бойынша шамамен солай. Базис те сол шамада. Біреуді монополист деп тану мәселесі тұрған жоқ. Алайда тұрғын үй бағасы бойынша үлкен айырмашылық бар. Егер тапсырылған тұрғын үй көлемі бойынша BI-Group мысалы 22,7 % алса, ал бағасы бойынша 42% көрсетіп отыр. Бұл оның аз салып, қымбатқа сататын көрсетіп отыр. Бұл жерде екі мәселе бар: оның пәтерлері сапалы және жоғары сұранысқа ие немесе ол жақсы менеджер ретінде өз пәтерлерін сатуды біледі. Біз бұл жұмысты үнемі бақылап отырамыз. Біз демонополизацияны жүргізу үшін әрі қарай бірқатар нормативтік құжатты әзірледік, – деді Өскенбаев.
Бүгінде министрлік монополизацияға жол бермеу үшін және біреулердің нарықта үстемдік етуін болдырмау үшін жүйелі шаралар қабылдауды жоспарлап отыр.
«Өкінішке қарай, қолданыстағы мемлекеттік сатып алу жүйесі бойынша біз кез келген қатысушыны қандай да бір конкурсқа қатысуға жіберуден бас тарта алмаймыз. Мысалы ірі компания Ақтаудағы жол құрылысының конкурсын жеңіп алады. Бірақ олардың сол жаққа күш жұмылдырып жатқанын көре бермейміз. Яғни, осы жақтан бүкіл техникасын апарып әуре болмайды. Сол жердегі техниканы, адамдарды жалдай бастайды. Сондықтан жергілікті құрысшыларға әлдеқайда тең мүмкіндік беру үшін «Егер ірі нысанның тендеріне қатыссаң, сол жерде өз техникаң мен адамдарың болсын» деген талап қоймақшымыз. Біз осындай жолмен жүреміз. Яғни, біреуді сөзбен көндірейік деп отырған жоқпыз. Монополизацияға жол бермеу үшін және біреулердің нарықта үстемдік етуін болдырмау үшін жүйелі шаралар қабылдаймыз», – деді ол.
Оның айтуынша, жыл сайын Қазақстанда шамамен 2 млн шаршы метр тұрғын үй салынып жатыр. Алайда отандық құрылыс индустриясы бұл қарқынға үлгермей жатыр.
«Инженерлік коммуникациялар, жылу, энерго жүйелерінің қосылуы қосымша уақытты талап етеді. Олар бір жыл ішінде қуатын 20-30% ұлғайта алмайды. Осыған байланысты Мемлекет басшысы құрылыс индустриясы мен инфрақұрылым қолындағы қуатты қазіргі көлеммен теңестіріп алу туралы міндет қойды. Біз қазір талдау жасап, алда құрылысшыларды бұл мәселеде сабырға шақырамыз», – деп қосты ол.