Премьер әкімшілік жауапкершілікті қатаңдату керек дейді
Премьер-министр Әлихан Смайылов үкімет отырысында кедендік әкімшілендіруді жетілдіру туралы айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Бірінші. Қытаймен арадағы кедендік статистика деректерінің алшақтығы өткен жылдың қорытындысы бойынша 5,7 млрд долларды құрады. Оған негізгі себептердің бірі – тауарлар құнын кемітіп көрсету әрі дұрыс декларацияламау. Демек мәселе бизнестің тазалығына байланысты болып отыр. Соңғы 4 жылда алшақтық 20%-ке қысқарды. Бұл – жақсы динамика. Бүгінде Қаржы министрлігі 5 мыңнан астам тауар позициясының құндық индикаторларын қайта қарады. Бұл жұмысты жалғастыру қажет. Сонымен қатар Қаржы министрлігі «Қазақстан темір жолы» компаниясымен бірлесіп, тасымалданатын тауарлар бойынша Қытай тарапымен ақпарат алмасу мәселелерін пысықтауы қажет, – деді ол.
Оның айтуынша, екіншіден, Мемлекет басшысы уәкілетті экономикалық операторлардың қызметіне қойылатын талаптарды қатаңдату жөніндегі шараларды қарастыруды тапсырды. Осыған байланысты өзі Ұлттық экономика және Қаржы министрліктеріне экономикалық операторлардың қызметіне қойылатын талаптарды заң жүзінде күшейту мәселесін қарауды тапсырды.
«Үшінші. Пандемияға байланысты шектеулер салдарынан Қазақстан-Қытай шекарасында көліктер тұрып қалғаны белгілі. Уақытша жабық тұрған өткізу пунктерінің жұмысын қалпына келтіру мақсатында Қытай тарапымен 15-ші ақпаннан бастап «Нұр Жолы», «Бақты» және «Достық» өткізу пунктерінен бөлек «Майқапшағай» өткізу пунктінің жұмысын қалпына келтіру туралы келісімге қол жеткізілді. Енді осы жұмысты іске асыру қажет», – деді үкімет басшысы.
Смайыловтың айтуынша, төртіншіден, кедендік әкімшілендіруді цифрландыру бойынша ауқымды жұмыс жүргізілуде. Қабылданып жатқан шаралар процесті оңтайландыруға, кедендік рәсімдер кезінде бизнесті жүргізуді жеңілдетуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар бюджетке кедендік төлемдер мен салықтардың толық төленуін қамтамасыз етуі тиіс. Осыған байланысты Қаржы министрлігі «Астана-1» және «Бірыңғай терезе» ақпараттық жүйелерінің сапалы жұмыс істеуін қамтамасыз етуі қажет.
«Бесінші. Бүгінде әкімшілік айыппұлдардың мөлшері жауапсыз кәсіпкерлер келтіріп отырған шығындардың көлеміне сай емес. Осыған байланысты Әділет, Қаржы және Ұлттық экономика министрліктері Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске кеден саласындағы заң бұзушылықтар үшін әкімшілік жауапкершілікті қатаңдатуға бағытталған түзетулер әзірлеуі қажет», – деп түйіндеді премьер.