×

«Наурызда қардың күрт еруінен жағдай қиындауы мүмкін». Премьер су тасқынына дайындалуды тапсырды

Наурыз айы қалыпты нормадан жылы болады деген болжам бар

 Қымбат Елтайқызы 22.02.2022 | 10:00
фото: Halyq Uni

Премьер-министр Әлихан Смайылов үкімет отырысында су тасқыны кезеңіне дайындық барысы туралы айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Оның мәліметінше, наурыз айы қалыпты нормадан жылы болады деген болжам бар. Демек, қардың күрт еруінен бірқатар өңірдегі жағдай қиындап кетуі мүмкін.

Кейбір аймақтағы жағдай жылдан жылға қайталанып келеді. Бұл бірінші кезекте Төтенше жағдайлар министрлігі мен жергілікті билік арасындағы жауапкершілікті бір-біріне сілтеу мәселесіне қатысты болып отыр, – деді ол.

Смайыловтың дерегінше, су тасқынының алдын алу және одан келетін шығындарды азайту әкімдіктердің жүйелі жұмысына тікелей байланысты. Әкімдіктер күнделікті қар шығару, арықтарды тазалау, уақытша бөгеттерді салу жұмыстарын уақытылы жүргізуі тиіс.    

«Төтенше жағдайларға жергілікті бюджеттерде жеткілікті қаражат қарастыру керек. Су тасқынын алдын алуға қатысты барлық мәселені әкімдер қатаң бақылауда ұстауы тиіс», – деді премьер.

Смайыловтың айтуынша, қазір су тасқынына қарсы жұмыстар жүріп жатыр, бірақ, мұны мойындау қажет, ұзақ уақыттан бері жүйелі шаралар қабылданбай келді. Соның ішінде гидротехникалық құрылыстарды жөндеу мәселелері әлі шешімін таппай отыр. Қараусыз қалған бөгеттер мен су қоймаларының иелерін анықтау жұмысы аяқталған жоқ. Осыған байланысты ол келесі тапсырмаларды берді:

  1. Экология министрлігі әкімдіктермен бірлесіп, гидротехникалық құрылыстарда шұғыл жөндеу жұмыстарын жүргізу бойынша шаралар қабылдасын. Қараусыз қалған гидротехникалық құрылыстарды анықтап, оларды коммуналдық меншікке беруді аяқтау қажет. Сонымен қатар су қоймаларының қауіпсіз көлемін белгілеп және оларды толтыруды тұрақты бақылауға алу керек. Қажет болса алдын ала қауіп болмайтындай етіп суды жіберіп отыру керек. Қазгидромет мемлекеттік органдарға ауа-райы болжамын уақтылы беріп тұруы тиіс.
  2. Индустрия министрлігі мен әкімдіктерге су тасыған кезде жолдардың, көпірлер мен бөгеттердің дайын болуын қамтамасыз етуді тапсырамын.
  3. Төтенше жағдайлар министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен және әкімдіктермен бірлесіп, су тасқынына қарсы барлық іс-шараларды үйлестіруді және олардың сапалы іске асыруды қамтамасыз етсін. Экология министрлігімен бірлесіп, трансшекаралық өзендердегі жағдай туралы көршілес мемлекеттермен өзара мәлімет алмасуды ұйымдастырсын. Сонымен қатар Төтенше жағдайлар министрлігі әкімдермен бірге жедел штабтар құруды, тасқын қаупі туындаса, халықты уақытылы хабардар етуді қамтамасыз етсін.

Бұған дейін еліміздің 500-ге жуық жол учаскесінде су тасуы мүмкін екені белгілі болды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама