Абзал Әжіғалиев спортшылардың олимпиадаға дейін қандай кедергілерге тап болатынын айтты
Қазақстандық спортшылар Бейжің олимпиадасынан медальсіз қайтты
Бейжіңде өткен қысқы олимпиадада ел намысын қорғаған Абзал Әжіғалиев жанкүйерлерге алғысын айтып, қазақстандық спортшылардың олимпиадаға дейін қандай кедергілерге тап болатынын айтып берді.
Абзалдың айтуынша, Қазақстанда шорт-трекшілердің жаттығуына сай келетін жалғыз мұз айдыны – «Алау» кешені. Алайда, ол жерде спортшыларға тұрақты дайындық жасауға мүмкіндік берілмейді екен. Сондықтан олар амалдың жоқтығынан Еуропаға немесе Ресейде барып жаттығады екен.
«Алауда» бәрі керемет болғаныман, ол кешен ұлттық құрамаға арналмаған. Бізге таңертең және кешке екі сағаттан жаттығу жасау керек. Мұз сарайы жекеменшік болғандықтан барлығы ақшаға келіп тіреледі. Ал ұлттық құрамаларда ондай ақша жоқ. Бізде онда арнайы орын қарастырылмаған, тіпті жаттығу кезінде заттарымызды тастап кететін арнайы киім ауыстыратын жер де табылмайды. Бейжің олимпиадасының алдында біз «Алауда» дайындалдық. Бірақ бізге мұз айдыны тек олимпиада алдында емес, үнемі керек», - деп жазды спортшы.
Мұз айдыны ұлттық құрамадағы спортшыларға ғана емес, жастар мен жасөспірімдерде де қарастырылмаған екен.
Нақты біздің спортымыз үшін басты проблема осы. Барлығы медаль сұрайды. Ал бізде тіпті қысқы спорт түрлеріне арналған база да жоқ. Ал жанкүйерлер мұндай спорттың барынан тіпті хабарсыз, - деп өкініш білдірді.
Абзалдың айтуынша, әр өңірде мұз сарайлары салынғанымен, олардың ешқайсы шорт-трекшілердің жаттығуына жарамайды. Тіпті, Алматыдағы кешен де. Барлық жерге борт орналастырылған. Мұндайда спортшыларда жарақат алып қалу қауіпі өте жоғары.
«Бізге керекті құрал жабдықтарды тек заңда рұқсат етілген шамада алып береді. Инвентарь алуды біз үшін мұздан кейінгі үлкен мәселе деп айтар едім. Дәл осындай проблемаға Токио олимпиадасы алдында садақшылар да тап болды. Осы проблема барлық спортшының басынан өтеді және спортшылар әрдайым осыны айтып келеміз. Бірақ оған министрлік немесе басқармалар мән беріп отырған жоқ. Көңіл аударса да тек Олимпиада алдында есіне алады. Кәсіби спортқа тек Олимпиада кезінде емес, үнемі, тұрақты назар аударып, жұмыс істеп отыру керек. Біздің спорт үшін веложаттығулар өте маңызды. Оған велостанок, велосипед, конькиімізді қарайтын гейч пен күш өлшейтін техникалар керек. Барлық елдің командалары мұнымен толық қамтамасыз етілген, біз оларды онсыз да жеңіп жүрміз. Бірақ бізге берілген уәде, уәде күйінде қалады. Әрдайым әңгіме инвентарьға келіп тірелгенде госзакуптың процестеріне байланысты кешіктіріліп жатыр деп сылтауратады. Халықаралық жаттығулар біздің жабдықтарымыз жоқ деп тоқтап тұрмайды ғой. Нәтижесінде біздің механиктер өз қалтасынан ақша шығарып, конькиге арналған заттарды сатып әпереді. Немесе біз «заңда рұқсат етілмеген» деп айтқан соң кейбір құралдарды өз ақшамызға жинап алуға тура келеді. Себебі, біз инвентарь жоқ немесе жетпейді деп бір жарысқа қатыспай қоя алмаймыз. Біздің жарыстар тендер қашан өтетінін күтіп отырмайды. Бұл тек биыл емес, жылда қайталанатын нәрсе», - деп жазды ол.
Абзал Әжіғалиевке облыстық спорт басқармасындағылар осыған дейін велосипед алып береміз деп бірнеше рет уәде берген. Бірақ кейін тым қымбат екенін айтып, бұл мәселе де аяқсыз қалған. Демеушілерге де өтініш айтқан, бірақ олар да жауапсыз қалдырған.
Бізде спортты дамыту керек деп көп айтады. Бірақ бұған дейін айтқанымдай, қысқы спорт үнемі жазғы спорттың тасасында қалып қалады. Қысқы спорт ешкімге қызық емес, - дейді Абзал Әжіғалиев.
Жалпы, Қазақстанда шорт-трек спорты туралы көп адам біле бермейді, БАҚ беттерінде де көп жазылмайды.
«Шорт-тректі түсінетіндер аз. Қазір көбі олимпиада ойындарын көріп, бұл спорт түрімен танысқанын жазады. Бірақ біз көп жылдар бойы әлем кубогтарына қатысып, әлемнің үздік ондығына кіреміз, Олимпиада чемпиондарымен бірдей жүгіріп, оларды озып та жатамыз. Жеңеміз. Бірақ медаль алған кезде ешқандай қолдау болмайды, кішкене болса да осы мәселеге назар аударылып, сыйақы тағайындалса. Бұл да заң бойынша қарастырылмаған. Ал спортшылардың жалақысы, айлығы Қазақстандағы орташа жалақыға жете бермейді. Жеңіске жеткенде ел намысын қорғаймыз, бірақ оның жемісі ретінде назар да аударылмайды. Бізде басқа елдердегідей демеушілік жоқ, тек мемлекетке ғана сенеміз. Осылай айтқаным дұрыс па, жоқ па білмедім. Бірақ олимпиададан басқа кезде ешкімге керек емес спорттан қалай нәтиже күтуге, сұрауға, талап етуге болады?», - деп мәселе көтерді.
Абзал Әжіғалиев 2018 жылы өткен қысқы олимпиададан кейін жарақат алып, қиындыққа тап болған. Тіпті, сол уақытта құрамадан шеттетіліп, өз қаражатына емделген.
Бізде жарақат алсаң ешкімге керек емессің. Ал кәсіби спортта – әсіресе біздің спортта жарақат көп кездеседі. Өзіңді, өміріңді спортқа арнап, осындай жағдайға тап болғанда соңында жалғыз қаласың, - деп өкініш білдірді спортшы.
Бейжіңде өткен қысқы олимпиадада қазақстандық спортшылар бірде-бір медаль алған жоқ. Спортшы ол үшін жағдай жасалынуы керек екенін айтып, бұл өтініші тиісті жерлерге жететініне үміт білдірді.