Halyq Uni логотип
×

Чарли Чаплин, соғыс, өнер: Астанада спектакль қойған 25 жастағы ресейлік режиссермен сұқбат

Жас режиссер Чарли Чаплинді сахналау идеясы қалай туғанын айтып берді

 Ая Өміртай 13.10.2022 | 15:21
Чарли Чаплин, соғыс, өнер: Астанада спектакль қойған 25 жастағы ресейлік режиссермен сұқбат
Фото: Halyq Uni

Қазан айының алғашқы жексенбісінде Әзірбайжан Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театрында «Чарли Чаплин» трагикомедиялық қойылымының премьерасы өтті. Елордалық көрермен комедияның королі, режиссураның данышпаны деп әспеттелетін Чарли Чаплиннің жаңаша бейнесімен қауышты.

Қойылым Санкт-Петербордан арнайы шақырылған жас режиссер Николай Балобанның қолтаңбасымен сахналанды. Аударған – Ілияс Мұратбек. Осы орайда Halyq Uni тілшісі режиссерді әңгімеге тартты.

– Чарли Чаплинді сахналау идеясы қалай туды? Бұрыннан белгілі ме еді?

– Спектакльді сахналасам деген ой бір жыл бұрын туды. Әзірбайжан Мәмбетов театрының бас режиссеры Ұланмырза Қарыпбаев бірге жұмыс істеуге шақырды. Ол кісі кино стилінде заманауи туынды болуын сұрады. Сол сәтте есіме бірден Чарли Чаплин оралып, оның өмірбаянына құрылған қойылымды сахналасақ деп ұсындым. Осылайша ойға алған ісімізді аяқтап шықтық.

– Біздің жас театрымыздың артистерімен жұмыс істеген қалай екен?

– Мұнда келерде қарапайым акробатикалық элементтерді іске асыру қалай болар екен деп іштей күмәнданғаным рас. Бірінші кездесуімізден-ақ барлығы көңілімдегідей болып шықты. Театр артистері өздерінің этюдімен мені таң қалдырып тастады. Олар әркелкі, түрлі тақырыпта және күрделі акробатикалық элементтерді қамтыған этюд дайындаған екен. Бір сөзбен айтқанда таң тамаша болдым!

– Бұл сіздің Қазақстанға алғаш келуіңіз бе?

– Иә.

– Қойылым жанры мен қойылу мәнері туралы айтып берсеңіз.

– Біз Чарли Чаплиннің тартысқа толы тіршілігін басты есепке алдық. Қойылымның негізгі идеясы осы Чаплиннің өмір баянынан бастау алады. Ә дегенде әлемдік кинематографияның бастауында тұрған осынау аңыз адамның өмір жолына дендеп енбейінше, яғни шығармашылығы мен комедиялық туындыларымен ғана шектелер болсаң Чаплиннің фильмографиясы сынды көңілді туынды жасаған болар едім деп ойлауың кәдік. Өмір жолында сан мәрте сыналған Чаплиннің тілге тиек болған сан-соқпақты оқиғалары спектакль жанрына әсер етпей қоймайды. Біздің бірте бірте әзірлігіміз трагикомедия жанрындағы осындай спектакльдің тууына себеп болды.

– Спектакль барысында соғыс тақырыбы да көтерілді. Тіптен қойылымның негізгі кілті десе де болғандай. Соғыс тақырыбын қозғау арқылы көрерменге қандай ой жеткізігіңіз келді?

– Олай демес едім, сіз айтқан соғыс тақырыбы пьесаның негізгі тоны деуге келмейді. Дегенмен Чаплин өз дәуірінде екі бірдей алапат соғысты өткерді. Аяусыз революция мен жойқын соғыстардағы Чаплин күйзелісі оның шығармашылығынан айқын көрініс тапты. Ол бірінші дүниежүзілік соғыс тақырыбына орай бірнеше фильм түсірген болса, екінші дүниежүзілік соғыс тақырыбына салмақты, есейген суретші ретінде аяқ басты. Осы кезеңде толықметрлі алғашқы дыбысты фильмін түсірді. Сөз бар. Сондықтан суреткердің өмірбаянындағы уақыт пен кеңістікті сипаттайтын сол бір кезеңге соқпай өтуіміз мүмкін емес еді.

– Өмірбаян дегеннен шығып отыр, Чаплин «кішкентай адам» образымен небәрі 25 жасында-ақ әлемге танылған актер атанды. Өзіңіз де осы Чаплиннің жасында екенсіз. Біздің оқырмандарға жас режиссердің еңбек жолы жөнінде айтып берсеңіз.

– Еңбек тәжірибем ерте жастан басталды. Бала кезімде Петербургте театр студиялары көбейе бастаған тұспен сәйкес келді. Артынша «Мюзик-Холл», Санкт-Петербург музыкалық комедия театры сынды кәсіби театр жобалары басталып, үлкен театр сахнасына шыға бастадым. Бірнеше жылдан бері «Синяя птица» театрында пантомима және пластикалық білім беруден сабақ бердім. 2020 жылы Ресей мемлекеттік сахналық өнер институтын бітірдім. Академияда Геннадий Рафаилович Тростянецкий жетекшілігімен Новгородта «Гамлет» қойылды. Кейін Санкт-Петербур театрында «Русалка», «Декамерон» спектакльдеріне қатыстым. Қазір де актерлік кәсібімді жалғастырып келемін.

– Ресей мен Украина арасындағы жағдай бүгінгі өнерге қалай әсер етіп жатыр? Мәселен, екі ел арасында еңбек етіп жүрген мәдениет және өнер қайраткерлері көп қой.

– Әрине, осы жағдайлардың барлығы оң әсер етіп жатпағаны анық. Өнер әрқашан саясаттан тыс және жоғары тұрады. Шынайы өнердің көкжиегі кең, сондықтан саясаттан гөрі жаһандық сұрақтарды көбірек қамтыса керек. Өзімді саясаттан аулақ ұстағым келеді.

– Бүгінде Ресейде әдебиетке, өнерге қатысты қандай да бір цензуралық тыйымдар бар ма?

– Дәл қазір ондайды ести қойған жоқпын. Қалай болғанда да ресми деңгейде тыйым салынған жоқ.

– Қазір ресейліктердің көбі алыс-жақын шет мемлекеттерге қоныс аударып та үлгерді. Қолынан келгені Ресейді тастап кетіп жатқаны рас. Сіз бұл жағдайға қатысты не дер едіңіз? Өзіңіз Ресейде қала бересіз бе?

– Барлығы жұмыс жағдайына қарай шешіледі. Жағдайдың қалай өзгергеніне қарай жоспарлай жатармыз. Ал Ресейден кетіп жатқандар үшін ең бастысы олардың жұмыссыз қалмағаны маңызды. Белгілі бір деңгейде жанға бататын жағдай. Осында келгенде актерлермен сөйлескенімде олар маған бір қызық әңгіме айтып берді. Айтуынша, қазақ театрлары сталиндік кезеңде жақсы дами бастаған. Яғни, Қазақстанға халықтарды күштеп жер аудару кезінде мамандардың келуімен түрлі салалар белсенді дамыған. Білім, тәжірибе алмасу жүруі заңды ғой. Осы тұрғыдан қарағанда өзіндік қызық тұстары бар сияқты. Ал Ресейдің келешегі туралы айту үшін саясаткер болу керек шығар. Мен өнердің адамымын.

– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен Ая Өміртай

Серіктес жаңалықтары

Сараптама