Ресей Азияға бет бұра бастады
Ресей президенті Владимир Путин Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің (АӨСШК) VI саммитінде Украинамен соғысты тоқтату туралы айтпады.
Ол саммитті өткізіп жатқан Қазақстанның бастамаларын қолдайтынын, Азияда бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтап, қалыптастыру үшін Кеңеске мүше елдер бірігіп қызмет ету керектігін атап өтті.
Сонымен бірге ол Ауғанстан аумағындағы жағдайды қалыпқа келтіру үшін бірігіп экономикалық көмек көрсетудің маңыздылығын айтты. Осы орайда Ресей басшысы АҚШ-тың Ауғанстанды «оккупациялаған» кездерінде келтірген залалдың орнын толтырып, заңсыз бұғаттаған қаражатын ауған елінің экономикасына жұмсау керектігін мәлімдеді.
Одан кейін Путин соңғы 30 жылдан бері біреудің есебінен өмір сүруге мүмкіндік беретін әлемдік қаржы жүйесінің жұмыс принциптерін қайта қарауды ұсынды.
Бірінші кезекте біз өзара есептеулерде ұлттық валюталардың пайдалануымыз керек. Мұндай шаралар мемлекеттеріміздің қаржылық егемендігін нығайтуға, капиталдың ішкі нарықтарын дамытуға, өңірлік экономикалық интеграцияларды тереңдетуге ықпал етеді, – деді ол.
Путин Ресей АӨСШК-нің барлық елімен қарым-қатынасты дамытатынын мәлімдеді. Алайда Украинамен соғысты тоқтату туралы ештеңе айтпады.