Halyq Uni логотип
×

Ердоған Украинаға қатысты мәлімдеме жасады

Түркия президенті соғысты дипломатиялық жолмен тоқтатуға болатынын айтты

 Дастан Жұмабекұлы 13.10.2022 | 13:18
Ердоған Украинаға қатысты мәлімдеме жасады
фото: Ақорда

Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің (АӨСШК) саммитінде мәлімдеме жасады.

Ол әуелі президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа қарата сөз сөйлеп, елімізідң қонақжайлығы үшін алғысын білдірді.

«Қымбатты ағам, Қасым-Жомарт Тоқаев мырза, құрметті қонақтар, мен АӨСШК саммитіне қатысқаныма қуаныштымын. Тоқаев мырзаға және қазақ бауырларға қонақжайлық үшін алғысымды білдіремін. Сондай-ақ, осы отырысқа қатысқан Кувейтке қош келдіңіздер деймін», –  деді Түркия президенті.

Одан әрі Ердоған Түркияның АӨСШК құрылған кезден бері оған жаңа елдерді мүшелікке қабылдауды қолдап келе жатқанын, осы жолы да Кувейттің де ұйымға қосылғанын қолдайтынын айтып, әлемдік қауіпсіздік архитектурасының неғұрлым әділ және тең құқықты дәрежеде болу керектігін атап өтті. Осы ретте Түркия басшысы Украинадағы жағдайға тағы да алаңдаушылық білдіретінін, соғысты тоқтатуға бар күш-жігерін жұмсайтынын мәлімдеді.

«Украинадағы жағдай әлемдік сипат алып кетті. Мен әрқашан әділетті әлемді дипломатия арқылы орнатуға болатынын айтып келемін. Соғыста жеңімпаз жоқ. Екінші жағынан, біздің БҰҰ-мен соғыстың салдарын жою жөніндегі күш-жігеріміз бүкіл жер-жүзінде мойындалды. Қара теңіз арқылы Украина астығын экспорттау туралы Ыстамбұл келісімі және өткен айда басталған тұтқын алмасу жұмыстары - осы бағыттағы жетістігіміз. Біздің мақсатымыз - жергілікті жерлердегі барлық қиындыққа қарамастан, қантөгісті мүмкіндігінше тезірек тоқтату», –  деді ол.

Сонымен бірге Түркия президенті дүниежүзі бойынша ара-кідік төбе көрсететін террористік актілерді айыптап, Ауғанстанда бейбітшілік пен тұрақтылық орнату қажеттігін жеткізді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама