Бұл мәселені сенаторға Алматы облысы Кеген ауданының тұрғындары айтып берген
Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы шекара бөлігінде бөгеттер орнатылмаған. Салдарынан бұл аумақтағы жердің игілігін қазақстандықтар емес Қырғыз азаматтары көріп отыр. Бұл туралы Сенат депутаты Нұржан Нұрсипатов айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Бұл аумақта Қазақстан тарапынан шекара сызығына тікелей жанасатын бірінші шептің инженерлік бөгеуіштері жоқ. Тек екінші шебі, жол жиегіне параллель орнатылған бөгеуіштермен белгіленген. Осылайша, бірінші және екінші шептердің арасындағы 4 мың гектарға жуық ауыл шаруашылығы және 15 мың гектардан аса орман шаруашылығы жерлерін Кеген ауданының шаруа қожалықтары өз мақсаттары үшін пайдалана алмай отыр. Салдарынан бұл жерлерде Қырғызстан азаматтары шөп шауып, мал жайып жүр. Өйткені көрші тарапта қандай да бір бөгеттер жоқ, - деді Нұржан Нұрсипатов Сенаттың жалпы отырысында.
Кеген ауданының тұрғындары Үкіметтен бұл мәселені шешіп, аталған аумақта бөгеттер орнатуды сұрайды.
«Шекара қауіпсіздігін қамтамасыз ету және шекара маңындағы тұрғындардың құқықтарын сақтау үшін мемлекеттік шекараны шегендеуді аяқтау жөніндегі жұмыстың барысына назар аудару керек. Алматы облысы Кеген ауданындағы шекара сызығын қоса алғанда, бүкіл мемлекеттік шекараның сызығы бойынша қажет инженерлік-техникалық құралдарды, құрылысжайлар мен бөгеуіштерді монтаждауды жүзеге асыруға, тұрғызуға және орнатуға шұғыл түрде қаражат қарастыру маңызды», - деді депутат.
Оның пікірінше, шекара маңында тұратын қазақстандықтардың және шекара аймағы мен шекара белдеуі шегінде орналасқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін пайдалану құқықтарының сақталуын назардан тыс қалмауы қажет.