Мәжіліс депутаты алдағы президент сайлауы, оған ұсынылған үміткерлер туралы кеңінен әңгімелеп берді
Кезектен тыс сайлау науқанының көрігі қыза түсті. Президенттікке ұсынылған үміткерлер қарасы күннен күнге артып келеді. Оның ішінде Халықтық коалицияның атынан – Қасым-Жомарт Тоқаев, «Ауыл» партиясынан – Жигули Дайрабаев, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясынан – Нұрлан Әуесбаев, «Аманат» кәсіподақтар достастығы атынан – Мейрам Қажыкен, «Мұқалмас» бірлестігінен – Нұржан Әлтаев, «Кәсіби әлеуметтік жұмыскерлер Ұлттық альянсынан» – Қарақат Әбден, «Қазақстан құрылысшылар одағынан» – Талғат Ерғалиев, «Халық демографиясы» бірлестігінен – Жұматай Алиев, «Қазақ аналары – дәстүрге жол» бірлестігінен – Салтанат Тұрсынбекова бар.
Құжаттары тексеруден өткен үміткерлердің алды мемлекеттік тілден емтихан тапсырып, қол жинауға кірісті.
Осыған орай, «AMANAT» партиясынан Мәжіліс депутаттығына сайланған әріптесіміз, ақын Жанарбек Әшімжанды ашық әңгімеге тартқан едік.
– «AMANAT» партиясын елдегі ең ірі партия дейміз. Партиядан шығып кеткен адамды үміткер ретінде ұсыну қаншалықты қисынды деген мәселе – кешегі аптадан бері «AMANAT»-қа қатысты ең көп айтылған сын шығар. Неге партия мүшелерінің арасынан бір үміткер ұсынбадыңыздар?
– Әрине, партия қатарында ел басқару ісіне араласып жүрген, мемлекеттік деңгейде шешім қабылдауда өз айтары бар, тәжірибелі, білімді азаматтар жеткілікті. Қанша дегенмен, құрамында 100 мыңнан аса мемлекеттік қызметкер бар, Парламент пен жергілікті мәслихаттарда басымдыққа ие партиямыз ғой. Оның үстіне, ауыл әкімдерінің 80 пайызынан астамы – «AMANAT» партиясының мүшелері. «Aманаттықтар» – мемлекет жұмысына жегіліп, халық мүддесі үшін еңбек етіп жүрген азаматтар.
Дегенмен, дәл қазіргі елдегі ахуалды, ішкі және сыртқы жағдайды жақсы түсінгендіктен де, біз ең лайық үміткер – Мемлекет басшысының өзі деп шештік. «Бір күндікпен» шектелмей, ертеңімізді түгендейтін болсақ, біз Президент ұсынып отырған асыл мұрат – Әділетті Қазақстан құруға ұмтылуымыз керек. Кеше Съезде қабылданған Саяси тұғырнамада «біз Асан Қайғының Жерұйығы мен әл-Фарабидің ізгі қоғам идеясын, Абайдың толық адам концепциясын, Шоқан Уәлиханов пен Ыбырай Алтынсаринның ағартушылық миссиясын, Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш арыстарының ұлы мұраттарын үлгі-өнеге тұтамыз» деп атап көрсеттік. Анығы, бұл – халықтық мұрат, оның жүзеге асуын Әділетті Қазақстаннан, яғни әрбір азаматтың бақытты және табысты болуына жағдай жасалған, баршаға бірдей заң үстемдігі орнаған, талантты және еңбекқор адамдардың мерейі үстем болатын әділетті қоғамның орнауынан табуға болады.
Президент үш жылдан бері осы бағытта жұмыс істеп келеді. Әлеуметтік-саяси реформаларды жүзеге асыратын заң жобалары қабылданып жатыр, Үкіметтен күнделікті орасан ақпарат алып отырамыз, көзге көрінбейтін көп жұмыс атқарылып жатыр. Президенттің ерік-жігері, бүгінге дейін қабылдаған шешімдері оның алған бетінен қайтпайтынын көрсетіп отыр. Ендеше, неге оны қолдамасқа?
Бәріміздің көксегеніміз – елдің дамуы, халықтың жақсы өмір кешуі емес пе? Ендеше, «балапан – басына, тұрымтай – тұсына» демей, бір жағадан – бас, бір жеңнен – қол шығарғанымыз дұрыс деп шештік. Қайталап айтайын, бұл жолғы таңдау – бұрынғыдан бөлек. Біз Тұлғаны емес, Идеяны – Әділетті Қазақстан идеясын Темірқазық еттік! Әлемдік алпауыт елдердің дамуының басында ең әуелі Елдің айбынын асыру идеясы тұрған. Біз меже ретінде Әділетті Қазақстанды алсақ, осы мақсатқа ең көп күш салып, президенттік құзыретін соған жұмсайтын адам – Қасым-Жомарт Тоқаев екеніне соңғы үш жылда, әсіресе, Қаңтар оқиғасынан бері әбден көзіміз жетті. Ендеше, «AMANAT»-тың таңдауы – ел мүддесі деп нық айта аламын.
– Жасыратын несі бар, Президент сайлау жариялаған кезден бері ол қандай партиядан түседі екен деген мәселе қоғамда талқылау туғызды. Оның ешқандай партияға басымдық бермей, Халықтық коалициядан түсемін деген шешімін көп адам құптап, әлеуметтік желіде қолдап жазып жатыр. «Тоқаев ақыры ешқандай партиядан түспейтін болса, оны өзін-өзі ұсынған үміткер деп санауға болатын шығар» деген пікір оқыдым әлеуметтік желінің бірінде.
– Халықтық коалицияға 10-нан аса қоғамдық бірлестік бірікті. Оның ішінде, «AMANAT», «Ақ жол», «Халықтық» партиялар, Азаматтық альянс, Спортшылар одағы, Ардагерлер ұйымы, Мәслихат депутаттары, Еріктілер мен Жастар бірлестігі сияқты ұйымдар бар.
Бұлардың бәрі республикалық ұйымдар, яғни әр өңірде филиалдары, өкілдері бар, халықпен тікелей жұмыс істейтін, қоғамдық оқиғаларға үн қосып отыратын белсенді азаматтық қоғамның өкілдері.
Ал өзін-өзі ұсыну мәселесіне келсек, қазіргі заңнамада қазақстандық азаматтар ауыл әкімдігіне түскен кезде ғана өзін-өзі ұсына алады. Жарты жылдан соң өтетін Мәжіліс және мәслихат депутаттарының келесі сайлауынан бастап өзін-өзі ұсынушы үміткерлер шығады, себебі жаздағы референдумда қабылданған Конституцияға осындай өзгеріс енгізілді. Осылайша, азаматтардың сайлану құқығының аясы кеңейіп келеді.
Ал президенттікке үміткерді тек республикалық қоғамдық бірлестіктердің жоғарғы органдары ғана ұсына алады. «Сайлау туралы» заңда республикалық бірлестіктер оның мүшелігінде жоқ адамды үміткер ретінде ұсына алатыны анық жазылған. Сондықтан партияның Қ.Тоқаевты ұсынуында ешқандай заңдық не саяси қайшылық жоқ.
– Дегенмен, партияға мүше емес адамды үміткер ретінде ұсыну бұрын-соңды болмаған шығар...
– Оған ешқандай заңдық не саяси қайшылық жоқ екенін жаңа айттым ғой.
Бұл жерде басын ашып алатын бір мәселе – Қасым-Жомарт Кемелұлының партиядан шығуы елдік мүддені азаматтық ұстанымнан жоғары қойғанының көрінісі болатын. Бірақ бұл «AMANAT» партиясымен байланысты үзу емес. Осыны түсіну керек. «Партия» сөзінің бір мағынасы – ұқсас көзқарастағы азаматтардың ортақ мүддеге ерікті түрде бірігуі дегенді білдіреді. «AMANAT» партиясының идеологиялық бағдары Мемлекет басшысының бастамаларымен және саясатымен үндес. Оның үстіне, «AMANAT» партиясы ең әуелі Қазақстан Тәуелсіздігінің сақталуына, мемлекеттілікті нығайтуға, халықтың бақуаттылығын арттыруға жұмыс істейді. Біз оны жаңа Саяси тұжырымдамамызда ашып жаздық.
Ендеше, Қ.Тоқаевтың Әділетті Қазақстан құру миссиясын жүзеге асыруға көмектесетін, осы бағытта барлық қоғамдық-саяси күштерді біріктіретін – «AMANAT» партиясы. Сондықтан партия – Президент саясатын, мемлекеттік мүддені қолдаушы бірден-бір беделді саяси күш болып қала береді.
Ал Президенттің партиядан емес, коалициядан сайлауға түсем деген шешімі – «AMANAT»-тың күштілігіне деген сенімі. Жарты жылдан соң Парламент Мәжілісі және мәслихаттар сайлауы өтеді. Қазір Президент қай партиядан түссе, сол партияға басымдық берген сияқты көрінер еді. Сондықтан ол өзінің әділдігін көрсетіп, барлық партияларға тең мүмкіндік беріп отыр. Ешқандай партияға басымдық бермей, баршаға тең мүмкіндік беру, әділ болу – міне, Президенттің кредосы! Сондықтан да «AMANAT» өз үміткерін таңдауда дұрыс шешім қабылдады деп санаймын.
Қайталап айтайын, Тоқаевтың «AMANAT» партиясы мүшелігінен шығуы – президенттік құзыреттің мерзімімен шектелген қадам. Ол – қарапайым азамат емес, Мемлекет басшысы. Сондықтан ел Президенті ешқандай партияға мүше болмауы тиіс деген норма референдумда қабылданған Конституцияға өзгерту түрінде енгізілді. Енді бұл – болашақ президенттердің бәріне қатысты норма болады. Бұл да – деморкатиялық дамудың белгісі.
Елдегі ірі саяси күштердің Халықтық коалицияға бірігуі – аса маңызды оқиға. Бірақ коалиция – құқықтық емес, саяси ұйым екенін түсіну керек. Бұл – ортақ үміткерді ұсынған саяси ұйымдардың уақытша бірігу формасы ғана. Осы уақытқа дейін оппозиция, мысалы, Демократиялық коалиция ортақ үміткер ұсынамыз десе де, әлі бір келісімге келе алмай жүр емес пе? Ал Президентті, оның саяси бағытын қолдайтын саяси күштер біріге алды, мәселе сонда.
Жалпы, АҚШ-тың өзінде түрлі ұйымдардың бір үміткерге қолдау білдіріп, коалицияға бірігуі – қалыпты нәрсе. Барак Обама сайланған кезде түрлі үкіметтік емес ұйымдар оған қолдау білдірген. Джо Байден Демократиялық партиядан үміткер болған кезде оған Республикалық партияның кейбір өкілдері ашық қолдау көрсетті. Сондықтан қай саясаткердің жолы, ол ұсынған өзгерістер қай ұйымның не азаматтардың қолайына жағады, басым көпшілігі сайлауда соған қолдау білдіреді, бұл – әлемде қалыптасқан тәжірибе.
– Қателеспесем, наурыз айында өткен партияның съезінде «Nur Otan» ребрендинг жасады. Арада жарты жылдан көп уақыт өтті. Партияның атауынан басқа не өзгерді?
– Иә, 1 наурызда өткен ХХІІ Съезде партиямыздың атауын «AMANAT» деп өзгерттік. Бірден айтайын, өзгерістер партияның атауын өзгертумен шектелмегені анық. Саяси ұйымымызды трансформациялау бойынша көп жұмыс атқарылды. Барлығын бірдей бүге-шігесіне дейін жіпке тізбесем де, басты-бастысына тоқталайын.
Қоғамдағы өзгерістерді, заманның талабын, қоғамның сұранысын ескеріп, біз ең алдымен идеологиялық бағыт-бағдарымызды қайта қарадық. Ол үшін партияның жаңа Саяси тұғырнамасын әзірледік. Партияның басты идеологиялық құжатын талқылауға еліміздің түкпір-түкпірінен 20 мыңнан астам партия мүшесі қатысып, құжат сарапшы мамандардың сүзгісінен өтті.
Саяси тұғырнамада елдегі жетекші саяси күш ретінде елдегі барлық өзгерістерге деген партияның жауапкершілігі туралы ашық айтылған. Бізді сынай беретіндерге нақты жауап – біз елдің жетістіктеріне де, кеткен кемшіліктерге де жауапкершілік алудан қашпаймыз! Бұл тек билеуші, өзіне сенімді саяси партия көтере алатын жүк.
Онда «Біздің басты байлығымыз – адам» деп атап көрсетіп, азаматтық қоғамды дамыту мен мемлекетті күшейтудің нақты бағыты жазылған. Бұл – ең қастерлі бойтұмарымыз саналатын Тәуелсіздікті сақтау, Мемлекеттілікті нығайту, Әділетті Қазақстан құру.
Біз тұлғалық модельден саналы түрде бас тарттық. Елдің түкпір-түкпіріндегі қарапайым тұрғындардан құралған, әр түрлі топтардан шыққан, әр қилы пікір-көзқарастағы азаматтарды ортақ ұстанымға біріктірген халықтық партия болуға ұмтыламыз. Елдікті нығайту – ата-бабаның аманаты, елге берген уәде – халықтың аманаты.
Біз өткенімізден бас тартпаймыз, себебі жүріп өткен жолымыз бізді бұрынғыдан да күшейте түсті.
Онңы үстіне, біз елдің, қарапайым ауыл халқының халін біліп, олардың қандай талабы бар, қандай тілегі бар соны білуге және олардың арыз-шағымын билікке жеткізуге ден қойдық. Ол үшін партия халықтың арасына өзі барды. Яғни, Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінің Мобильді қоғамдық қабылдаулары шалғайдағы ауыл-ауылды аралады. Мобильді қоғамдық қабылдаулар 900 ауылды аралап, 6,5 мыңнан аса адамды қабылдады.
Партия жанынан елді толғандырған көкейкесті мәселелердің шешімін қарастыратын «ТАЛҚЫЛАУ» диалог алаңы жұмыс істеп жатыр. Ол әлеуметтік желіде тікелей эфирде интерактивті форматта өтеді. Кез келген адамның көтерілген мәселеге қатысты өзін толғандырған сұрақты алаңның қонақтарына қоюға мүмкіндігі бар. Бұл диалог алаңы өзекті мәселені ортаға салып қана қоймай, оның түйінін тарқатуды көздейді.
Партия мүшелері сайлауалды уәделердің орындалу барысын қадағалауды күшейтті. Осы орайда жұмыс тиімділігін арттыру үшін партия жанындағы Қоғамдық кеңестердің санын 1700-ден 1000-ға дейін қысқарттық.
Сәуір айынан бастап партияның баспасөз орталығы іске қосылды. Бұл да халықпен кері байланыс орнатудың, атқарылып жатқан жұмыстарды, партия жаңалықтарын дер кезінде жұртшылыққа жеткізудің тиімді тетігі деуге болады.
Жаңа айтқанымдай, партияның Мобильді қоғамдық қабылдаулары шалғайдағы ауылдарды аралаған кезде тұрғындардан ең жиі түскен шағымдардың бірі жайылым жердің тапшылығына қатысты болды. Біз ауыл халқының бұл шағымына көз жұмып қарай алмадық. Осылайша «Жер аманаты» жобасы аясында әр облыста комиссиялар жасақталды. Мен өзім осы мәселемен Қарағанды облысын аралап, халықтың пікірін тыңдап қайттым. Партиялықтар олигополияға қарсы күреске үлес қосып, нәтижесінде соңғы 3 айда 10 өңірге қарасты 1,6 млн пайдаланылмай жатқан және заңсыз жекеге өтіп кеткен жер мемлекеттің меншігіне қайтарылды.
Бұдан бөлек, партия Үкіметпен бірлесіп, шалғайдағы ағайынның тұрмыс-тіршілігін жақсартуға, әл-ауқатын көтеруге бағытталған «Ауыл аманаты» жобасын қолға алды. Бұл жобаның игілігін 425 елді мекенде 250 000 адам көріп үлгерді.
Осылай атқарылған жұмыстарды, қолға алынған жобаларды тізбектей беруіме болады.
– Партияның жастар қанаты үнсіз қалған сияқты. Өзгеріс оларға да қатысты емес пе?
– «AMANAT» партиясындағы трансформация әрине, оның жастар қанатының да жаңғыруына түрткі болды. Біздің рухты жастарымыз елімізде оң өзгерістердің жүзеге асуына атсалысып, сол өзгерістердің бел ортасында жүр деп нық сеніммен айта аламын. Жастар қанаты «Қайсар» әскери-патриоттық жарысын, «Тарих» бірыңғай цифрлық алаңын, ауыл жастарына арналған «Өрлеу» жобасын, «Бір толқында» деп аталатын диалог алаңын IT-хактон сияқты тың жобаларды қолға алды.
Тағы бір айта кететін мәселе, Қостанай облысындағы өрт кезінде партия алғашқылардың бірі болып зардап шеккен тұрғындарға көмек қолын созды. Партия өрттен зардап шеккендерге 1300 тонна гуманитарлық жүк жеткізсе, «Жастар Рухынан» 1200 ерікті еліміздің түкпір-түкпірінде гуманитарлық көмек жинау бекеттерінде жұмыс істеді. Жастар қанатының 300-ден астам еріктісі өрт шалған нысандарды қалпына келтіру жұмыстарына қатысты. Жалпы «Жастар Рухы» еліміздегі ең ірі жастар ұйымы ретінде жастар мен билік арасындағы өзара іс-қимылдың тиімді арнасы болып отыр десем артық айтқандық емес.
– Айтпақшы, «Ақ жол» ішкі сайлау өткізіп, Қ.Тоқаевты төрт үміткердің ішінен іріктеп алыпты. Халықтық партия «бізде үміткер жоқ» деп Тоқаевты қолдау коалициясына қосыла салды. Осының бәрі алдын ала ұйымдастырылған ойын емес пе? Бұған не дейсіздер?
– Әр адамның өз пікірі бар болатыны сияқты, әр саяси партияның құқығы – сайлауға қатысу, үміткер ұсыну немесе сайлаудан қалыс қалу. Қазіргі таңда барлық тіркелген партиялар өз таңдауларын жасады. Бұл жақсы. Тіпті, ЖСДП-ның өзі соңғы екі сайлауда қалыс қалып еді, бұл жолы дербес үміткерін ұсынып отыр. Ендеше, саяси ортада талас бар деген сөз.
Байқасаңыз, сайлау кезінде тек саяси партиялар емес, қоғамдық ұйымдардың белсенділігі артады. Өткен сайлауда президенттікке үміткерлер тек саяси партиялардан ғана емес, қоғамдық бірлестіктер атынан түскен болатын. 2019 жылы Қосанов «Ұлт тағдыры» қоғамдық бірлестігінен тіркелгенін білесіз ғой? Сондықтан бұл жолы қоғамдық ұйымдардың белсенділік танынтқаны қалыпты деп қабылдаймын.
Ал сіздің сұрағыңызға келсек, Мәжіліс не мәслихат депутаты болсын немесе журналист болсын, қазіргі Президентке шын бәсекелес бола алмайтыны түсінікті ғой. Бірақ «ақжолдықтар» аздап саяси ойынның көрігін қыздырды, есесіне енді партияның үш мүшесі «Президентпен үміткерлікке таластық» деп мақтана алады (күледі).
Ал біз Президенттің бағыт-бағдарын қолдайтынымызды, оның саясатын жүзеге асыруға барынша қолдау көрсететінімізді бұрыннан айтып келеміз. Бұл тұрғыдан біз – ашықпыз және өз ұстанымымызға берікпіз.
– Бұл сайлауды қазірдің өзінде «фарс» деп атап, оны «түк қызығы жоқ» дегендер бар. Сайлауға ақша құртқанша, Тоқаевты қазір-ақ президенттікке сайлай салайық» деген пікірді де естіп жүрміз...
– Не айтқыңыз келіп отырғанын түсіндім.
Сайлау, бірінші кезекте – демократияны дамытудың құралы, сол себепті ол бүкіл әлемде қазіргі саясаттың маңызды бөлігіне айналды. Сайлау кезінде халық өзінің саяси ерік-жігерін білдіреді, жергілікті үкімет органдары мен Парламент құрамын жасақтауға атсалысады, Мемлекет басшысын сайлайды. Былтырдан бастап ауыл тұрғындары әкімдерін өздері сайлай бастады, бұл жергілікті жердегі жағдайды толықтай өзгертеді. Мұның бәрі еліміздегі сайлау институтының эволюциясын көрсетеді, сондықтан сайлауды өткізу – бұл құр шығын емес. Бұл – пікір алуандығы мен идеялар бәсекелестігін күшейту, жауапты қоғамның дамуына септігін тигізетін саяси трансформацияның маңызды кезеңі.
Оған қоса, келесі жылы Парламент және мәслихат сайлауы өтеді, сол себепті саяси партиялар мен белсенді азаматтар үшін қазіргі кезең – келесі сайлауға дайындық және электоратпен жұмысты күшейтудің негізі бола алады. Партиялар үшін сайлауалды бәсеке басталды дей беріңіз.
Ақша жағына келсек, негізі, сайлау қосымша қаржыны қажет етпейді. Бірақ бұл сұрақты Орталық сайлау комиссиясы мен Үкіметке қойған дұрыс болар, сайлауды қаржыландыруға солар жауап береді.
– Сайлауда «бәріне қарсымын» деп дауыс беруге болады. Бірақ оның көрсеткіші сайлау нәтижесіне түк әсер етпейді. Бұл қалай болғаны? Онда бюллетеньге «бәріне қарсы» деген бағанды қосудың не қажеті бар?
– «Бәріне қарсы» деген баған – саяси плюрализмнің маңызды элементі.
Естеріңізде болса, Тәуелсіздіктің алғашқы он жылдығында «бәріне қарсы» деген баған сайлау бюллетеньдерінде болды. 1999 жылы «бәріне қарсы» деген бағанды сайлаушылардың 1,63% пайызы ғана белгілеген. Бірақ 2000-жылдардан кейін «бәріне қарсымын» деген ұстанымды білдіру мүмкін болмады.
Осы уақыт ішінде қоғамда бұл бағанды бюллетеньдерге қайтару керек деген пікірталас тоқтаған жоқ. Өткен жылы ол Президент Қ.Тоқаевтың саяси реформалар жүйесін іске асыру нәтижесінде қайтарылды. Оны бірінші болып әкімдерді тікелей дауыс беру арқылы сайлаған ауыл тұрғындары пайдаланды. Бұл – біздің сайлау жүйеміздің эволюциялық дамуының көрінісі іспетті, қарапайым азаматтардың саяси ерік-жігерінің көрінісі.
Сол себепті «бәріне қарсы» бағаны өте маңызды. Ол сайлаушының өз ұстанымын білдіруге мүмкіндік береді. Егер сайлаушы ешбір үміткерге дауыс бергісі келмесе, ол да – таңдау, ендеше өз таңдауын осы баған арқылы сол сайлау учаскесінде білдіре алады. Бұл электорат қажеттілігін зерттеуге, соған сәйкес саяси бағдарламаларды жетілдіруге мүмкіндік береді.
– Сонымен, «Халықтық коалиция» құрылды, кандидат Қ.Тоқаевтың құжаттарын Орталық сайлау комиссиясы қабылдады, қазір оны қолдаушылардың қолын жинау процесі жүріп жатыр. Бірақ осы жұмыстың өзінде әкімшілік ресурс пайдаланды деген жанжал туралы естіген боларсыз. Бұған не дейсіз?
– Иә, Қ.Тоқаевты қолдайтын саяси күштер Халықтық коалицияға бірікті. Форумға 2000-нан аса адам, 20-дан аса қоғамдық бірлестік өкілдері қатысты. Көптен бері қоғамда мұндай азаматтық белсенділік болмаған.
Яғни, қоғамның барлық мүшелері елді тығырықтан шығарып, даму мен өркендеу жолына түсу керек дегенге келіседі. Сондықтан Қ.К.Тоқаевты қолдайтын Халықтық коалицияның құрылуы – қоғам бұдан әрі тоқыраудан бас тартты, Президент бастаған жаңару үрдісін жалғастыруды қолдайды деген сөз.
Меніңше, Халықтық коалиция – қазіргі қоғамымыздағы ең белсенді, ең тегеурінді саяси күштердің таңдауы. Яғни, азаматтық қоғам өзі бірігіп, қазіргі Президентке карт-бланш беріп отыр деген сөз. Ендеше, Тоқаевты халықтық үміткер деп айтуға болады.
Біз Президент ұсынған Әділетті қоғам құру, Әділетті Қазақстанға ұмтылуды қолдаймыз. Жеке басқа табынудың зардабын көрдік қой, қоғам ондайға екінші рет ұрынбас деп үміттенемін. Бұл тұрғыдан Қ.Тоқаевтың өз портретін ілуді қарсы екені, жағымпаздық пен өтірік мақтауға тыйым салатыны – өте жақсы үрдіс. Қазақстанда саяси мәдениет жаңа сатыға көтеріліп келеді. Біз жаңа саяси мәдениетті қалыптастырып жатырмыз.
Сіздің сұраңығызға келсек, әлеуметтік желіде Қ.Тоқаевқа қол жинау барысына қатысы бар-мыс деген ақпарат жарияланды. Анығы, оны шығарып жүрген атышулы Телеграм-каналдың авторы. Бұған қатысты айтатын көп нәрсе жоқ. Біріншіден, бұл мәселенің мән-жайы нақтыланып жатыр. Ал қол жинауға келетін болсақ, Қ.Тоқаевты 3 партия, оншақты қоғамдық ұйым қолдағанын білесіздер. Олардың бәрінің мүшелерін ғана жинағанның өзінде 1,5 миллионнан асып кетеді екен. Ендеше, тіркелу үшін қажетті 118 мың қолды тек Коалицияға мүше қоғамдық бірлестіктерден жинап алуға болатын болса, бұл мәселені шиеленістіру кімге керек?
Екіншіден, партия ақ-қарасын анықтап, жарияланған жайт рас болса кінәлілерді жазаға тартып, ал өтірік болса, оны жоққа шығаруға, дәлелдеуге мүдделі. Менің біліуімше, Ағарту министрлігі бұл іс бойынша тексеру жұмыстарын бастап кетті. Сондықтан ресми жауабын күтейік.
Үшіншіден, «AMANAT» партиясы өткеннің сарқыншағынан, сайлау кезінде әкімшілік ресурстарды, оның ішінде педагог мамандарды науқанға тартуға ашық қарсылық білдіріп жүр. Біз педагогтардың статусын көтеруге күш салдық, соған орай арнайы заң қабылдауға мұрындық болдық, ұстаздар саясатпен емес, ең әуелі, ұрпақ тәрбиесімен айналысуы керек. Ұрпақ тәрбиесінен асып түсетін мәселе жоқ ұлттық саясатта.
– Соңғы күндері тіл мәселесі тағы да саяси талқылаудың тақырыбына айналды. «Орыс тіліне халықаралық статус беру керек» деген мәселе біраз дүрбелең туғызды. Жалпы, Ресейден келіп жатқан мигранттар бар, Украина мәселесі бар – қоғамды алаңдатқан мәселелерге орай партия өкілдері, депутаттар неге үнсіз?
– Бұл пікіріңізбен мүлде келіспеймін. Парламент Мәжілісінің қабырғасында ұлттың мұңын мұңдап, халықтың сөзін айтып жүрген депутаттар болса, ол – «AMANAT» партиясының мүшелері. Алысқа бармай-ақ, Қаңтар оқиғасынан кейін бір топ депутаттар ел аралап, сол оқиға кейіпкерлерімен кездесіп, зерттеу жүргізіп қайттық. Соның нәтижесінде мен Мәжілістің пленарлық отырысында арнайы депутаттық сауал жарияладым. Оны көрген шығарсыз не оқыған шығарсыз.
Ал тіл мәселесіне келетін болсақ, кеше ғана журналист әріптесім Дина Елгезектің Фейсбуктегі жазбасын оқыдым. Ол «Саясаткердің айласы. Дипломаттың жүрісі» деген пікір айтады. Осы сөздің жаны бар.
Жалпы, кез келген мәселеде дабыра-шу көтермес бұрын, адамның сөзіне емес, ісіне қарап баға берген жөн. Мысалы, мен жаңа айтып өткен партияның Саяси тұғырнамасы – партия тарихында тұңғыш рет түпнұсқасы қазақ тілінде жазылған стратегиялық құжат болды. Мұны өткенде әріптесім, Мәжіліс депутаты Айдос Сарым атап көрсетті. Түсінген адамға мұның мәні өте тереңде.
Одан бөлек, тұжырымдамада «Біз қазақ тілін дамытуға, оның кеңінен қолданылуына бар күш-жігерімізді саламыз» деп тайға таңба басқандай анық жазылған. Бұл – партияның алдыңғы ұрпақтардан аманат етіп қабылдап, келешек ұрпақ алдында мойына алған абыройлы міндеті.
Тоқетерін айтсам, мен Президенттің биылғы тұңғыш Ұлттық құрылтайда айтқан сөзіне ден қоямын. Ол мемлекеттік тілдің бұрынғы ахуалы мен қазіргісін салыстырып, уақыт өте күшейіп келе жатқанын меңзеді. Тілге деген құрмет құр сөзбен емес, нақты іспен жасалуы керек екенін баса айтты.
Мен Президенттің «Қазақ мемлекеті аман тұрғанда, қазақ тілі жасай береді» деген сөзіне сенемін және толық қолдаймын.
Қазақ тілін күшейту үшін оны ғылым мен техниканың, озық білімнің және өнертапқыштық жаңалықтар тіліне айналдыруымыз керек. Экономика мен бизнесті қазақша сөйлету керек, бұл үшін ұлтжанды халықшыл кәсіпкерлер көбеюі керек. Әр азамат өз ісінің мықты маманы болып, өз саласында ұлттық мүддемізді қорғайтын болса, тілге де, ділге де жасалған қамқорлық сол болады.
– Сұхбатыңызға рахмет!
Сұхбаттасқан: Көлбай ЖЕҢІС