Орталықта заңгер, психолог және аудармашы көмек көрсетеді
Орал қаласында Ресейден келген этникалық қазақтар уақытша тұра алатын орталық ашылды. Ол жерде қазір жеті отбасы бар, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Этникалық қазақтарды уақытша орналастыру орталығы Батыс Қазақстан облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында қыркүйекте ашылды.
ҚАНДАС МӘРТЕБЕСІН 2 КҮНДЕ АЛДЫ
Орталықта тұрып жатқандардың бірі – Фархад Мұқанов. Ол Ресейдің Волгоград облысында дүниеге келген. Мәскеуде ақылы бөлімде университетте оқиды.
Нағашы атасы Қазақстанда БҚО-ның Бөкей ордасы ауданының Сайхын ауылында тұрады. Қазақ тілін нағашыларына келген кезде үйренген.
«Еліме келіп, қандас статусын алу үшін құжат жинап жатырмын. Азаматтық алып, еліме оралғым келеді. Нағашы атам Бөкей ордасы ауданының орталығы Сайхын ауылында тұрады. Қазақ тілін сол жерде үйрендім. Қазақстан азаматтығын алған соң Мәскеудегі оқуымды аяқтауым қажет. Себебі ақылы бөлімде оқимын. Бірінші мамандығым – сәулетші. Қазір актерлік шеберлік мамандығы бойныша оқып жатырмын. Оқуды аяқтаған соң Қазақстанда орналасқым келеді», - дейді Фархад Мұқанов.
Астрахан облысында туған Дос Таубаев Орал қаласына 27 қыркүйекте келген.
«Шекарадан өткен соң мені жергілікті тұрғындар Орал қаласына дейін тегін жеткізді. «Атамекен» туристік орталығына орналастырды. «Қандас» статусын алуға өтініш беріп, құжатты екі күннен соң алдым. Мақсатым – Қазақстан азаматтығын алу, жұмысқа орналасу. Астрахан мемлекеттік университетінде геолог мамандығы бойынша білім алдым. «Сервис және туризм» мамандығын да меңгердім. Этникалық қазақ екенімді білген жергілікті тұрғындар «қош келдің» деп жатыр. Ана тілін білмейтініме ұяламын», - дейді Таубаев.
Ол келешекте қазақ тілін меңгеріп, елде қалғысы келетінін жеткізді.
ОРТАЛЫҚТА 7 ОТБАСЫ ТҰРЫП ЖАТЫР
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Исатай Мыңбаевтың айтуынша, орталықтың мақсаты – елімізге келген этникалық қазақтарды уақытша орналастыру.
«Орталықтың штаттық кестесінде қандастарға көмек көрсететін тиісті мамандар – заңгер, психолог, қазақ тілі маманы, яғни аудармашылар жұмыс істейді. Бұл мамандар осы орталық тұрғындарына барлық тиісті көмекті, оның ішінде азаматтық алу, мемлекет қарастырған әлеуметтік көмектерді алуға жәрдемдеседі. Орталық ішінде барлық жағдай жасалған. Басқарма жұмыспен қамту орталықтарымен бірлесіп жұмыс істеп жатыр», - дейді Мыңбаев.
Орталықта этникалық қазақтар мен олардың отбасы мүшелері уақытша тегін тұра алады. Тіркелетін жеке тұрғын үй болмаған жағдайда олар орталықта бір жылдан аса уақыт тіркеуде тұра алады.
Оларға қоғамға бейімделуі үшін барлық жағдай жасалған. Қандастардың тұру тәртібі мен мерзімін, басқа да қызмет көрсету тәртібін көші-қон мәселелері жөніндегі уәкілетті орган белгілейді.
Жергілікті атқарушы орган этникалық қазақтарға және олардың отбасы мүшелеріне қандас мәртебесін беру туралы шешімді өтініш тіркелген күннен бастап 4 жұмыс күні ішінде қабылдап, «қандас» куәлігін береді немесе дәлелді түрде бас тарта алады.
Этникалық қазақтың жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН) болса, құжаттарды қарау және қандас мәртебесін беру 3 жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады.
Батыс Қазақстан облысына жыл басынан бері 100-ден астам этникалық қазақ отбасымен бірге келіп, қандас статусын алған.
Нұрлыбек Рахманов, Батыс Қазақстан облысы