Halyq Uni логотип
×

Жанар-жағармай қымбаттай ма – Министрлік акциздердің артуына қатысты жауап берді

Былтыр бензин мен дизель отыны бағасы айтарлықтай өскен болатын

 Қымбат Елтайқызы 21.02.2022 | 12:19
Жанар-жағармай қымбаттай ма – Министрлік акциздердің артуына қатысты жауап берді
фото: Halyq Uni

Президент 2022 жылғы 11 қаңтардағы Мәжіліс отырысында сөйлеген сөзінде қолайлы нарық жағдайында бензин өндірушілер мен түрлі делдалдар қосымша пайда табатынын айтты. Сонымен қатар акциздер арқылы бюджет пайдасына осы маржаның бір бөлігін алу қажеттілігі атап өтілді. Бұл ретте, тиісті есептеулер жүргізу және бағаның өсуіне жол бермеу тапсырылды, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Айта кету керек, 2021 жылы бензин мен дизель отыны бағасы айтарлықтай өскен: бензин 30 теңгеден астам, дизель отыны 60 теңгеден астам. Бұл ретте акциздер өзгерген жоқ, – дейді Ұлттық экономика министрлігі.

Жоғарыда аталған тапсырманы орындау үшін мыналар ұсынылды:

  • бензинді көтерме саудада өткізуге арналған акциз мөлшерлемесін 1 тонна үшін 24 435 теңгеден 38 134 теңгеге дейін ұлғайту (қазір бензиннің әрбір литріндегі акциз 17,8 теңгені құрайды, акциз мөлшерлемесін литріне 10 теңгеге, яғни 17,8+10=27,8 арттыру ұсынылады);
  • дизель отынын көтерме саудада өткізуге арналған акциздер мөлшерлемесін 1 тонна үшін 9 300 теңгеден 35 726 теңгеге дейін ұлғайту (дизель отынының әр литрі 7,2 теңгені құрайды, акциз мөлшерлемесін литріне 20 теңгеге арттыру ұсынылады, яғни 7,2+20=27,2).

Бұл ретте, тиісті бұйрықтарға сәйкес, 180 күнге дейін жанар-жағармайды бөлшек сауда арқылы өткізуге шекті бағалар белгіленгендіктен, акциздерді арттыру жанар-жағармай бағасының өсуіне әкелмейді.

«Бұдан басқа, шекті бағалардың қолданылу мерзімі аяқталғаннан кейін бағалардың одан әрі өсуіне жол бермеу үшін Мемлекет басшысы жанар-жағармай өндіру және тарату саласын реформалау үшін ұсыныстар кешенін әзірлеуге тапсырма берді. Осылайша, қолданыстағы шекті бағалар, сондай-ақ қабылданатын шаралар кешені аясында акциздердің ұлғаюы жанар-жағармай бағасының өсуіне әкелмейді», – деді ҰЭМ.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама