×

Алматыдағы блэкаут энергетика жүйесіндегі «Пандора жәшігін» ашып берді - сарапшы

Сарапшы Қазақстанның энергетика жүйесіндегі басты проблеманы атады

 Айнұр Шошаева 21.02.2022 | 12:09
коллаж: Halyq Uni

Былтыр Қазақстанда майнингтен бюджетке шамамен 200 млрд жуық қаржы түскен. Стратегиялық бастамалар орталығының серіктесі, энергетик Жәнібек Байдолла Қазақстанда неліктен майнинг индустриясын дамыту керектігін айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

«Майнинг индустриясына энергия тапшылығын тудырып отырған пайдасыз сала деп қарауға болмайды. Себебі, майнер сіз бен біз сияқты тұтынушы. Соңғы кезде майнинг тұтыну көлемі күрт өсті. Сәйкесінше, бұл электр желісіне өте үлкен жүктеме жасады. Алайда біздің есептеуіміз бойынша, майнинг өткен жылы салаға шамамен 200 млрд теңге қосымша түсімді қамтамасыз етті.  2017, 2018 жылдары салада қаржы жетіспеушілігі саладарынан тарифті көтеру немесе халықаралық қаржы институттарынан қарыз алу мәселесі өткір болған еді. Қазір бұл мәселе өзекті емес, себебі энергия өндіру және сату есебінен түсе бастады», - дейді сарапшы.

Сарапшының пікірінше, майнинг есебінен саладағы бірқатар проблеманы шешуге болады. Мәселен, энергия өндіруші кешендерге (ЖЭО) өндіру мен сатудан түскен қаржыға тозған жабдықтарды жаңартуға жақсы мүмкіндік берді.

«Саладағы көптеген компаниялар үшін бұл қарызынан құтылуға, яғни несиесін жабуға мүмкіндік бергенін білеміз. Кейбір компаниялардың акциясы өсті. Себебі, электр энергиясына сұраныс бар. Шын мәнінде, майнинг - үлкен мүмкіндік. Дәл қазір оған энергия тапшылығын тудырып отырған зұлымдық деп емес, саланы дамытудың мүмкіндігі ретінде қарау керек. Сосын барып энергия тапшылығын қалай реттеу керегін ойлаған жөн», - деп қосты ол.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 8 ақпанда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында «сұр майнерлерді» анықтап, оларға салынатын салықты көтеруді тапсырған болатын.

«Президент майнерлере түбегейлі тыйым салып отырған жоқ. Ол «ақ майнерлерді» мүмкіндік деп қарастырып отыр. Саладағы проблема - сұр майнарлер. Салықтан жалтарады, заңсыз жұмыс істейді. Желі операторы қанша майнинг фермасы қосылғанын немесе сол аймақта тұтыну қаншаға өскенін де білмейді. Себебі олар тек тұтыну көрсеткішісі бойынша көреді. Дәл осы жағдайда сұр майнерлер операторлар үшін «соқыр аймақта» қалып отыр дер едім», - дейді Жәнібек Байдолла.

Сарапшы Қазақстандағы майнерлерге қатысты мәселені шешу үшін, салада ашықтық болу үшін нақты ереже белгілеу қажеттігін айтады.

Ақ майнерлер туралы айтатын болсақ, оларға сіз бен біз сияқты тұтынушы деп қарау керек. Салығын төлеп отырса, оларды дефицит кезінде де ажыратпау керек. Қазақстанда майнинг фермаларының жұмыс істеуіне мүмкіндік беретін нақты шарттарды айқындау қажет, - дейді ол.

Айтуынша, Қазақстанға келіп жаңа электр стансасын салып, энергия көзінің бір бөлігін майнингке, ал қалғанын желіге экспорттауға дайын халықаралық ірі корпорациялар бар.

«Электр стансасы арзан дүние емес, майнинг фермасы көп инвестицияны қажет етеді. Сондықтан көбі ақша салуға асықпайды. Мысалы, Қазақстанда электр стансасын салатын компания өндірген энергияның 50% майнинг үшін пайдаланып, қалғанын нарыққа сатса, оларды салықтан босатып, біраз проблеманы шешуге болады. Энергетика саласына көптен күткен инвестиция келеді. Бұл мемлекеттік несиесіз тозығы жеткен кешендердің жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді. Ескілері жабылып, орнын жаңа нысандар алмастырады», - дейді энергетик.

Сарапшының пікірінше, жекеменшік электр стансасы үшін жауапкершілікті инвестордың өзі арқалап, қаржылық қауіпсіздігінің кепілі болған мүлкін күтіп ұстайды.

«Салығын төлеп отырса майнинг өндіруге рұқсат беру керек. Ол салық бюджетке немесе бюджетке негізгі жабдықты жөндеу, ЖЭК қолдау, жаңа электр станцияларын салу деп аталатын нақты мақсатқа жұмсалады. Бұл желілердің тозу генерациясын жақсарту сияқты нақты проблеманы шешеді. Айтпағым, сауатты басқарудың арқасында салаға ақша табуға болады. Бүгінде Қазақстан энергетикасының басты проблемасы - маневрлік қуаттың жетіспеушілігі. Майнерлерден салық ретінде алынған қаржыға маневрлік қуаттардың құрылысына бағыттай аламыз, олар тұтыну көлемі артқан уақытта теңгерімді қамтамасыз ете алады», - дейді Жәнібек Байдолла.

Бұған қоса, энергетик майнинг саласына ақша салғысы келетін инвесторға таңдау еркіндігін беру керек деп есептейді.

«Менің жеке пікірім, саланы мүмкіндік ретінде қарап, дұрыс реттейтін болсақ, энергетиканың көптеген проблемасын шешеміз. Майнерлерге және ең бастысы мемлекет пен қоғамның көңілінен шығатын шешім қабылдау керек. Президент бұл дискуссияда бірінші қадам жасады, ұсыныстарға ашық екенін айтты. Қазір ұсыныстарды айтып, заң жүзінде нақты ойын ережесін бекітетін кез. Сонда Қазақстан нарығына деген оң көзқарас қалыптасып, жұмыс істеудің нақты тәртібі айқындалады. Айтпағым, дұрыс шешім қабылдасақ бұл саланың әлеуетін тиімді жүзеге асыруға болады», - деді Жәнібек Байдолла.

Қаңтар айында еліміздің оңтүстік өңірінде болған блэкаутты үкімет майнерлермен байланыстырған болатын. Сарапшының пікірінше, ажыратылудың себебі бірінші кезекте майнингпен емес, желілердің тозуымен байланысты.

«Соңғы екі жылда майнинг Қазақстан энергетикасындағы Пандора жәшігін ашып берді. Блэкауттың басты себебі майнинг емес, желілердің, электр энергиясын генерациялау жабдықтарының тозуы болды. Ал майнинг тек қосымша жүктеме жасап, қордаланған проблемалардың бетін ашты. Оны майнерлерден көру кәсібилікке жатпайды. Ақ майнер мен сұр майнерлер себеп болды деуге келмейді, олар тек жағдайды ушықтырды. Білетінім, қазір біз осы жағдайды алғашқы ескерту деп қабылдап, оны шешу жолдарын іздеуіміз керек. Бұған дейін айтқанымдай, ең алдымен нарықтағы қатысушылардың арасындағы өзара қарым-қатынасты реттеуді бастау керек. Әр тарап өз пайдасын біледі. Меніңше бұл тұрақты, ұзақ мерзімді даму үшін қажет», - деп түйіндеді сөзін сарапшы.

Еске сала кетейік, Үкімет Қазақстандағы майнинг индустриясын реттеу жолдарын қарастырып жатыр. Атап айтқанда, сұр майнергерге салықты 10 есе көп қылып, ІР-адресін шектеу сияқты бірқатар шаралар көзделген.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама