27 жастағы Елдан Абдрашим Барселонада инженер-программист болып жұмыс істейді
IT саласының бастапқы деңгейін меңгеруге жарты жыл уақыт қажет. Ал шетелдік ірі компанияларда жұмыс істеу үшін ағылшын тілін білу міндетті. Бұл туралы Microsoft компаниясының Испаниядағы кеңсесінде жұмыс істейтін қазақстандық программист Елдан Абдрашим айтты. Ол Halyq Uni тілшісіне сұқбат беріп, Еуропада жұмыс істеу және Қазақстандағы IT саласы туралы ойын айтты.
– Елдан, қайда білім алғаныңызды және еңбек жолыңызды айтып өтсеңіз. Білуімше, әйеліңіз де IT саласында жұмыс істейді.
– Алматыдағы халықаралық ақпараттық технологиялар университетінде программист мамандығы бойынша бакалавр және магистратурада оқыдым. Содан бері IT саласында жұмыс істеймін.
Қазір Барселонадағы Microsoft компаниясы кеңсесінде инженер-программист (software engineer) болып жұмыс істеймін. Әйелім «Кселл» компаниясында интерфейс инженері (frontend engineer) болып онлайн жұмыс істейді.
Иә, екеуміз де осы саладамыз. Алайда әйелім гуманитар салада оқыған. Біз үйленген кезде коронавирус пандемиясы басталды. Сол кезде әйелім де IT саласына көшеді деген шешім қабылдадық. Жарты жыл бойы онлайн оқыды, мен ментор болдым. Содан кейін Беларуське барып тағылымдамадан өтті. Қазір екі жылдық тәжірибесі бар маман.
IT саласының бастапқы деңгейін алты айда меңгеруге болады. Бірақ бұл аралықта бұл саланы бүге-шүгесіне дейін үйренді деп айта алмаймын. Бірақ бұл деңгеймен сұқбаттасудан өте алады.
IT-маманы күнделікті оқып, дағдыларын дамытып отыруға міндетті. Себебі бұл сала өте жылдам дамиды. Ал бастапқы білім барлық жұмысты істеуге аздық етеді.
– Microsoft компаниясының Испаниядағы кеңсесіне жұмысқа қалай орналастыңыз? Оның алдында қайда еңбек еттіңіз?
– Қазақстанда жиырма шақты адам бірігіп, Alem research деген компанияны құрып жұмыс істедік. Ол жерде ақпаратты жинап, анализ жасап, ақпарат жиынтығын компанияларға сатумен айналыстық.
Одан кейін Беларусьтің Минск қаласында World of tanks ойын шығаратын компаниясында жұмыс істедім. Сол жерде жұмыс істеп жүрген кезде Microsoft компаниясына 2021 жылдың шілде-тамыз аралығында сұқбаттасудан өттім. Microsoft компаниясында жұмыс істеп жүргеніме жарты жылдан асты.
– Microsoft компаниясында жұмыс істеу үшін қандай біліктілік қажет? Жалақыға не әсер етеді?
– Шетелдегі ірі компанияларға, оның ішінде Microsoft деңгейіндегі Google, Amazon, Meta компанияларына жұмысқа орналасу үшін ең алдымен керек білім – ағылшын тілі. Себебі Германия немесе Испанияда жұмыс істесеңіз де, жұмыста ағылшын тілінде сөйлесу қажет.
Екіншіден, кез келген программа тілінде есеп шығара алуы қажет. Есепті шешудің түрлі алгоритмі, яғни жолы бар. Бұл сұқбаттасу барысында бағаланады. Алайда жұмыстың 95 пайызында оны қолданбайды.
IT саласындағы жұмыс тәжірибесі 4-5 жылдан көп болса, жүйені жобалау (system design) білімі тексеріледі. Сұқбаттасу кезінде үміткердің технология, бағдарлама және шаблонды қаншалықты білетіні тексеріледі. Мұның өзі үлкен сала. Бағдарламаны жасау кезінде оны күнделікті қанша адам қолданатыны, олар қандай сұрақ қояды, қалай қолданады деген бастапқы сұрақтарға толық жауап беру қажет. Сондай-ақ қандай дерекқор, қандай технологияны қолданатынын айтып, неліктен дәл осы түрін таңдағанын дәлелдеуге тиіс.
Егер үміткердің деңгейі орта (middle) және жоғары (senior) болса, сұқбаттың 5 кезеңінің екеуінде жүйені жобалау бойынша тапсырма беріледі. Тағы 2 сұқбат алгоритм біліміне байланысты болады, ол жерде үміткердің есепті қалай шығаратыны, сыни ойлау қабілеті тексеріледі. Тағы бір сұқбат жұмыстағы коммуникацияны тексеруге бағытталған. Демек, алдын ала үміткердің жұмыста, ұжымда өзін ұстауы, әңгімелесуі, компанияда жұмыс істеуге дайындығы тексеріледі.
Қазақстанда шетелдік азаматтарға көбірек жалақы төлейді. Бірақ шетелде шетелдіктерге өз азаматтарымен бірдей жалақы бекітілген. Бұл жерде де жұмыс берушімен келісімге келуге болады. Қолында бірнеше компанияға шақырту қағазы болса, сол арқылы да жалақыны бірнеше есе көтеруге болады. Білікті маман екеніңізді сол қағаз дәлелдейді.
– Жақында ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Америкада жұмыс істеп жатқан IT саласы мамандарымен кездесті. Бірқатар маманды Қазақстанда жұмыс істеуге шақырды. Ойыңызда елге оралу бар ма?
– Иә, президент Америкада Digital Nomads тобымен кездесті. Бұл топқа мен де мүшемін. Бұл кездесуге менің де қатысуым қажет еді, алайда Америкаға виза дайын болмай қалды. Бұл процесс мен ойлағаннан да ұзаққа созылды. Бірақ сол кездесудің видеосын толық көріп шықтым.
Қасым-Жомарт Тоқаев IT саласындағы мамандарды елге шақырғаны қуантады. Өзім жайлы айтар болсам, бірнеше жыл Еуропа немесе Америкада тәжірибе жинағаннан кейін Қазақстанға қайтамын. Себебі шетелде жинаған тәжірибемді Қазақстанда қолдансам, пайдаға жаратсам деген ойым бар.
Қазақстанның мықты мамандары шетелге жұмыс істеп жатыр. Себебі жалақы мен еңбек шарттары жақсы. Егер соның бәрін Қазақстанға алып келсе, елімізде жұмыс шарттары жақсарады.
Қазір елде еңбек етіп жүрген мамандарға қарағанда шетелде жұмыс істеп жатқандар көзге көп көрінеді. Себебі Қазақстанда жүрген кезде шетелде миллиондап табыс табады деп ойлайды. Шындығында Еуропа мен Қазақстандағы IT мамандардың жалақысының аса көп айырмашылығы жоқ. Көп болса, Еуропада 30%-ға артық. Алайда шетелде күнделікті жұмсайтын қаражат пен салық мөлшері жоғары.
– Соған қарамастан шетелде жұмыс істеуге ұмтылатын адам көп...
– Ең алдымен оған жалақы мөлшері әсер етеді. Еуропадағы барлық қалада жалақы көп деп айта алмаймын. Өйткені салық мөлшері жоғары. Қазақстанмен салыстырғанда кей жерде 2-3 есе көп болуы да мүмкін. Алайда Қазақстандағы IT саласы мамандары Еуропадағы мамандармен бірдей жалақы ала алады.
Екіншіден, Еуропа немесе Америкада ірі компанияда қызметкерді жан-жақты қамтамасыз етеді. Сақтандырудан бастап, киіміне дейін қарастырылған. Тамаққа жұмсайтын қаражатты да есептейді. Кеңсенің ішінде таңғы астан кешкі асқа дейін қамтамасыз етеді. Яғни, жайлы жағдай жасайды.
Сондай-ақ жұмысыңды істесең, жалақы қысқарады немесе жұмыстан шығып қаламын деген қорқыныш болмайды. Компания қызметкерінің күйзеліске түспеуі үшін жағдай жасайды.
Үшіншіден, шетелді көру. Мен неге шетелге кеттім? Шетелде қалай жұмыс істейтінін соның ортасында жүріп көргім келді.
– Қазақстандағы IT саласы қалай дами түседі?
– Кейінгі бес жылға қарасақ, IT саласы жақсы дамып келеді. Қаржы жағы, банк секторы, қызмет көрсету бойынша даму бар. Қазақстандағы IT саласының мамандары Еуропадағы мамандардан кем емес. Еуропалық мамандарға қарағанда қазақстандық программист көп дүниені білуі қажет. Бір маман бірнеше жобаны алып жүре алады, ал Еуропада бір маман бір жобамен айналысады. Екінші жобаға баруы үшін көп уақыт қажет.
Қазақстанда бұл сала қатты дамып кетті деп айта алмаймын. Алайда жылдам дамып жатыр. Әлемдегі геосаяси жағдай да бұған тікелей әсер етіп отыр. Ресей, Украина, Беларусьтегі көптеген IT компания жабылып, мамандар Қазақстанға келіп жатыр. Осы сәтті пайдаланып, Қазақстандағы IT саласын дамытуға болады.
Ол үшін ірі компанияларда немесе шетелде жұмыс істеген IT саласы маманы Қазақстандағы жоғары оқу орындарында сабақ беруі керек. Яғни, тәжірибеден өткен маман іс жүзінде оның қалай іске асатынын көрсетеді.
Компания қызметкерін студенттерге сабақ беруге жіберсе, ол тек студентке ғана емес, жұмыс берушіге де тиімді. Себебі сол арқылы компанияға жаңа мамандарды даярлауға болады.