Қаңтарды ұйымдастырған реваншистер билікке келу амалын міндетті түрде жасайды – Сайыров
Қашқын саяси күштер мол капиталдың арқасында елімізде саяси партия құруы да мүмкін
Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров алдағы жылдары еліміздің саяси сахнасында үлкен тартыстар болады деп болжайды. Бұл туралы ол «...Сұрауы бар» Youtube арнасында айтты.
Депутаттың пікірінше, қаңтар оқиғасынан кейін шетелде бой тасалауға мәжбүр болған топтар ұрымтал сәтті күтіп, есе қайтаруға тырысады.
Ішімізде реваншистік топтар бар, оны жасырмау керек. Қаңтарды бастағандар – нақты реваншистік топтар. Нақты айтсақ, бұрынғы билікте отырған азаматтардың ішіндегі белгілі бір топ. Сол топтар билікке қайтып келудің амалдарын міндетті түрде жасайды, - дейді Ерлан Сайыров.
Алайда ол «белгілі топ» деп атаған адамдардың атын атап, түсін түстемеді. Оның пікірінше, қашқын саяси күштер мол капиталдың арқасында елімізде саяси партия құруы да мүмкін.
«Қазақстан тәуелсіздігінің қазақтардан басқа ешкімге қажеті жоқ. Бірде-бір Еуропа мемлекеті, біздің көршілеріміз біз үшін өзеуремейді. Ешқандай иллюзия болмауы керек. Бізге біреу кепіл боламыз деп жатса, дұрыс шығар, бірақ территориялық тұтастығымыздың гаранты – өзіміз ғана», - дейді депутат.