Halyq Uni логотип
×

Бозымбаев әкім болды: АЭС Алматы облысында салынуы мүмкін бе?

Сарапшылар жаңа тағайындалған Алматы облысының әкіміне қатысты пікір білдірді

 Ербол Тұрымбет 24.11.2021 | 15:26
Бозымбаев әкім болды: АЭС Алматы облысында салынуы мүмкін бе?
Коллаж: primeminister.kz, facebook/Амандық Баталов

Бүгін Алматы облысының әкімі болып Қанат Бозымбаев тағайындалды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұзақ жыл өңірді басқарған экс-әкім Амандық Баталовқа алғысын айтып, өңірді дамытуға және облыстың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыруға елеулі үлес қосқанын атап өтті.

Осылайша, Қанат Бозымбаев үш немесе одан да көп өңірді басқарған ТОП-7 әкімнің қатарына қосылды.

Қанат Бозымбаев талай жыл KEGOC ашық акционерлік қоғамында басшылық қызметте болған, Энергетика министрлігін басқарған, Жамбыл және Павлодар облыстарында әкім болған саясаткер.

Көпшілік бүгінгі кадрлық ауыс-түйіс туралы түрлі болжам жасап жатыр. Тіпті, Қанат Бозымбаевтың әкім болуын елдегі АЭС құрылысы Алматы облысында салынуы мүмкін деп топшылап жатқандар бар. Осы пайымға қатысты Halyq Uni тілшісі бірқатар сарапшылардың пікірін білді.

Қоғам белсендісі, эколог Азаматхан Әміртай Алматы облысында қордаланған мәселелердің көптігін, халықтың әлеуметтік жағдайы қиындағанын айтты.

Облыс әкімі болу - үлкен қызмет. Егер АЭС салынып жатса, оған әкімнің еш қатысы жоқ. Ол жер бөледі, болды. Қалған жұмыспен Энергетика министрлігі, мекемелер, тиісті компаниялар айналысады.

Біріншіден, Бозымбаев – Президентке жақын адам. Есіңізде болса, ол Энергетика министрі болған тұста екі бірдей орынбасары ұсталды. Қолма-қол ақша алғанына қатысты видео тараса да, жақында екеуі де ақталып шықты. Ол (Қанат Бозымбаев – ред.) мәселені шешті.

Енді ол Президент көмекшісі болып отыра бермейді ғой, қызмет керек. Сол үшін Алматы облысының әкім етіп жіберді.

Алматы облысының бұрынғы әкімі – Амандық Баталов нақты істің адамы болды. Енді Қанат Бозымбаевтың не атқара алатынын көрейік. Алматы облысына тиесілі көп аудан Алматы қаласының іргесінде орналасқан. Соның бәрін қадағалап, реттеу керек. Халықтың жағдайы қиын, кешегідей үш баласымен 9-қабаттан секіріп кеткен әйел секілді жандар бар. Бәрі банкке қарызға батқан. Ал АЭС салу мақсатында апарды деген сөздің бәрі - оны әкім қылып апарудың жолы болуы мүмкін.

Саясаттанушы Дос Көшім бұл кадрлық ауыс-түйіс ештеңе өзгертпейтінін айтты.

Қанат Бозымбаев бұған дейін Жамбыл, Павлодар облыстарын басқарды. Энергетика министрі болып тұрған кезде де қатырғаны шамалы. Өз басым Бозымбаевты энергетика саласының мықты маманы деп ойламаймын. Ауысып жатқан тұлғалар, ал жүйе сол күйі қалып отыр, – деді сарапшы.

Мемлекет басшысы Қазақстанда АЭС салу мәселесін биыл бірнеше рет көтерді. Жақында Алматы қаласына жасаған сапарында Қазақстанда энергия тапшылығының алғашқы белгілері байқалып жатқанын айтты.

2014 жылы «Росатом» мен «Қазатомөнеркәсіп» арасында Балқаш маңындағы АЭС құрылысы туралы ынтымақтастық бойынша өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Алайда, 2016 жылдың қарашасында сол кездегі ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев елдегі электр энергиясының шамадан тыс көп болуына байланысты, алдағы 7 жылда Қазақстанда АЭС салудың мәні жоқ екенін айтты.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама