БҚО-да 145 қоқыс полигоны қоршалмаған: эко-белсенді мәселені шешудің жолын айтты

Халық үні

Облыста қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдейтін орын жоқ

Коллаж: Халық үні

Батыс Қазақстан облысында Орал және Ақсай қаласында ғана тұрмыстық қалдық полигоны бар. Қалған елдімекендегі нысанның ешқайсысы ресми түрде полигон ретінде тіркелмеген, бірақ осы бағытта жұмыс істеп жатыр. Бұл туралы өңірдегі экологиялық мәселелерді көтеріп жүрген «Телегей» қоғамдық қорының төрағасы Дәуренбек Сахым мәлімдеді, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

145 ПОЛИГОН ҚОРШАЛМАҒАН

«Бұл мәселеде жергілікті биліктің, соның ішінде облыс және аудан әкімдерінің кінәсі жоқ деп ойлаймын. Бұған заңнама талаптарының қатаңдығы себеп болып отыр. Талаптарды орындау өте қымбатқа түседі. Аудан әкімі типтік үлгідегі полигон салу үшін жергілікті бюджеттен миллиардтаған қаржы бөле алмайды. Әкімдік қалдық мәселесінен басқа денсаулық, білім, жол, құрылыс сияқты маңызды мәселелерді шешуге тиіс», - дейді эко-белсенді Дәуренбек Сахым.

Айтуынша, заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажет.

«Орындалуы өте қиын, тіпті мүмкін емес заңнамаларды қайта қарап, оларға өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажет. Оларды заманауи сұраныс, мүмкіндіктерге қарай оңтайландыру керек. Осы бағытта жұмыс істейтін жұмыс тобын құруды ұсынамын», - дейді эко-белсенді.

БҚО экология департаментінің хабарлауынша, облыста 147 қоқыс полигоны бар, оның ішінде екеуі ғана талапқа сай.

«Қазір облыста 147 тұрмыстық қалдық полигоны бар. Олардың екеуі – Орал және Ақсай қаласындағы полигон ғана талапқа сай. Қалғаны ауылдарда орналасқан, олар қоршалмаған қоқыс төгетін орындар», - дейді облыстық экология департаменті басшысының уақытша міндетін атқарушы Мұрат Ермекқалиев.

ҚАТТЫ ҚАЛДЫҚ ӨҢДЕЙТІН ЖЕР ЖОҚ

Облыс бойынша шешімін таппаған мәселенің бірі – қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеу.

«Қазір жинақталып буылған қалдықтарды әрі қарай өңдеу үшін Ресейге апару мүмкін болмай қалды. Шымкентке тасымалдау да тоқтады. Бұл екі жол қайта жанданса да, бұл мәселенің тиімді шешімі болмайды. Біріншіден, бұл – қалдықтарды өңдеу емес, тасымалдау. Екіншіден, тасымал – өте қымбатқа түсетін жұмыс. Мәселенің шешімі – жергілікті жерде қатты қалдықтарды жинау, өңдеу, кәдеге асырудың толық циклын ұйымдастыру. Жергілікті кәсіпкерлерді тартып, қатты қалдықтарды өңдейтін шағын зауыт ашуға несие, субсидия беру керек», - дейді «Телегей» қоғамдық қорының төрағасы.

Облыстың экология департаменті бұған дейін пластмасса қалдықтарды қайта өңдеу үшін Алматы мен Шымкентке жіберілгенін айтады. Алайда бұл кәсіпкерлердің жол шығынын ақтамаған.

«Қазір қатты қалдық өңдеуге ешқайда жіберілмей, жиналып жатыр. «Орал сауда-өнеркәсіп компаниясы» ЖШС өндірісті бастаса, пластмасса қалдықтарды қабылдайды», - дейді Мұрат Ермекқалиев.

ЭКОЛОГ ИНСПЕКТОРЛАР ҚАЖЕТ

Дәуренбек Сахым өңірдегі экологияға қатысты тағы бір мәселені көтерді. Айтуынша, Жайық-Каспий бассейні инспекциясының БҚО бойынша бөлімі бар болғанымен, мүлде жұмыс істемейді. Мұнда бір де бір маман қызметкер ретінде тіркелмеген. Айтуынша, облыстағы аудандарға мемлекеттік эколог инспектор аса қажет.

«Эколог инспектордың болуы аймақтың экологиялық мәселелеріне жергілікті билікке тәуелді болмай, жедел және кәсіби тұрғыда араласуға мүмкіндік береді. Мысалы, биыл Ақсай қаласының әкімін экологиялық заңнамаларды бұзғаны үшін жауапкершілікке тарту үшін облыс басқармасынан экология инспекторлары шақырылды. Егер аумақта эколог инспектор болса, бұл мәселені тез шешуге болады», - дейді Дәуренбек Сахым.

Мұрат Ермекқалиевтің айтуынша, БҚО экология департаментінің аудандардағы бөлімдері жабылған.

«Атыраудағы Жайық-Каспий бассейні инспекциясының БҚО-да бөлімі болды, қазір мамандары қысқарды. БҚО экология департаментінің аудандардағы бөлімдері де жабылған. Қазір департаментте штатта 17 адам бар, аудандарға жіберсек маман қалмайды», - дейді облыстық экология департаменті басшысының уақытша міндетін атқарушы.

Мамандар аудандарға іс-сапарға барып, жұмыс істеп отыр.

Нұрлыбек Рахманов, Батыс Қазақстан облысы