×

Шет елде жүрсеңдер де елге қызмет етіңдер – Тоқаев

Біздің қоғамға масылдық психологиядан арылуы керек, - деді ол

 Дастан Жұмабекұлы 05.10.2022 | 17:25
фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қарағанды облысынан кейін Павлодар облысына келіп, жергілікті жұртшылықпен кездесті.

Мемлекет басшысымен кездесуге студент-жастар да келді. Президент жастар алдында сөз сөйлеп, ақыл-кеңестерін айтты.

«Жас ұрпақ аға буынның өмір жолынан тағылым ала білгені жөн деп санаймын. Жастарымыздың кез-келген сәтте елге оралуына мүмкіндік бар. Тіпті, шетелде жүрсе де сол жақтан ел мүддесіне қызмет жасай алады.

Біз оларға мемлекетшілдік рухын сіңіріп, ел игілігіне қызмет етуге жұмылдыра  білуіміз керек. Бүгінгі жастар заман талабына тез бейімделе алады. Олардың өршіл идеялары мен ерік-жігері – Қазақстанды дамытатын басты күш.

Өскелең ұрпақтың осы әлеуетін дұрыс арнаға бағыттау – біздің міндетіміз», –  деді ол.

Оның айтуынша, мемлекет барлық баланың сапалы білім алуына жағдай жасауы керек. Осыған байланысты президент жолдауда «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыруды ұсынғанын айтты.

«Бұл бастаманың аясында Павлодар облысында алдағы 3 жылда 10 мектеп салынады. Құрылысты сапалы салып, уақтылы тапсыру – басты міндет. Жұмыс барысын жергілікті атқарушы органдар қатаң бақылауда ұстауға тиіс.

Жастар ертең білімді, алғыр, оқуда озат болсын десек, біз бүгін көптеп сапалы, жайлы мектеп салуымыз керек. Бұл – мемлекет ретінде біздің ортақ міндетіміз. Сондай-ақ ғылыми қызметкерлердің қоғамдағы абырой-беделін арттыруымыз қажет. Ғалымдарымызға әлемдегі жетекші ғылыми орталықтарда тағылымдамадан өту үшін жыл сайын 500 грант беріле бастады.

Сонымен бірге, «Жас ғалым» жобасының аясында 1000 грант бөлінетін болды. Студенттердің, магистранттар мен докторанттардың шәкіртақысы біртіндеп көбейіп келеді. Ғылыми институттар мен іргелі зерттеулерді қаржыландыру жүйесін жетілдіріп жатырмыз. Осыған орай, заңдарға тиісті өзгерістер енгізілді», – деді ол.

Осы ретте, Қасым-Жомарт Кемелұлы жастарға, жалпы кездесуге қатысқан халыққа біздің қоғамға масылдық психологиядан арылуы керектігін, жұмыс істеуге мүмкіндігі бар әрбір адам адал еңбекпен табыс тауып, отбасын асырауға міндетті екенін атап өтті.

«Осының өзі елімізді дамытуға үлес қосу деген сөз. Әрине, мемлекет әлеуметтік жағынан әлсіз топтағы азаматтарға қолдау көрсете береді», –  деді президент.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама