Жердің игілігін латифундистер емес, қарапайым халық көру керек – мемлекет басшысы
Қазақстанда жайылым тапшылығы деген – еш қисынға келмейтін нәрсе
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қарағанды қаласында облыстың жұртшылығымен кездесу өткізіп жатыр.
Кездесуде ол облыстағы ауыл шаруашылығы, білім беру, денсаулық сақтау салаларына қатысты қордаланған пролбемаларды шешуді тапсырды.
Президент әуелі ауыл шаруашылығына қатысты мәселені сөз етті. Ол өңірдегі 176 ауылда таза судың жоқтығына қатысты сын айтты.
«Облыстағы 176 ауылда таза су жоқ. Биыл 37 елді мекенге таза су беріледі. Басқа ауылдарды көп созбай сумен қамту қажет. Соңғы жылдары Балқаш көлі күрт тартылып барады. Еліміздің орталығын сумен қамтамасыз ететін Сәтбаев каналының техникалық жағдайы мәз емес. Білікті мамандармен бірлесіп, осы екі мәселені мұқият зерттеуді тапсырамын.
Көлді сақтау және каналды қалпына келтіру үшін барлық шаралар қабылдануы керек. Қазір суды тазартып, тұшытатын заманауи технологиялар баршылық. Қандай шөлді жер болса да, халықты ауызсумен қамтамасыз етуге болады. Әкімдік ірі бизнес өкілдерімен бірге бұл жұмысты мықтап қолға алуы керек», – деді ол.
Одан кеін еліміз бойынша бос игерілмей жатқан жерлерге байланысты әңгіме қозғады.
«Менің тапсырмаммен ауыл шаруашылығы жерлеріне ғарыштан мониторинг жасалды. Республика бойынша игерілмей бос жатқан 20 миллионнан астам гектар жайылым жер анықталды. Оны мемлекет меншігіне қайтарумен айналысатын арнайы комиссия жұмыс істеп жатыр. Қазірдің өзінде 4,2 миллион гектардан астам алқап қайтарылды. Соның ішінде 1,1 миллион гектар жер Қарағанды облысына тиесілі», – деді президент.
Оның айтуынша, әлемде 9 орын алатын ұлан-ғайыр жері бар Қазақстанда жайылым тапшылығы деген – еш қисынға келмейтін нәрсе. Осы кең байтақ жеріміздің игілігін латифундистер емес, қарапайым халық көруі керек.
Сондықтан, ендігі мәселе – қайтарылған жерді жергілікті шаруаларға әділ бөліп беру қажет. Сонда ғана фермерлердің өз шаруашылығын адал жүргізуге сенімі артады.
Президент келесі кезекте білім беру, денсаулық сақтау, спорт және мәдениет инфрақұрылымын дамыту мәселесіне тоқталды.
«Бұл бағыттағы жұмыстар азаматтардың тұрмысына тікелей әсер етеді. Мен ұрпақтың сапалы білім алуына баса мән беріп отырмын. Менің бастамаммен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынды. Оны бүкіл еліміз бойынша жүзеге асырып жатырмыз», - деді ол.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, алдағы 3 жылда осы өңірдің өзінде 28 мыңнан астам балаға арналған жаңа мектептер салынатын болады. Келесі жылы құрылыс басталады. Сондықтан, жер телімін бөлу және оны коммуналдық желілерге қосу мәселесі қазірден бастап шешімін табуға тиіс.
«Медициналық білім беру жүйесін дамыту – басты міндеттің бірі. Қарағанды медицина университеті бүкіл еліміз үшін білікті мамандар даярлайды. Бұл оқу орнын дәрігерлер ұстаханасы деуге болады. Құзырлы министрлік университеттер жанынан 5 аурухана салу туралы жоба ұсынды. Соның бірі Қарағандыда салынады.
Университет клиникасының құрылысы келесі жылы басталуы керек. Оны заманауи құралдармен жабдықтау қажет. Клиника осы өңірде медицина ғылымын дамытуға және жаңа технологияларды енгізуге тың серпін береді ден сенемін», – деді мемлекет басшысы.