«Алдағы 7 жылда жаңа Қайрат Сатыбалдылар шықпасын десек...» (ВИДЕО)
Күн тәртібінде бірінші тұрған шаруа – Парламентті тәуелсіз қылу
Белгілі заңгер Мәкіш Есқараев «Сұрауы бар» Youtube арнасына берген сұхбатында жаңа Қазақстан құру тетіктерін меңзеді. Оның айтуынша, мемлекет халық пен саяси элитасыз жұмыс істей алмайды. Бірақ президент сол топтарға патша сияқты басқарушы болып кетпеуі керек. Сондықтан Қазақстанның басқару жүйесінде реформа жүргізгені дұрыс.
Мемлекет басшысы 7 жылға сайланады және кейін бұл норма өзгеріссіз жұмыс істейді дегенге мен заңгер ретінде сенемін. Бірақ бұл жерде саяси да бір мәселе бар ғой. Оған дейін күн тәртібінде бірінші тұрған шаруа – Парламентті тәуелсіз қылу. Сол жерге шындықты айтатын 5 депутат қорықпай келсе, барлық нәрсе өзгереді. БАҚ өкілдері олардың бастамаларын көрсетіп отырса, қоғам өзгереді. Нәтижесінде президентті бір реттік сайлау нормасы да өзгермейтін болады, - дейді Мәкіш Есқараев.
Сондай-ақ ол жаңа Қазақстанда жаңа «Қайрат Сатыбалдылар» шықпауы керек деген ойын да ашық айтты.
Президент алдағы 7 жылда саяси барлық кландармен келісіп алып, бәрін қайта өзгертіп үлгереді дегенге сену қиын. Элита болады, онсыз мемлекеттің жұмыс істеуі мүмкін емес. Осы элитаның үстінен патша сияқты қарап отыруға 7 жыл жеткіліксіз. 7 жылда бүкіл элитаның қарсы шыққанын түрмеге отырғызып тастай алмайды.
Әр істің 2 жылдап жүретінін ескеру керек. Сондықтан менің өз ойым, саяси тұрғыдан да, қоғамға келетін пайдасы жағынан да, заң тұрғысынан да дұрыс қабылданған шешім деп ойлаймын. 7 жылда жаңа Қайрат Сатыбалдылар шықпасын десек, бұл дұрыс норма секілді», - дейді заңгер.