«Елімізде ихтиопатолог пен балық қорегін шығаратын зауыт жоқ». Балық шаруашылығының болашағы бар ма?

Айнұр Шошаева

Үкімет 2030 жылға дейін 270 мың тонна балық өсіруді жоспарлап отыр

Фото: автордың жеке архивінен

Екі жыл бұрын Үкімет Балық шаруашылығын дамытудың 2021-2030 жылдарға арналған бағдарламасы қабылдады. Бағдарлама бойынша, он жыл ішінде елімізде 270 мың тонна балық өсіру керек.

Осы орайда, Halyq Uni осы бағдарлама мен оның орындалу барысы туралы балық шаруашылығының сарапшысы Мейрамбек Пазылбековтың пікірін ұсынады. 

«БІР БАҒДАРЛАМА АЯҚТАЛМАЙ, ЕКІНШІСІН ҚАБЫЛДАДЫ»

Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін балық шаруашылығында қолға алынған алғашқы ауқымды жоба – «мастер класс» деп аталды. Соған сәйкес, елде 2025 жылға дейін 60 мың тонна балық өсірілуі тиіс еді. Мастер класс толық орындалып, аяғына дейін жеткен жоқ. Әлі 5 жыл уақыты бола тұра, ол жобаны аяқтамастан 2020 жылы одан да үлкен ауқымдағы бағдарлама қабылданды. Ол – «Балық шаруашылығын дамытудың 2021-2030 жылдарға арналған бағдарламасы» деп аталады. 2014 жылы жабылып қалған Балық шаруашылығы комитетін жандандырып Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің құрамында жеке комитет ретінде қайта ашты. Себебі осы бағдарламаны қабылдап, оны жүзеге асыратын жеке орган керек болды. Шын мәнінде, Қазақстанда тәуелсіздік алған кезде жеке Балық шаруашылығы министрлігі болған еді. Өкінішке қарай, ол министрлікті таратып, ең аяғы бұл шаруашылықты АШМ-нің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі деген комитетке қосып жіберді. Содан бері орманшылар мен қорықшылар балық шаруашылығының инспекторы болып шыға келді.  

Бағдарламаға оралатын болсақ, 2020 жылы Шардара қаласында үлкен жиын өтті. Ол кезде премьер-министр Асқар Мамин, ал сала министрі Мағзұм Мырзағалиев еді. 270 мың тонна балық өсіру туралы бағдарлама осы екеуінің тұсында қабылданды. Ең қызығы, осы бағдарламаның бастапқы жобасында 600 мың тонна балық өсіру көзделген. Оны естігенде бірінші болып күлгендердің бірі мен болдым. Бір нөлі қате кетіп қалмады ма деп ойладым. Балық шаруашалығы ғылыми-өндірістік орталығының бас директоры Қуаныш Исбеков мырза сол жиында «теориялық тұрғыда Қазақстанның әлеуеті 600 мың тонна тауар балығын өсіруге жетеді» деді. Мұнда табиғаттағы балық емес, ол қолдан өсірілетін балықт туралы айтылып отыр. 

«30 ЖЫЛДА АКВАӨСІРУ ТУРАЛЫ ЗАҢ ҚАБЫЛДАҒАН ЖОҚПЫЗ»

Қазақстанда акваөсіру туралы заң әлі жоқ. Кеше ғана әлеуметтік желіде экология вице-министрі Әлия Шалабекованың сұхбаты тарап жатыр. Онда 2022 жылдың аяғына дейін акваөсіру туралы заңды қабылдап, ол 2023 жылдың басынан бастап күшіне енеді деп айтқаны бар. Акваөсіру туралы заң Ресей, Беларусь, іргеміздегі Өзбекстанда қабылданған. Егер басқару механизмдері мен қолдауларын жүзеге асыратын заң болмаса, біз сонша мың тонна балықты қалай өсіреміз? Бұл сұрақты жиі көтеріп келем. Мұндай бағдарлама премьер-министрдің қаулысымен қабылданады. Қазір сәтсіз жобалар туралы айтқанда біз ЖРТ-ны мысалға келтіреміз. Мен жоғарыда аталған бағдарламаны балық шаруашылығындағы ЖРТ деп есептеймін.

Маман ретінде айтайын, балық өсіруге болады. Бірқатар мемлекеттің тәжірибесін бақылап келемін, сала мамандарымен бір сөйлесеміз. Мәселен, бейресми ақпаратқа сәйкес, Өзбекстан бүгін 400 мыңнан астам балық өсіріп отыр. Олар мұндай көрсеткішке қалай қол жеткізді? Себебі онда ғылым өндіріске жұмыс істейді. Бізде балық шаруашылық ғылыми өдірістік оралығының тарихы 90 жылдан асқан. Ал көршілерімізде небәрі 5-6 жыл ғана болған, мамандарын Қытай, Сингапур, Малайзия сияқты дамыған елдерде оқытып, даярлады. Бір сөзбен айтқанда, нәтижеге біліммен жетіп отыр. Ақшаны өндіріске бөлген соң, өндіріс өзіне қажетті маманды тартады. Біздегі балық шаруашылығында да дәл сондай дүние болуы керек. 

«ҚОЛДАУ КӨП БОЛҒАНЫМЕН...»

270 мың тоннаны өсіруге Қазақстанның қауқары жете ме? Сандарды сөйлетіп көрейік. Бағдарлама 2020 жылы қабылданды. 2019 жылы Қазақстанда 6,9 мың тонна балық өсірілді. Соны 10 жылда 270 мың тоннаға апаруымыз керек. Дәл қазір Қазақстанды басқарып отырған азаматтардың саясаты, балық шаруашлығының әл-ауқаты мен мемлекеттің қолдауын ескерсек, бұл жоспарды орындау мүмкін емес. Неге?

Біріншіден, тізбектеп жазатын субсидияның барылығының түкке пайдасы жоқ. Шаруашаларға берілетін субсидияның көлемі көңіл көншітпейді. Мәселен, шағын балық шаруашылықтары 1 млн теңгеге шабақ алса, мемлекет оның жарты сомасын береді. Алайда оны алу үшін құжат жинап шаршап, ақырында баз кешеді. Соңында кәсіпті сол ақшасыз-ақ жүргізуді жөн санайды.

Екінші мәселе, субсидияның тізбегінде дәрілік препараттарға, балықтың жеміне және биологиялық негіздемеге әр түрлі пайызда субсидия береді деп тізбектеген кезде мемлекеттің қолдауы керемет сияқты көрінеді. Бірақ биологиялық негіздеме шаруашылықты ашқан кезде бір-ақ рет жасалатын құжат. Мысалы, пәтеріңіздің мемлекеттік актісін сіз үйді алғанда бір рет аласыз. Бұл да солай. Ал оны бір рет жасағанда мемлекеттік қолдау деп сезініп үлгермейсіз. Сондықтан оны қаржылық қолдау деп айтуға болмайы. Оны мемлекет тегін жасаса да болар еді. 

«ҚЫРЫЛҒАН БАЛЫҚТЫҢ СТАТИСТИКАСЫ ЖОҚ»

Мал дәрігерін «ветиринар» деп айтады. Ал балықтың ауруларын емдейтін маман «ихтиопатолог» деп айталады. Бүгінгі күні Қазақстанда практик ихтиопатолог жоқ. Балықты емдей амаймыз. Кеңес заманынан қалған ұсыныстарды оқып отырып, аурудың алдын алып келеміз. Жыл сайын елде мыңдаған балық қырылып жатыр. Оны алысқа бармай-ақ әлеуметтік желіден де көруге болады. Мамандар оның себебін судың көтерілуі немесе төмендеуімен байланыстырып, жылы жауып қоя салады. Алған пробаның балықтары ыдырап кетіпті деп ақталады. Негізінен көп нәрсе иммунитеттің түсіп кетуінен, қолайлы ортаның бұзылуына байланысты. 

Бұған қоса, елімізде жыл сайын қанша балық қырылып жатқанын білмейміз. Статистика жоқ, ешкім жүргізбейді. Тіпті, болған күннің өзінде сізге де, бізге де айтпайды. Белгілісі елімізде ірілі-ұсақты 45 мыңнан астам көл бар. Каспий теңізінің акваториясын қоспағанда 5 млн гектар су айдыны бар.  

Біз Кәсіпкерлер әр шабақтың экономикасын санаймыз. Оның өзіндік құнының 70 пайызы жейтін азығына кеткен соманы құрайды. Қазақстанда сапалы балық қорегін шығаратын мен білетін жалғыз зауыт бар. «Аква Альянс» деген ұйымның қуаттылығы жылына 3 мың тонна өнім, оның бір келісі де ішкі нарықта саудаланбайды. Ресей мен Қырғызстанға кетеді. Министрлік мұны біліп отыр, жеке кәсіпкер болғандықтан кімге саудалайды өздері біледі. Бір кездері сол бағдарламаны қабылдаған адамдар қазір жоқ. Мамин мен Мырзағалиев қызметінен алынды, жобаның тағдыры не болып жатыр деп көтеріп жатқан ешкім жоқ. 

«270 МЫҢ ТОННА ҚАЙДАН ШЫҚТЫ?»

Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы деген квазимемлекеттік ұйым бар. Ол министрліктердің тікелей тапсырысын орындайды. Бағдарламаның кімнің қиялынан шыққанын білмеймін, ол жағы маған беймәлім. Асылжан Мамытбеков министр болып тұрғанда 60 мың тонна мәрмар етті экспортқа шығарамыз деген еді. Кейін ол құрдымға кетті. Басқа саланың бәрі тауысылып, адам қолы тимеген балық шаруашылығына назар аудара бастады. Сөйтіп 270 мың тонна балық өсіру туралы бағдарлама қабылданды. Осынша балықты өсіру мүмкін емес. Төрт дөңгелекті жеңіл көлікке сегіз дөңгелек салумен бірдей. Ғылымға тапсырма берген болар, ол соны бұлжытпай орындауда! Бастапқыда 600 мың тонна есептемек болады, сабаларына түскен шығар 270 мың тоннаны есептеп берді.

Кез келген заң немесе бағдарламаны қабылдау үшін ең бірінші оған негіздеме болу керек. Балық шаруашылығында ол биологиялық негіздеме болуы тиіс. Балық шаруашылығы институты негіздеме берген соң, қабылданып, қаулымен бекітілді. Тіпті Президентке де оны таныстырып, балық шаруашылығында қарқынды дамып, өз-өзімізді қамтамасыз етеміз деп айтылды. Еуропалық мамандар Қазақстанда халық жыл сайын жан басына шаққанда 4,5 килодан артық балық тұтынбайды деп отыр. ДДСҰ ұсынысы бойынша бір адам жылына 14,5-18 кг дейін балық тұтынуы керек. Соны негізге алып, 270 мың тонна балық өндірсек, ДДСҰ ұсынысын орындаймыз деген ой жатыр. Қарсы емеспін, маған салса 600 мың тонна балық өндірейік. Бірақ ол үшін шынайы мемлекеттік қолдау болуы керек. 

Қазір Балық шаруашылығы комитетінде бірде-бір балық өсіруші жоқ, сөйте тұра 270 мың тонна өсірмек. Нақты стратегия болмаған соң, сала тіпті бір орында тұралап тұрған жоқ, керісінше кері кетіп барады. 

Тағы бір назар аударатын мәселе, балық шаруашылығында да монополистер бар. Мәселен, биыл Алматы облысының өзіне балық шаруашылығына 70 млн теңге субсидия қарастылып отыр. Бұл кәдімгідей қолдау. Бірақ субсидияға өтінім қабылдау кезінде жекелеген кәсіпкерлердің мүддесі байқалады. Себебі субсидияның ішінде 70-80 пайызы тұқы, сазан, ақ амур, дөңмаңдай балықтары. Бұл кеңес дәуірінен келе жатқан дәстүрлі балық түрлері. Ал бахтах (форель), бекіре сияқты кейіннен қосылған балықтар бар, әрі олардың көлемі өте аз. 70 млн теңгенің түгелдейі бір ғана бахтах балығына арналған екен. Демек, бұдан шығатыны Алматы облысы Балық шаруашылығын дамыту бағдарламасына сәйкес 2022 жылы 8000 тонна тауарлы бахтах балығын көрсетуі тиіс. Уақыт бәрін көрсетеді.

Тағы бір айта кететін жәйт, тауарлы балық өсіруге ең негізгі фактор – судың тапшылығы! Ал заң аясында балық шаруашылығына пайдаланылатын сулардың (жер үсті, артезиан, скважина, бұлақ) ешқайсысы субсидияланбайды.