АҚШ Путиннің ядролық соққысына жауап қайтарады –  ЦРУ

Дастан Жұмабекұлы

Ресейдің барлық әскерилері мен техникасы жойылып, Қара теңіз флоты суға батырып жіберіледі

фото: ашық дереккөз

АҚШ Ресей президенті Владимир Путиннің «ядролық соққы» беретіні жөніндегі қоқан-лоққысы шындыққа айналса, өз тарапынан сұмдық соққы жасайды.

Бұл туралы The Moskow Times хабарлады.

«Егер РФ президенті тактикалық ядролық қаруды қолданатын болса, АҚШ Ресейдің Украинадағы барлық әскерилері мен техникасын жояды. Сондай-ақ Қара теңіз флотын түгел суға батырып жібереді», – деді ЦРУ-дың бұрынғы басшысы, отставкадағы армия генералы Дэвид Петреус.

Бұл туралы ол ABC-ға берген сұхбатында айтты.

Оның айтуынша, НАТО АҚШ басшылығымен бірігіп, РФ қауіпсіздік кеңесі басшысының орынбасары Дмитрий Медведев пен Шешенстан басшысы Рамзан Кадыров ашықтан-ашық айтып отырған, тіпті Путиннің өзі бірнеше рет ишара білдірген ядролық эскалацияға қарсы жауап беретін болады.

Петреустің айтуына  қарағанда, Кремльдің өзі аннексиялап алған территорияларды «қорғау» үшін Украинаға бермекші болып қорқытып отырған ядролық соққысы НАТО жарғысының ұжымдық өзін өзі қорғау процесін іске қосуына себепкерлік ететін бесінші бабына негіз бола алмайды. Сонда да, соққының радиациясы блок елдеріне жетіп жатса, мұндай жағдай НАТО мүшесіне шабуыл жасалған болып есептеледі.

«АҚШ жағдайдың ядролық эскалацияға дейін баруына мүдделі болып отырмағанымен, «мұндай нәрсенің (ядролық қару қолданудың – ред.) жауапсыз қалмайтынын» көрсетеді», – деді Петреус.

«Қуаты Хиросимаға тасталған бомбаның күшімен бірдей» (Путиннің сөзі – ред.) тактикалық ядролық қаруды қолдану фактісінің өзі – Ресей сөзсіз жеңіліске ұшырағалы отырған ұрыс даласындағы ахуалды «өзгерте алмайды», – деді Петреус.

«Путинді бұл жағдайдан ешқандай жүгенсіз, жүйесіз мобилиция (басқаша суреттеу мүмкін емес) да, ешқандай аннексия да және ешқандай буалдыр ядролық қоқан-лоққы да тартып шығара алмайды», – деді ЦРУ-дың бұрынғы басшысы.

Путин 21 қыркүйекте мобилизация жариялай отырып, Батысты ядромен бопса жасады деп айыптады. Сонымен бірге ол Украинаның төрт облысын аннексиялап отырған РФ-ның территориялық тұтастығын қорғау үшін «қолда бар қарулардың барлық түрін» қолдануға дайын екенін айтты.