×

Каспий құбыр консорциумындағы іркіліс: Қазақстан мұнайды Қытайға көбірек сата бастады

Тамыз айында КҚК-дан екі рет ақау шықты

 Бауыржан Мұқанов 01.10.2022 | 15:21
Коллаж: Halyq Uni

17 тамызда Каспий құбыр консорциумындағы жүзгіштік танкердің жарылуына байланысты ЖАҚ-2 пайдаланудан шығарылды. Оның алдында, 5 тамыз күні тура осындай себеппен ЖАҚ-1 істен шыққан еді. Қазіргі Каспий құбыр консорциумында мұнай тек ЖАҚ-3 арқылы тасымалданып жатыр, деп хабарлайды Halyq Uni энергетика министрлігіне сілтеме жасай отырып.

Редакцияға берген ресми жауабында энергетика министрлігі Теңіз бен қашаған кен орындарында жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқандықтан мұнай өндірісінің азайғанын, нәтижесінде жалғыз ЖАҚ-3 КҚК арқылы тасымалданатын барлық Қазақстандық мұнайды тасымалдап жатқанын мәлімдеді.

ЖАҚ-3 қуаттылығы КҚК арқылы тасымалданатын қазақстандық мұнайды жеткізуге қауқарлы, деп жауап берді ведомство.

«Биылғы 12 қыркүйектен бастап Қарашығанақ кен орны жоспарлы күрделі жөндеуге тұрды. Осы жөндеу 6 қазанға дейін жүргізілетін болады, осыған байланысты аталған кен орнында мұнай өндіру көрсетілген кезеңде тоқтатылады», деп жауап берді министрлік.

«Мұнай және газ ақпараттық-талдау орталығы» АҚ деректері бойынша, 2022 жылдың 8 айында КҚК арқылы 34,8 млн тонна немесе қазақстандық экспорттың жалпы көлемінің 80%-ы тасымалданды.          

Атап айтқанда КҚК мұнай құбыры жүйесі бойынша негізінен «Теңізшевройл» ЖШС, «Норт Каспиан Оперейтинг Компани», «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг Б.В.» және «ҚазМұнайГаз ҰК» АҚ ірі мұнай өндіруші кәсіпорындарының мұнайы тасымалданады.

Каспий құбыр консорциуымында техникалық іркілістердің көбеюі Қазақстан билігінің мұнайды тасымалдайтын басқа жолдарды да дамытуды қолға алуына себеп болды.  Соның бірі Транскаспий халықаралық көлік дәлізі. Аталған жолмен қазақстандық мұнайды экспортқа тасымалдау құбыр, теңіз (танкерлік тасымалдау) және теміржол көлігімен тасуға болады.

«Қазақстандық мұнайды экспорттау жолдарын одан әрі әртараптандыру және Транскаспий халықаралық көлік бағдарын одан әрі дамыту үшін энергетика министрлігі «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ және басқа да мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдармен бірлесіп, қазіргі уақытта тасымалдаудың баламалы нұсқаларын пысықтауда. Атап айтқанда, Әзербайжан, Иран және Қытай бағытындағы бағыттар қаралуда. Баламалы бағыттарды дамытуды қарау олардың әлеуетіне, экономикалық орындылығына және басқа да ілеспе, оның ішінде техникалық факторларға, сондай-ақ Қазақстанда мұнай өндірудің өсуін ескере отырып, байланысты болады», – дейді министрлік.

Транскаспий дәлізімен Әзірбайжан арқылы тасымал, жоғарыда айтылғандай, көбейтіледі деп жоспарланса, Иран арқылы әзірге Қазақстанның мұнайы тасымалданып жатқан жоқ.

Ал Қытай бағытындағы мұнай тасымалы көбейіп келе жатыр.

2022 жылдың 8 айында «Атасу-Алашанькоу» мұнай құбыры бойынша қазақстандық мұнайдың экспорты 964 мың тоннаны немесе 2021 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 147,7%-ды құрады, – деп жауап берді энергетика министрлігі.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама