Жыл басынан бері өңірге 197 млрд теңге инвестиция құйылған
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Абай облысына жұмыс сапарымен барды деп хабарлады Telegram-дағы Борт N1 арнасы.
Мемлекет басшысы сапар барысында Семей жұртшылығымен кездесіп, өңірдің бірқатар мәдени-білім беру ошағын аралайды деп жоспарланып отыр.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Семей қаласы мен Абай облысының Қазақстан тарихындағы орны ерекше.
Оның төл шежіремізде айрықша орны бар. Бұл – қазаққа Абай, Шәкәрім, Мұхтар Әуезов сияқты біртуар перзенттерді сыйлаған ұлылар мекені. Абай туған топыраққа келген адам бұл жердің киесін сезінеді, қасиетін ұғады. Семей – ұлы даланың ұлағатты өлкесі. Бұл – Алаш арыстарының ізі қалған, зиялыларымыз елдің болашағы үшін күрескен қастерлі өңір, - деді ол.
Президент биыл халықтың қалауын ескеріп, жаңа облысты құру туралы шешім қабылдағанын атап өтті.
«Бұл қадам өңірдің әлеуметтік-экономикалық мәселелерін жедел шешіп, тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға ықпал етеді. Инвестицияның келуіне, өнеркәсіп пен жұмыс орындарының ашылуына, шағын және орта бизнестің дамуына жағдай жасайды. Аймақты республикалық бюджеттен тікелей қаржыландыру жүйесі жүзеге асады. Бұл шешім – шын мәнінде, тарихи әділдіктің салтанат құруы. Біз жаңадан құрылған облысты ұлттың ұлы тұлғасына деген ерекше құрмет белгісі ретінде Абай деп атадық», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ол соңғы жылдары Абай өңірінің экономикалық көрсеткіштері біршама жақсарғанын жеткізді.
Былтыр облыстағы өнеркәсіп өндірісінің көлемі 750 млрд теңгеге жуықтады. Жыл басынан бері аймаққа 197 млрд теңге инвестиция тартылды. Жергілікті кәсіпорындарға қолдау көрсетіп, шағын және орта бизнестің дамуына жан-жақты мүмкіндік жасау қажет. Сондай-ақ бәсекеге қабілетті, ашық нарық қалыптастыру, инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын ашу аймақ басшылығының басты міндеті болуға тиіс, - деді мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев өңірдің 9 жолдың торабында тұрғанын атап өтті.
«Ол Ресеймен, Қытаймен шектесіп жатыр. Осы мүмкіндікті ұтымды пайдалану үшін жолдарымыз сапалы әрі қауіпсіз болуы керек. Еліміздің көлік әлеуетін дамыту үшін Бақты арқылы Қытайға баратын теміржол желісін салуды жоспарлап отырмыз. Бұл теміржолды міндетті түрде салуымыз керек. Үкімет осы мәселемен айналысады», - деді президент.
Оның пікірінше, облыста «құрғақ порт», «логистикалық парк» салып, көлік дәлізін дамыту керек.
«Халықаралық маңызы бар күре жол Семей арқылы өтеді. Сондықтан ең алдымен, қаладағы 2 көпірді жөндеу қажет. Биыл мұнда жаңа көпірдің құрылысы басталды. Үкімет облыс әкімдігімен бірлесіп, оны 3 жылда салып бітіруі тиіс. Сондай-ақ аспалы көпірге күрделі жөндеу жүргізуді тапсырамын», - деді ол.
Сондай-ақ президент өңірде геологиялық барлау жұмысын жүргізуді тапсырды.
Аймақтың жер қойнауы полигонның кесірінен жылдар бойы игерілген жоқ. Сондықтан облыс аумағында ауқымды геологиялық зерттеу жұмысын жүргізу қажет. Қазба байлықтар көптеп табылады деп ойлаймын. Тау-кен өнеркәсібін дамыту облыс экономикасын жандандырады. Сондай-ақ жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді, - деп түйіндеді сөзін Қасым-Жомарт Тоқаев.