Банктерде рубль тым көбейіп кетті ме? Ұлттық банк жауап берді

Бауыржан Мұқанов

Қазір банктерде 10 млрд рубль бар

Фото: Halyq Uni

Ұлттық Банкке екінші деңгейлі банктермен ұсынылған деректерге сәйкес, қолма-қол Ресей рублінің қалдық көлемі 2022 жылдың тамыз айына 10 млрд рубльге жуық соманы құрады, деп жауап берді Ұлттық банктің баспасөз қызметі Halyq Uni редакциясының ресми сауалына. 

Бас банктің мәліметінше, 2022 жылғы 18 шілдеде «Қазақстан Республикасының қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етудің кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 18 шілдедегі № 490 Қаулысы қабылданған. Осы қаулы аясында екінші деңгейлі банктер 2022 жылғы 18 шілде мен 31 тамыз аралығында қолма-қол Ресей рублі 2022 жылдың 1 шілдедегі жағдай бойынша екінші деңгейлі банктердің кассаларында жинақталған көлем шегінде ғана шығарылды.

«Қазақстан Республикасының валюталық заңнамасы жеке тұлғалардың қолма-қол валюта айырбастауын шектемейді. Қаржы ұйымдары қолданылатын валюта түрлері бойынша шешімді ішкі валюта нарығындағы сұраныс пен ұсыныстың ара қатынасына, сондай-ақ белгілі бір валютаның айырбасына қарап дербес қабылдайды», дейді Ұлттық банк.

Айта кетейік, заң бойынша Қазақстан Республикасынан 10 мың АҚШ долларынан асатын қолма-қол ақшаны әкетуге шектеу қойылған.

Ұлттық банктің хабарлауынша, Қазақстандағы валюталық ахуал бақылауда.

Бұған дейін сарапшылар Қазақстанда рубль көбейіп кеткенін және оны шектеу керектігін айтып дабыл қаққан еді.