×

Ресей сауда серіктесі ретінде Қазақстанға көп кедергі жасайды – сенатор ЕАЭО туралы

Бұл пікірмен Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин келіспейді

 Дәурен Ерболат 29.09.2022 | 13:29
Фото: senate.parlam.kz

Сенат депутаты Мұрат Бақтиярұлы Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақтың игілігін көре алмай отырғанын, сауда жасауға Ресей көп кедергі жасайтынын айтты деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Оның айтуынша, ЕАЭО 187 млн адам тұратын нарыққа жол ашқан.

Бірақ одақ құрылғаннан бері ішкі сауда мен тауар айналымында кінәрат көбейді. Одақ елдері өз мүддесін ғана қолдап, өзгені қолдамайтын жағдайға жетті. ЕАЭО елдері бірін-бірі серіктес деп қабылдамайды, бәсекелес, бақталас сияқты. Сондықтан Еуразиялық экономикалық одақ елдері арасында сауда-саттық тең емес. Мысалы, Қазақстанға Еуразиялық экономикалық одақ аясында келетін сауда айналымының 94%-ы Ресейге тиеcілі. Қалғаны басқа одақ елдерінің үлесінде. Бүгінде ЕАЭО елдері арасында 40-тан аса кедергі бар. Ресей ірі тауар серіктесі ретінде көп шектеу мен кедергі жасайды. Өкінішке қарай, Қазақстанға көп шектеу түсіп тұр, - деді сенатор Сенаттың жалпы отырысында.

Сондай-ақ ол соңғы 5 жылда Қазақстанның импорты экспортынан 2 есе көбейгенін жеткізді.

44 млрд доллар – төлем балансының теріс сальдосының көрсеткіші. Бұлай жалғаса берсе, ұлттық валютамыз құлдырай береді деген сөз, - деді депутат.

Осыған байланысты ол Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғаринге сұрақ қойды.

«Біріншіден, Қазақстан неге Еуразиялық экономикалық одаққа аз тауар сатып, көп өнім сатып алады? Екіншіден, Ресейде құн салығы – 20%, Қазақстанда – 12%. Айырмашылық – 8%. Бұл Ресей тауарларының біздің тауарларға қарағанда бәсекеге жоғары екенін көрсете ме?», - деді Мұрат Бақтиярұлы. Алайда Үкімет басшысының орынбасары – Сауда және интеграция министрі сенатордың пікірімен келіспейтінін айтты.

Еуразиялық экономикалық одаққа мүше барлық елде тауар айнылымы өсіп жатыр. Биыл 6 айда ол 12,6 млрд доллар болды, өсім – 4,8%. Импорттың көрсеткіші де осындай. Себебі оның көп бөлігі – дайын тауарлар. Біз шикі тауарларды сыртқа жібереміз: мұнай, газ және тағы басқа шикізаттар. Неге олай болып отырғанын бәріміз білеміз. Өнім өңдеуді дамыту керек... Жалпы, ешкім бізге сауда жасауға кедергі мен тосқауыл қоймайды. Мысалы, қазір Еуразиялық экономикалық одақ емес, Өзбекстан және басқа елдер Қазақстанның ұнын, бидайы мен етін сұрайды. Сондықтан бәрі өзімізге байланысты. Жоғарыда айтылған мәселенің Еуразиялық экономикалық одаққа, бәсекелестікке қатысы жоқ, - деді Серік Жұманғарин.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама