Halyq Uni логотип
×

«Үй қымбаттаған сайын халық банктерге жем болып жатыр». Банк омбудсманымен сұхбат

Несие төлеуден қиналған кезде банкке барып жағдайды түсіндіру керек, дейді Ерсерік Сиырбаев

 Ербол Тұрымбет 29.09.2022 | 10:25
«Үй қымбаттаған сайын халық банктерге жем болып жатыр». Банк омбудсманымен сұхбат
Коллаж: Halyq Uni

Ипотекалық несиесін төлей алмай жүрген азаматтардан жылына мыңнан аса шағым түседі. Бірақ, соның ішінде 2-3%-ы ғана омбудсманның алдынан шешім табады. Қалған жағдайлар халықтың құқықтық сауатының төмендігін көрсетіп отыр. Бұл туралы Halyq Uni тілшісіне берген сұхбатында банк омбудсманы Ерсерік Сиырбаев айтып берді. 

– Ерсерік Дәменұлы, банк омбудсманы деген кім?

– «Банк және банк жүйесі туралы» заңның 40 бабында банк омбудсманының қызметі анық көрсетілген. Кез келген адам қандай салада жұмыс істесе де бәрі ақшамен жүреді. Осы жерден жеке тұлға мен банк қарым-қатынасы пайда болады. Сол банк жүйесінің қызметін пайдаланған кезде әр түрлі келіспеушіліктер туындайды. Оны шешудің түрлі жолы бар. Осы арада банк омбудсманы банк пен жеке тұлға арасындағы ипотекалық қарыз шартынан туындайтын келіспеушіліктерді реттеу бойынша жұмыс істейді.

Банк омбудсманы – тәуелсіз жеке тұлға. Заңда солай жазылған. Мен жеке тұлға болғаныммен, маған көмектесетін банк омбудсманының кеңсесі бар. Ол заңды тұлға болып саналады. Жалпы айтқанда, банк омбудсманы қазақтың бұрынғы биі.

Банк жүйесінің әр түрлі ерекшелігі бар. Басты ерекшелігі, банк құпиясы. Көп нәрсе соған барып тіреледі. Қайшылық та содан туындайды. Кейде арызданушылар банкке бірдеңе сұрайын деп барса, банк құпиясы деп бермей жібереді. Келіспеушілік содан басталады. Ал омбудсманға сол құпияны ашып көруге мүмкіндік берілген.

«МЕМЛЕКЕТ ҮЙ БАҒАСЫН ҰСТАП ОТЫРУ КЕРЕК»

– Соңғы жылдары ипотека нарығы қарқынды өсті, әр түрлі мемлекеттік және жеке иполтекалық бағдарламалар ашылды. Солар тиімді болды ма, қалай бағалайсыз?

– «7-20-25» секілді ипотекалық бағдарламалар немесе кей банктер «Жас отбасы» деген сияқты өз бағдарламасын шығарады. Бәрі де дұрыс, себебі тұтынушы арасынан өзіне тиімдісін таңдап алады. Бірақ, мәселенің екінші қыры да бар. Қандай тиімді бағдарлама шықса да бәрібір тұрғын үйдің бағасы өсіп жатыр. Бағдарлама мәселенің бір жағы ғана. Екінші жағы, құрылыстағы материалдың бағасы. Үшінші жағы, бағдарламаны банктер өз пайдасы үшін құруы.

Мысалы, әр адам өзінің өмірлік жоспарын құратыны сияқты түрлі мекеме де осындай бағдарлама жасайды. Ол өзінің тауарын сату үшін керек. Банк саласының тауары – ақша, құрылыс мекемелерінің тауары – баспана. Соларды өткізу үшін әр түрлі бағдарлама құрастырады.

Мысалы, «7-20-25» бағдарламасында шаршы метрдің бағасы қанша болу керектігі жазылмаған. Айталық, осы бағдарлама басталғанда ипотекамен үй алып қалған кісілерге арзан түсті. Содан бері 5 жылдан асты, баға көтеріліп кетті. Қазір ол бағдарламамен алатындар бұрынғы алғандарға қарағанда ұтылып отыр. Сол себепті, Үкімет несиенің бағасын, құрылыс материалдары мен шаршы метр бағасын бақылап отыру керек. Бірінен бірі озып кетпеу керек. Себебі, соның кесірінен бүгінгідей бағаның шарықтауына жетіп отырмыз.

Мемлекет халыққа жеңілдетілген бағдарлама жасап берген болады. Бірақ, айналып келгенде шаршы метр бағасы өседі де жұрт банктерге жем бола береді.

– Халық ипотекамен үй алуды жақсы меңгерген. Бірақ, несиесін төлей алмай қалған жағдайда қайтерін білмей дағдарып қалады. Осы тұрғыдан халық не нәрсені білмей жатады?

– Ипотекаға үй алғандар кейде несиесін уақытылы төлей алмай қалады. Жалақысы кешігуі мүмкін, жұмыстан шығып қалуы мүмкін, тағысын тағы. Көбі заңды білмегендіктен банкке барып, өтініш жазудың орнына тағы бір несие алып алдыңғы несиесін жауып жатады. Сөйтіп, батпаққа батып, қаржылық жағдайы тіпті қиындайды.

Ондайда, біріншіден, қарыз алған банкіне барып жағдайын түсіндіру керек. Сол кезде банк қызметкерлері әрі қарай не істеу керектігін айтады. Олар қарыздың мерзімін ұзарта ма, пайызын азайта ма, әйтеуір амалын тауып, ай сайынғы төлемін төмендетіп беру керек.

Немесе жұмысқа қосылғанша төлемді тоқтата тұруды сұрайды. Онда да кейбіреулер бір ай сияқты аз ғана мерзім алады. Сондықтан, мерзім алуда да өзіне тиімді уақытты жазбаша түрде сұрау керек. Сол өтініші бойынша банктің берген жауабына көңілі толмаса, онда маған келу керек.

ШАҒЫМДАРДЫҢ БАРЛЫҒЫ ДЕРЛІК ҚҰҚЫҚТЫҚ САУАТТЫҢ ТӨМЕНДІГІН КӨРСЕТЕДІ

– Жұрт сізге қандай шағыммен жиі келеді?

– Ипотекалық несиенің ерекшелігі, кепілге жылжымайтын мүлік қойылады. Сол жылжымайтын мүліктің бағасы несиеге сәйкес болу керек. Кейде бағасы жетпей жатса, екі-үш мүлікті кепілге қояды. Ал 5-6 жылдан кейін несиенің құны азаяды да кепілдегі мүлік сол бағасын ұстап тұрады. Сонда кепілде тұрған екі мүліктің бірін босатып алғысы келеді. Бірақ, банк қарызды толық өтемейінше оны бермейді. Осындайда мен араласып, несие алушыға қайтарып берем.

– Халық Банк омбудсманының қызметін қаншалықты жиі пайдаланады?

– Менің бұл сұраққа қатысты бір ойым бар. Бізде кеңес дәуірінен қалған банк қызметінен тұтынушылардың құқығын қорғау деген ұғым бар. Ол бұрынғы моральдық кодекстен бізге көшкен нәрсе. Қорғау дегеніміз, біреу жаулық етсе, шабуыл жасаса, сонда қолданылатын сөз. Көп жерде «қорғау» сөзі қолданылады. Сол ұғымды тастауымыз керек. Біздің қызметімізде адамның құқығын заң аясында сақтау мәселесі қарастырылады.

Конституцияның 76-бабында да соттың мәселесі «қорғау» деп жазылып тұр. Яғни, «қорғау» мен «сақтаудың» айырмашылығы жер мен көктей. Сот та, омбудсман де екі жаққа тең болу керек. Менің жұмысым, адамның құқығын сақтау мақсатымен оған заңнамалық тұрғыдан түсіндіріп, жол сілтеу.

Статистикаға келек, маған жылына мыңнан аса шағым түседі. Соның ішінде заң бұзылған жайттар ары кетсе 2-3% ғана. Қалғаны құқықтық сауаттың төмендігінен туған шағымдар.

– Сіз тек ипотекалық қарыздармен айналысасыз. Неге басқа несиелер шет қалған?

– «Банк және банк жүйесі туралы» заңның 30-бабы, 2-тармағында банк қызметіне қандай операция банк қызметіне жататыны жазылған. Шамамен 15 қызметтің тізімі бар. Оның ішінде ипотека, құнды қағаз, ақша айналымы мәселелері, төлем карталары бар.

Ал менің қызметім 40-бапта көрсетілген. Оның себебі, 2011 жылы осы заң қабылданарда ипотекалық жағдай өте күрделі болып, жарылардай күмпиіп тұрған, жарылды да. Соны тезірек шешу үшін заңға омбудсманның қызметін кіргізді. Сонда алдымен қайнап тұрған ипотека мәселесін кіргізген. Дегенмен, жаңағы заңда жазылған 15 шақты тізімдегі шараға маған кірісуге тыйым салынбаған.

Оның ішінде ипотекалық мәселелер бойынша мәселені қарап, шешім шығара аламын. Ол шешімді банк міндетті түрде орындау керек. Егер банк менің шешіміммен келіспесе, сот арқылы шешіледі. Ал қалған банк операциялары бойынша өтініш түссе мен қарай аламын. Бірақ оларға арнайы банк орындауы тиіс дейтіндей шешім шығара алмаймын, тек кеңес қана беремін.

– Банк омбудсманы банктердің қаражатымен күн көріп отырған тұлға. Халықтың емес, банктердің мүддесіне жұмыс істеп отырған жоқсыз ба?

– «Банк және банк жүйесі туралы» заңның 40-бабында банктер менің жұмысымды міндетті түрде қаржыландыруы керек деп жазылған. Мен оларға ақша сұрап қол жайып тұрсам әңгіме бір бөлек. Бірақ, заң оларды өз табысынан қаржы бөліп отыруға міндеттеп қойған. Екіншіден, мені банктер екі жылда бір рет құпия түрде сайлайды. Бір банк бір ғана дауыс береді. Осы екі жағдай банк омбудсманының тәуелсіздігін дәлелдейді деп білемін.

– Жақында парламент «Стресстік активтерді басқару туралы» заң қабылдады. Стресстік активтер деп банктердің қарыз үшін алып қойған мүліктерін айтамыз. Банктер сол тартып алған пәтерлерді қалай сату керек?

– Ипотекасын төлей алмай қалған жағдайда банк істі сотқа жеткізбей, кепілде тұрған мүлікті түрлі жарнамаға шығарып, сатып, негізгі қарызды жаба алады. Ескеретін бір жайт, бұлай сатылған жағдайда қарыз толық жабылады. Яғни, саудадан түскен ақша қарызды толық жауып, артылып қалса, оны қарыз алушының өзіне береді. Ал жетпей қалса, қалған бөлігін банк кешіру керек.

Ал сот шешімімен сатылған жағдайда құнын 45%-ға дейін төмендетуге мүмкіндігі бар. Одан түскен ақша негізгі қарызды жабуға жетпей қалса, қалғаны несие алушының мойнында қалады. Сол себепті, банктер сотқа жеткізуге тырысады. Ал оны арзан бағамен сатып алатын сол соттың айналасында жүрген алаяқтар. Үкімет оны түсініп, 2016 жылы заңға өзгеріс енгізіп, екі жағдайды да теңестірді. Алайда 2016 жылдың 1 шілдесіне дейін ипотека рәсімдегендер мәселесін әлі сол ескі заңмен шешіп жүр. Өйткені, заңның кері күші жоқ.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама