Қазақстан кәсіпкерлікті дамытуға 1,5 трлн теңге жұмсамақ
Бизнес ашқысы келетін қазақстандықтарға көмек көрсетіледі
Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба қалай жүзеге асырылып жатқанын түсіндірді, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Министрдің айтуынша, ұлттық жоба шағын және орта кәсіпкерліктің бәсекеге қабілетті секторын қалыптастыруға, экономикалық белсенділікті арттыруға және кәсіпкерлік субъектілері үшін тең жағдайлар жасауға бағытталған.
Ұлттық жобаны іске асыру төрт бағыт бойынша жүзеге асырылады: кәсіпкерлік белсенділікті арттыру, кәсіпкерлердің өсуін акселерациялау, жаңа тауашаларды қалыптастыру, бәсекелестікті кешенді дамыту. 10 міндет, 30 көрсеткіш және 69 іс-шара айқындалды, - деді министр Үкімет отырысында.
Ол жобаны қаржыландырудың жалпы көлемі былтыр 897 млрд теңгеден асқанын атап өтті.
«Оның ішінде республикалық бюджеттің үлесі – 271 млрд теңге. Биыл ұлттық жобаны іске асыруға 1 трлн 562 млрд теңге жоспарланған. Оның ішінде бюджеттен тыс қаражат 1 трлн 197 млрд теңгеден асады», - деді Әлібек Қуантыров.